Оңтүстік Қазақстаннан 4 мыңға жуық бала ЭКСПО-ға тегін келеді

Оңтүстік Қазақстан облысынан 3,7 мың мектеп оқушысы ЭКСПО-ны тегін тамашалауға мүмкіндік алды. Осы уақытқа дейін Шымкент қаласынан 1200 бала Астанаға келіп, көрмені аралап қайтты. Алдағы уақытта облыстан тағы екі мың мектеп оқушысы келеді, деп тілшісі.«Бүгін біз тоғызыншы лекпен келдік. Әрбір лек сайын 150 мектеп оқушысы қамтылады. Барлығы - Шымкент қаласының балалары. Ал 24 шілдеден бастап біз облыс бойынша мектеп оқушыларын әкелеміз. Оңтүстік Қазақстанда 2 мың оқушының билеттері де, жол шығындары бюджеттен төленіп отыр. Себебі ол балалар - әлеуметтек жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелері», - дейді туристік фирманың өкілі Ғани Назарбек. 

Оның айтуынша, ЭКСПО-ны көрген балалар үлкен әсер алып қайтады. Энергияның қалай және қай жерде өндірілетінін, ал, ең бастысы, энергия үнемдеудің маңыздылығын түсіне бастайды. Пойызбен үйге бара жатқанда көрген-білгендерін талқылайды, тіпті өз жобаларын жасауға құлшыныс білдіріп жатады. «Мен өзім оларды әдейі әңгімеге тартып, мүмкіндігінше сұхбаттасамын. Балалар не түйді екен? Соны білгім келеді.Олар өз идеяларын ортаға салады. Мынаны істесем, қалай болады екен деп, тың туындыларын ұсынатындар да болады. Сол кезде сапардың бекер кетпегеніне көзім жетеді», -деп атап көрсетті Назарбек. 

Айта кеткен жөн, Оңтүстік Қазақстан облысынан ЭКСПО-ға келіп жүрген мектеп оқушылары Назарбаев университетінің жатақханаларында аялдайды. Сол жерде жатын орын, үш мезгіл тамақ және тағы басқа жағдайлар қарастырылған. Барлық шығындар бюджет пен демеушіліктің есебінен өтеледі.   

Екікүндік сапар ЭКСПО-2017 көрмесіне саяхат жасаудан басталады. Ал келесі күні мектеп оқушылары Астананың мәдени ошақтарын аралайды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе