Ұлттық тестілеу сынақтарын талапқа сай ұйымдастырудың маңызы зор - Қ.Әбдиев, «Ұлттық тестілеу орталығы» директоры

ОРАЛ. 15 Биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы айлар қалды. Ұстаздар қауымын, түлектер мен олардың ата-аналарын толғандыратын басты жайт - Ұлттық бірыңғай тестілеу екені айт­паса да белгілі. Ал ҰБТ-ның биылғы ерекшеліктері қандай, шектік балл қанша болмақ, тест сұрақтарына нендей өзгерістер енгізілді деген сауалдарға БҚО-да жұмыс сапарымен болған ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Қали Әбдиев былайша жауап береді.- Ұлттық бірыңғай тестілеу дегеніміз - емтиханның сырттай өткізілетін түрі. Бізге ең алдымен, осыны дұрыс түсіну және түсіндіру қажет. Бұл дегеніңіз, жай ғана емтиханның түрін өзгерте салу емес. Ең негізгі мәселе, білімнің сапасы мен деңгейіне сырттан бақылау жасау. Осы жайтқа мектеп те, оқушы да, ата-ана да дайын болуы керек. Яғни мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысу барысында бүкіл Қазақстан бойынша сайысқа түсетінін, өз білім деңгейінің республикадағы 162 мың түлектің білім деңгейімен салыстыра тексерілетінін жете ұғынған жөн. Көп жағдайда баспасөз бетінде, жеке әңгімеде ұстаздар мен ата-аналар ҰБТ-ны талқылауға кірісіп кетеді. Әрине, әр адам өз пікірін айтуға, мәселені талқыға салуға құқылы. Әйткенмен, ҚР «Білім туралы» заңының 28-бабының 9-бөлімінде егер мектеп бітіруші мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына түскісі келсе, ҰБТ тапсыруға міндетті екендігі анық жазылған. Сондықтан біз заңды орындауға міндеттіміз.

- «Ұлттық тестілеу орталығының» негізгі қызметі қандай?

- Біздің мақсатымыз - Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу. Біздің іс-әрекеттеріміздің бәрі де ҚР «Білім туралы» заңына, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне» сәйкес жүргізіледі. Одан басқа нұсқаулықтар мен үлгі-ережелер бар. Қазіргі таңда еліміз бойынша 154 тестілеу өткізу қосыны (пункті) бар. Олардың 105-і аудан орталықтарындағы мектептерде, 49-ы ЖОО-да орналасқан. Жыл сайын бізге пункттерді басқа мектептерге, мәселен, жаңа үлгімен салынған мектептерге ауыстыру туралы түрлі ұсыныстар түседі. Олардың барлығы биыл ескерілетін болады. Бірақ қосымша жаңадан қосындар әзірге ашылған жоқ. Оған рұқсат берілген жоқ. Батыс Қазақстан облысында бұрынғыша 9 қосын жұмыс жасайды.

- Тест сұрақтарын кімдер жасайды?

- Тест сұрақтары қайдан алынады, оларды кімдер жасайды деген сұрақтар жиі туындайды. Тіпті кейде Астанада кабинеттерде отырып алып, тест сұрақтарын ойдан шығарады деген сын да айтылады. Бұл, әрине, жаңсақ пікір. Шын мәнісінде бұл жұмыс бір жыл бойы жүргізіледі. Облыстық білім басқармаларының ұсын­балары негізінде барлық өңірлерден білікті, тәжірибелі ұстаздар сарапшылармен бірлескен түрде тест сұрақтарын жасақтайды. Бізде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарында тестология курсы өткізілмейді. Сондықтан тіпті тәжірибелі ұстаздардың өзі оның ерекшеліктерін жете түсіне бермейді. Сол себепті біз оларды алдын ала оқытамыз. Тест тапсырмаларын жасаушы авторлардың жұ­мысы сарапшылар бекіткен жағдайда ғана қабылданады. 2008 жылдан бері ҰБТ сұрақтары мен жауаптары мемлекеттік құпия болып саналады. Бұл жұмыстың бәрі «Мемлекеттік құпияны сақтау туралы» заңға байланысты жүргізіледі. Тест жасақтау жұмыстары арнайы жаб­дықталған бөлмелерде жүргізіледі, әр іс-әрекет бейнебақылау арқылы жазылып отырады. Тест тапсырмаларының базасынан да бөгде ешкім рұқсатсыз мәлімет ала алмайды. Сонау жылдары ҰБТ сұрақтары сатылады екен, бағасы пәлен, түген екен деген әңгіме айтылып жүрді. Әлдекімдер тіпті газетке «тест сұрақтарын жауаптарымен сатамын» деген мәтінде хабарлама да берді. Мұның барлығы - алаяқтардың ісі. Емтихан материалдарын жіберу үшін де біз арнаулы байланысты қолданамыз. Одан кейінгі жұмыс белгілі. Тестілеу өтетін күні тапсырмалар ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілінің қатысуымен тестілеу қосындарында ашылады.

- ҰБТ мен кешенді тестілеудің айыр­машылығы қандай? «Мектеп баламды ҰБТ-ға қатыстырмай қойды, кешенді тестілеуге қатысуға мәжбүр болдық» деп шағымданушылар да кездеседі.

- «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткерлер, ағымдағы жылғы оқушы­лардың ғылыми жарыстары мен жалпы білім беретін пәндер бойынша рес­публикалық олимпиадалардың жүлде­герлері және биыл ЖОО-ға түскісі келетін түлектердің барлығы міндетті түрде ҰБТ-ға қатысуы тиіс. Биыл республика бойынша 162 мың адам мектеп бітірсе, шамамен 80 пайызы тестілеуге қатысады деп күтілуде. Ал өткен жылдары мектеп бітіргендер мен оқу орнын шетелде бітірген азаматтар, ҰБТ-ға денсаулығы бойынша қатыса алмаған мектеп бітірушілер (ҚР БҒМ-нің бұйрығына сәйкес), ҰБТ-ға қатыспаған халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектепті бітірушілер және ҰБТ-ға қатыспаған, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы орта білім беретін мектепті бітірушілер үшін талапкерлерді кешенді тестілеу өткізіледі. Биыл колледж бітірушілерге байланысты өзгеріс болуы мүмкін. Бұрынғыдай колледж бітірушілер мамандықтары сәйкес келген жағдайда ЖОО-ға ҰБТ-сыз қабылданбайды, олар кешенді тестілеуге қатысу керек деген шешім шығарылды. Яғни техникалық, кәсіптік білімнен кейінгі бітірушілер 17 шілдеден басталатын кешенді тестілеуге қатысуы қажет. Кешенді тестілеуге өтініш қабылдау 20 маусымнан басталады.

Бұл жерде айта кететін мәселе, оқу­шылардың құқықтары шектелмеуі тиіс. ҰБТ-ға қатысу немесе қатыспау туралы шешімді оқушының өзі қабылдауы керек.

- Биыл ҰБТ өткізу барысында өзге­ріс бар ма?

-Пәндер бойынша өзгерістер жоқ. Бұрынғыдай математика, оқыту тілі (қазақ мектептерін бітірушілер қазақ тілі, орыс мектептерін бітірушілер орыс тілі), Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Әр пән бойынша тапсырмалар саны - 25. Биылғы жылғы басты өзгеріс - конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін шектік балдың өзгеруінде. Былтыр медициналық мамандықтарға - 55 балл, ал қалған мамандықтар бойынша 50 балл болғаны белгілі. Биыл еліміздегі ұлттық университеттерге түсу үшін шектік балл - 70. Олардың қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық педагогикалық университеті, Қазақтың ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақтың ұлттық техникалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кіреді. Басқа ЖОО-ларға - 60 балл. Бітіруші әр пән бойынша «4» деген бағадан кем емес балл жинауы тиіс. Өйткені одан кем болса, «2» деп есептеледі де, екілік алған мектеп бітіруші ЖОО-ға түсе алмайды. Бейіндік пән бойынша кемінде 10 балл алуы керек. Әр пән бойынша тапсырмалар саны - 25. Тестілеу уақыты - 3,5 астрономиялық сағат, яғни 210 минуттан тұрады.

Өткізу мерзімдеріне келер болсақ, өтініш қабылдау жылдағыдай 10 наурыздан басталады. Жылда он күн ішінде өткізілсе, биыл тестілеуді өткізу уақыты бес күнге ұзартылды. 2012 жылы ҰБТ 1-15 маусым аралығында өткізіледі. Шығармашылық емтихандар 7 шілдеге дейін аяқталады. Конкурстық комиссияның жұмысы 1-10 тамыз аралығында жүргізіледі. Грант иегерлерінің тізімдері жылдағыдай газет беттерінде жарияланатын болады.

- ҰБТ-ның өту барысын бақылау үшін арнайы құрылғылар қолданыла ма?

- Мемлекеттік комиссия 5 адамнан құралады. Тестілеу өткізілетін аудито­риялардың жалпы саны - 1724. Әр аудиторияда ҚР Білім және ғылым министрлігінің бір өкілі міндетті түрде болады. Оларға тәртіп бұзушыны өз шешімімен аудиториядан шығарып жіберуге өкілеттілік берілген. Биыл да тестілеуге кіргізу кезінде металл іздегіштер мен ұялы байланысты тұншықтыру қондырғылары пайдаланылады. Осының барлығы бақылауды күшейту үшін және әрбір оқушының өзінің әділ бағасын алуына жағдай жасау үшін қажет.

Өткен жылы Қызылорда облысының Жаңақорған қаласында ҰБТ барысында келеңсіз жағдай орын алғаны  белгілі. Біз тұңғыш рет емтихан нәтижесін қайта қарауға мәжбүр болдық. Сол жердегі мектеп директорлары, аудандық білім бөлімінің басшысы, мұғалімдер, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі, барлығы ұйымдасқан түрде ҰБТ болардан бір күн бұрын тестілеу материалдарын ашқан. Ертеңгі тестілеу кезінде жауаптарды оқушыларға сату үшін шамамен 30 мұғалім жиналып, жауаптарды шығарған. Мұғалімдер ата-аналардан ақша жинаған. Директорлар оны ұйымдастырған. Жауаптарды тура базардағыдай сатқан, тура тестілеу өтіп жатқан аудиторияда сауда болған. Қазір осы оқиға бойынша 4 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Басқа кемшіліктер де кездеседі. Олардың барлығын әдетте біз әр облыс бойынша саралап, министрлікке мәлімет беріп отырамыз. Біз ғана емес, ҰҚК де өз мәліметтерін береді. Кемшіліктерді болдырмау үшін не істеу керек деген мәселені біз жылда талдап, қарастырып отырамыз. Былтыр Батыс Қазақстан облысында да ұялы телефонды алып кіру, кезекшілердің өз балалары тапсырып жатқан аудиторияға кіру оқиғалары тіркелген.

- Апелляцияға өтініштер беруде өзгерістер бола ма?

- Апелляцияға өтініштерді беру уақыты тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14.00-ге дейін ұзартылды. Бұрын сағат 13.00-ге дейін қабылданатын. Шыны керек, біз бұрын да шектеу қоймайтынбыз. Егер шағымданушылар көп болса, белгіленген сағаттан кейін мүлдем қабылдамай қойсын деген қатаң талап қоймаймыз. Комиссия мүмкіндігінше өтініш-талаптарды қарастырып, жауап беріп, барлық жайтты мұқият тексеруі тиіс.

- Соңғы кездері мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханы екі бөлек өтеді екен деген әңгіме жиі айтылып жүр. Осы рас па?

- Біз оған дайындықты бастап кеттік. 2015 жылдан бастап мектеп бітіру емтиханы мен ЖОО-ға түсу емтиханы екі бөлек өтетін болады. Келесі жылы эксперимент түрінде болуы мүмкін. Оған дейін қалыптасқан форматпен, жинақталған тәжірибені ескеріп, Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін болады.

Биылдан бастап бастауыш мектептегі мемлекетаралық бақылау алынып тасталды. Оқу жетістіктерін сыртқы бағалау енді тек тоғызыншы сыныпта ғана болады. Онда да мектептердің барлығы емес, тек 10 пайызы ғана қатысады. Мектептердің нақты тізімі ақпан айының соңында анықталады. Нақты пән ретінде қазақ тілі белгіленді. Ал қалған үш пән жылда ауысып отыратындықтан, әлі белгісіз. Тест тапсырмаларының жалпы саны - 80, яғни әр пәннен 20 сұрақ болады деген сөз. Екі сағат уақыт беріледі. Бұған дейін егер мектеп оқушыларының басым бөлігі мемлекетаралық бақылаудан шектік балды ала алмаса, ол мектепке кезектен тыс аттестация өткізілуші еді. Биылдан бастап бұл талап та алынып тасталды. Оқу жетістіктерін сыртқы бағалау - тек мониторинг ретінде ғана өткізілетін шара.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе