Қазақ балаларының өз елінде тұрып өз тілінде оқуға мүмкіндігі болмауын ешқандай себеппен түсіндіруге болмайды -Қ. Айтаханов

АСТАНА. 1 Қазақ балаларының өз елінде тұрып өз тілінде оқуға мүмкіндігі болмауын ешқандай себеппен түсіндіруге болмайды.Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы қазақ мектептерінің жағдайын қозғаған депутат Қуаныш Айтаханов осындай мәселе көтерді. Осы жайын айта келе, сенатор Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Депутаттың сауал жолдауына 2012 жылғы 31 қаңтардағы Егемен Қазақстан газетінде жарияланған «Қазақ мектебінің ашылуына не кедергі?» атты мақала себеп болған.

«Мақалада автор қазақ өнерінің жұлдыздары Серке Қожамқұлов пен Қапан Бадыров, қазақ журналистикасы аталарының бірі Мұхамеджан Сералиндер туып өскен Қостанай облысы Қарабалық ауданында қазақ балаларының 80 пайызы орыс тілінде білім алатынын қынжыла айтады. Аталған ауданда 35 мектеп болса, соның 3-еуі ғана қазақ мектебі. Біреуі орта, екіншісі орталау, үшіншісі бастауыш мектеп болып табылатын осы мекемелерде бар-жоғы 224 оқушы оқиды. Бұл аудан оқушыларының 7 пайызын құрайды. Керісінше, қазақ балаларының 80 пайызынан астамы орыс тілінде білім алады», - дейді сенатор. Оның айтуынша, аудандағы Новотроицк ауылында 600 отбасы тұрса, соның тең жарымынан астамы қазақтар. Новотроицк орта мектебінде 137 бала білім алады, соның 115-і немесе 84 пайызы қазақ балалары. Еліміз тәуелсіздік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғалы 20 жылдан асса да Новотроицк ауылында туып-өскен бірде бір қазақ баласы қазақ сыныбына бармаған. Мақалада қалыптасып отырған жағдайдың себептерінің бірі мектептерде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің жеткіліксіз болып отырғаны атап көрсетілген.

«Шын мәнінде Егемен Қазақстан газетінің тілшісі өзекті проблеманы көтеріп отыр. Еліміз тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басқан тұста, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен мемлекеттік тілді дамыту туралы бағдарлама қабылданып, 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілін толық меңгеруі міндеті қойылып отырғанда, оны оқытуды мектеп қабырғасынан қолға алу керектігі талап етілген шақта қазақ балаларының өз елінде тұрып өз тілінде оқуға мүмкіндігі болмауын ешқандай себеппен түсіндіруге болмайды. Сондықтан Қостанай облысының Қарабалық ауданында қалыптасқан жағдай басқа өңірлерде де орын алуы мүмкін екендігін ескере отырып, республика көлеміндегі мектептерде мемлекеттік тілде оқытудың,  әсіресе қазақ жастарының қазақ мектептерінде, қазақ сыныптарына тартылып оқытылу  жайын зерттеп, кешенді іс-шаралар жүргізу қажет», - дейді Қуаныш Айтаханов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе