Бүгін Астанада ХІ жыл сайынғы республикалық «Тарих ата» олимпиадасының қорытынды туры басталады

Бүгін Астанада 5-10 сыныптар оқушылары арасында ХІ жыл сайынғы республикалық «Тарих ата» қашықтан өткізілетін олимпиадасының қорытынды туры басталады. Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.Олимпиаданың басты мақсаттары мен міндеттері - мектеп оқушыларының Қазақстан тарихына қызығушылығын арттыру, олардың өздігінен жұмыс істеу дағдыларын және жинақтаған білімдерін қолдана білуін қалыптастыру, патриотизмге тәрбиелеу болмақ.

Биылғы жылы республикалық «Тарих ата» қашықтан өткізілетін олимпиадасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылғанына 20 жыл толуына арналады.  

Олимпиаданың алғашқы қашықтан өткізілген турына Қазақстанның барлық аймақтарынан 1624 оқушы қатысқан болатын. Жартылай финалға 148 жеңімпаздар мен лауреаттар шықты, енді олар жүлделі орындар үшін бақтарын сынайды.

Конкурстың ашылу рәсімі сағат 10:00-да Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінде болады.

5-10 сыныптар оқушылары Қазақстан тарихынан тестілік тапсырмаларды орындайды. Одан кейін шығармашылық конкурста Қазақстан тарихының өзекті тақырыптарына эссе жазады.

Сондай-ақ олимпиада бағдарламасында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы жалпы білім беретін мектептер мұғалімдері үшін «Ұлттық тарихты оқытудың өзекті проблемалары» тақырыбында семинар өткізеді. Тыңдаушыларға сертификаттар беріледі.

ХІ республикалық қашықтан өткізілетін олимпиаданың негізгі әріптесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының кітапханасы. Олимпиада қатысушылары үшін кітапханаға экскурсия өткізіліп, Қазақстан Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы деректі фильм көрсетіледі. Мектеп оқушылары «Әлемді өзгертетін идеялар» интерактивтік білім кешенінде Елбасы бастамаларымен танысады және ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяғанмен кездеседі.

Сонымен бірге, олимпиада аясында оған қатысушылар ҚР Ұлттық музейінде болады.

Олимпиаданың жабылуы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы кітапханасында өтеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» РҒПО-ның  І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және грамоталарымен марапатталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Біздің Президент» және «Өзекжарды ойлар» кітаптары тапсырылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді даярлаған мұғалімдер «Дарын» РҒПО грамоталарымен марапатталады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе