2012 жылы 12 Зияткерлік мектептің құрылысы аяқталады

АСТАНА. 13 2012 жылы 12 «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» құрылысы аяқталады. Қазіргі уақытта елімізде 6 Зияткерлік мектеп жұмыс істейді, деп хабарлайды pm.kz сайты.«2012 жылы Павлодар, Петропавл, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтау, Қостанай, Қызылорда, Астана қалаларында 12 Зияткерлік мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Дайын болған мектептер біртіндеп іске қосылады», - делінген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымының баспасөз қызметінің хабарламасында.

2011 жылы Орал қаласында Зияткерлік мектептің құрылысы жалғасты. Ақтөбе, Атырау, Тараз, Шымкент, Петропавл, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Қостанай қалаларында 10 Зияткерлік мектептің құрылысы басталды. Қазіргі таңда елімізде Астана, Талдықорған, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында 6 «Зияткерлік мектеп» жұмыс істейді.

Айта кету керек, 2011 жылдың 1 қыркүйегінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған онлайн-семинарлар және оқушыларға арналған онлайн-сабақтар өткізіле бастады.

«Бұл жобалар мектептердегі сабақ берудің сапасын арттыруға бағытталып отыр. Оқушылар үшін математика, физика, химия, биология пәндері бойынша сабақтар өткізілсе, мұғалімдер үшін «Сыни бағалау» тақырыбына арналған семинарлар өткізілуде», - делінген хабарламада.

2011 жылы 160 онлайн-сабақ және 17 онлайн-семинар өткізілді. 2012-2013 оқу жылында да тағы бірнеше тақырыпқа арналған онлайн-семинарлар өткізу жоспарлануда.

Тағы бір айта кететін жайт, Зияткерлік мектеп оқушыларының 18,9 пайызы 2010-2011 оқу жылының қорытындысы бойынша түрлі халықаралық (Франция, Корея, Ресей, Кипр) және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар жарыстары мен конкурстардың жүлдегерлері атанды. Халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпаздарының ең көбі Астана (225 оқушы) және Көкшетау (216 оқушы) қалаларындағы Зияткерлік мектептердің оқушылары болып табылады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе