Үкімет басшысы студенттермен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылады

Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Студенттер үйіне» барып, олардың жатақханадағы тұрмыс жағдайымен танысты және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылау мақсатында студент жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Кездесу барысында жастар мен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Олар: болашақ мамандықтары бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға арналған гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыруды ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету, кәсіпкерлік қызметке шағын несие беру тетіктері, үштілді білім беру мен қосарлы оқыту жүйесін енгізу, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында қабылданып жатқан шаралар инженерлік-техникалық қызметкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға және «білімділердің жылыстауына» қатысты мәселелерді шешуге жол ашады.

Жастар үшін білім алудың қолжетімді болуы айрықша маңызға ие. Президент «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші әлеуметтік бастамасы аясында жыл сайын бөлінетін 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлу туралы шешім қабылдады. Олардың 11 мыңы - Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында сұранысы арта түсетін техникалық мамандықтарға бөлінген.

Студенттік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында Үкімет жатақханаларда 75 мың орын дайындау бойынша жұмыстар атқаруда. Бүгінгі таңда 205 мыңға жуық студент басқа қалалардан келіп оқиды, олардың тек 67 мыңы жатақханаларға орналастырылған.

2018 жылы еңбек нарығын дамытудың негізгі бастамалары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндады, Білім және ғылым вице-министрі Т. Ешенқұлов Президенттің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасын іске асыру туралы баяндама жасады.

Мәселені талқылау барысында ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А. Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры О. Аяшев, сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Г. Дәрібаева, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті О. Әбдіхалық, Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясының студенті Б. Тоқтаров, ОҚМУ агроөнеркәсіп факультетінің студенті Е. Сейіт сөйледі.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе