Сәуле Жанпейісова Астанада Өнер орталығын ашады

Танымал әнші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова Астана төрінен өзінің өнер орталығын ашады. Бұл туралы әтілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Астанадағы өнер орталығымыз «Аманат» деп аталады. Бабалардың қалдырған аманатына, өнеріне адал болып, жалғастыра берейік деген мақсатта және жастарды тәрбиелеу үшін ашып отырмын. Келемін деушілердің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. Себебі өмірде өнерге қолы жетпей қалған адамдар болады. Немесе жас кезінен-ақ дәстүрлі әндерді айтуға қызығып жүретіндер де кездеседі. Өздерінің ынтасы, қабілеті болса, музыканың, өнердің қыр-сырын үйретеміз»,- деді Сәуле Стаханшылқызы.

Аталған орталық «Астана салтанаты» тұрғын үй кешенінде орналасқан.  Онда домбыра, қобыз, сырнай, жетіген аспаптарымен бірге қазіргі заманауи, әлемге танылған фортепиано, баян, скрипка, гитара сияқты музыкалық аспаптар бойынша дәріс беріледі. Сонымен бірге орталық концерттер мен мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Аманат» өнер орталығының салтанатты ашылуы 15 қазан күні (сағат 15:00) өтеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе