2015 жылға қарай барлық мектептер оқулықпен толық қамтылады - Апталық шолу

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Елбасы Милан қаласындағы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысты. Атап айтқанда, Президент «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.Қазақстан Президенті қазіргі қауіптер мен сын-қатерлерге лайықты жауап іздеу міндеті Еуропа мен Азия мемлекеттерін біріктірілген күн тәртібін қарастыруға мәжбүрлеп отырғанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы ретінде Еуразиялық өңірдің ықпалдастық әлеуетін ашуды атады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы құрлықтағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтың парадигмасын өзгерту қажет, бұл протекционистік кедергілерді жою мәселесінде нақты іс-әрекеттерге көшуді, нарықтарды ашып, өзара сауданы ұлғайтуды білдіреді. Мемлекет басшысы тағы бір бағыт ретінде жаһандық қаржы архитектурасының трансформациясын, қаржы секторындағы теңгерімсіздікті еңсеруді, халықаралық капитал қозғалысын реттеудің тиімді моделін әзірлеуді атады.

Елбасы жаңа қаржылық дәнекер көпірлердің қажеттігін айтты және бұл орайда өңірлік қаржы орталығы - Алматының үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Тұтас өңірді дамытудың тағы бір негізгі шарты көлік-транзит инфрақұрылымын нығайту, соның ішінде Еуропаның Азияға қысқа әрі қауіпсіз жолын қамтамасыз ететін Ұлы Жібек жолын жаңғырту болып саналады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технологиялар мен энергетикалық ресурстарға қолжетімділіктің маңыздылығына назар аударды. Қазақстан Еуропа мен Азия үшін тұрақты түрде энергетикалық ресурстар жеткізуші ретінде энергетикалық бағдарларды одан әрі әртараптандыруды күшейтуге күш салуда. Өңірдің орнықты дамуы үшін Еуразиялық Экономикалық Одақ негізгі буынына айналатын жалпықұрылықтық инфрақұрылым қалыптастыру басым маңызға ие болып саналады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Азия мен Еуропаға бір-бірін қайта тани түсу, өзара ықпалдастықтың мүлде жаңа негізін қалау қажет болып отырғанын атап өтті. Экономика және қаржы саласындағы халықаралық әрекеттерді үйлестірудің платформасына Қазақстан ұсынған «G-GLOBAL» бастамасы айналуы мүмкін.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан «Азия-Еуропа» форумының толыққанды мүшесі ретінде диалог пен ынтымақтастықты дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін айтты.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Миландағы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммиті аясында Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Екі елдің көшбасшылары сауда-экономика, инвестиция және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде өзара пікір алмасты.

Мұнымен қоса Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті. Кездесу барысында инвестиция, энергетика, сауда-экономика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды.

 

Оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды

Өтіп бара жатқан бұл аптада Парламент Мәжілісінде «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету проблемалары мен шешімдері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2015 жылы мемлекеттік қаражат есебінен мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтамасыз ету жоспарланып отырғандығын жеткізді. 

Министрдің айтуынша, оқулықтармен толық қамтамасыз ету процесі кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. «Оқулықтарды қайта басып шығарудың төрт жылдық циклына байланысты, қазіргі таңда бұл оқулықтарды сатып алу арқылы іске асады. Мектеп кітапханаларының кітап қоры оқу пәндерінің санына, сыныптағы оқушылар санына байланысты қалыптасады. Бүгінгі таңда Астана және Алматы қалалары, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Басқа өңірлерде, мәселен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Ақмола облыстарында әлі де мәселелер бар», дейді А. Сәрінжіпов.

Оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды.Бір оқулықтың басылып шығуына үш сарапшы қатысады: ғалым, әдіскер және білім беру ұйымының мұғалімі. Биыл шетелдік мамандарды тарту арқылы авторлар мен сарапшылардың біліктілігін арттыру басталды.

Сонымен қатар БҒМ республика мектептеріне оқулықтарды жеткізу жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. «Оқулық тапшылығы бойынша проблемалардың бірі оқулықтарды жеткізу жүйесіне қатысты болып табылады. Біз осыған қатысты арнайы комиссия құрып, ол бойынша оқулық тізімін бекіту мен оларды мектепке жеткізуге дейінгі тізбекті қарап, тексеріп шыққан болатынбыз. Оның барысында негізінен бірқатар проблемалар анықталды, соның ішінде оқулықтарды жеткізу жүйесі «ақауға» ұшырағаны, оған бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі белгілі болды», дейді А. Сәрінжіпов.

Оқулықтарды сатып алуды жоспарлауда да бірқатар олқылықтар орын алған. Соның ішінде жыл сайын қаржыландырудың жетіспеушілігі салдарынан оқулықты уақытылы сатып алудың дұрыс жоспарланбайтыны да анықталған. Республика бойынша оқулықтарға қажетті сұраныстың 3,6 пайызы қаржыландырылмай жатыр. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажет етілетін оқулықтарға 686 млн. 916 мың теңге кем қаражат бөлінген.

Айтпақшы, бастауыш мектептегі оқушының бір күнгі оқулығының салмағы 1,5-2 келіден аспауы керек  екен. «1-4 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып оқулықтары 400 грамнан, ал 7-10 сыныптар оқулығы 500 грамнан аспауы керек. Ал 11 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы алты жүз грамнан аспауы шарт. Бұған қосымша, бір оқушының бір күнге арналған оқулықтарының салмағы бастауыш мектепте 1,5-2 келіден аспауы керек. Ал сегізінші, тоғызыншы сыныптарда төрт келіден аспауы тиіс», деді Аслан Сәрінжіпов. 

 

Өз кезегінде Санитарлық-эпидемологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин былтырғы жылы 3-10 сыныптардың оқулықтары осы мәселелер бойынша толықтай теріс қорытындыға ие болғанын алға тартады. «Физика, алгебра, биология пәндерінің оқулығы санитарлық талаптарға сай емес, бұлардың салмағы артып кеткендіктен біз бір оқулықты екіге бөлуді ұсындық. Бір күндік сабақ кестесінің оқулықтары 1-3 сыныптар үшін 2 келіден аспауы керек. 8-9 сыныптардың бір күндік оқулығы 4,5 келіден аспауы шарт еді. Қазіргі уақытта бұлай болмай отыр», деді Ж. Бекшин.   

 

Ұлттық қордан ШОБ қолдауға бөлінген 100 млрд. теңгені игеру мәселелері талқыланды

Осы аптаның басында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет отырысын өткізіп, онда қаржы-экономикалық блок мәселелерінің кең ауқымы қаралды. Нақты айтқанда, Үкімет мүшелері мүлікті заңдастыруға, квазимемлекеттік сектор нысандарын жекешелендірудің екінші толқынына, Ұлттық қордан ШОБ қолдауға бөлінген 100 млрд. теңгені игеруге, сондай-ақ «Агробизнес-2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын жүзеге асыру барысына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған тақырыптар бойынша қаржы министрі Б.Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Е.Досаев, инвестиция мен даму министрі Ә.Исекешев, ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова баяндама жасады. Сонымен бірге Ұлттық экономика министрлігінің басшысы 2014 жылдың 9 айындағы «Ақбұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындылары туралы баяндады.

Е.Досаев хабарлағандай, «Ақбұлақ» бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға 2014 жылы 112,8 млрд. теңге қарастырылған, олардың ішінде ауыл мен қалада сумен жабдықтауды және су бұруды дамытуға 91,8 млрд. теңге бөлінген».

«2014 жылдың 1 қазанына жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар 63,64 млрд. теңге немесе есептік кезең жоспарына 97,9% игерді. Игермеудің басты себебі конкурстық процедуралардың кеш өткізілуі болып табылады, бұл жұмыс өнімділігі кестесінен қалуға және нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің орындалмауы қаупіне алып келді», - деп түсіндірді министр.

«Ақбұлақ» бағдарламасы «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасына (2015 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) ықпалдастырылғанын ескере отырып, Е.Досаев оны жүзеге асыруға өңірлік басымдықтар принципін жүзеге асыруға пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Алдыңғы кезекте тірек елді мекендерді, агломерация мен шектес аумақтарға енетін елді мекендерді, келешекте экономикалық өсім орталығына айналуға қабілетті даму әлеуеті жоғары ауылдарды ауыз сумен қамтуға назар аудару қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар үш жылдық кезеңде жобалауға және жүзеге асыруға жоспарланған жобалар тізімін үйлестіру қажет. Әсіресе, су қорларын толық барлау қажетті елді мекендердің тізімін үйлестіру аса маңызды», - деді министр.

Отырыс барысында 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Іс-шаралар жоспары бекітілді.

  

Қазақстан ДСҰ талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жояды

Осы аптада Сенатта салықтық тиімділіктер мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов Министрлік салықтық жеңілдіктер жүйесін жетілдіру шараларын әзірлеуге ғалымдарды тартуды жоспарлап отырғанын айтты.

Жиын барысында сенаторлар тарапынан салықтық жеңілдіктерге қатысты ғылыми негіздемелер ұсыну туралы мәселелер көтерілген болатын. Мұндай ұсынысты вице-министр де қолдайтынын білдірді. «Мен осы бағытта ауқымды жұмыстардың қажеттілігіне келісемін, ал ондай жұмысқа біздің шамамыз жетпеуі мүмкін, сондықтан да сырттан зерттеушілерді тартуымыз қажет. Зерттеу орталығының ғалымдары керек. Бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша мен министрге ұсыныспен шығып, онда Экономикалық зерттеулер институтының әлеуеті жетсе, соларға тапсырыс беру немесе Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, жаңа зерттеулер жүргізу мәселесін көтергім келеді», - деді М. Құсайынов.

Оның пайымынша, кешенді зерттеулер негізінен қазақстандық салықтық жеңілдіктер мен оларды жетілдіру жүйелеріне қатысты болып табылады.

Бұдан бөлек,  вице-министр Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жоятындығын мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, Ұлттық экономика министрлігі тиімсіз деп саналатын салықтық жеңілдіктерді жоюды ұсынған болатын. Бұл ретте ең бірінші кезекте Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерден бас тарту көзделіп отыр. «Бүгін қолданыстағы салықтық жеңілдіктер саны 281 болса, соның 118-і стандартты, ал 163-і стандартты емес. Осы стандартты топқа жатпайтын 163 салықтық жеңілдіктерді жіктедік.  Соның ішінде салықтық жеңілдіктердің 64-і немесе 39 пайызы халықтың жекелеген топтарына қосымша қолдауды қарастыратын әлеуметтік салықтық жеңілдіктер болып отыр. Ал салықтық жеңілдіктердің 67-ісі немесе 41 пайызын өндірісті дамыту мен жаңғыртуға, экономиканың басымдық берілген салаларына, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге қатысты экономикалық салықтық жеңілдіктер құрайды», - дейді М. Құсайынов.

Салықтық жеңілдіктерді қолдану тиімділігін бағалау жұмыстары негізінен бюджеттік, әлеуметтік және экономикалық тиімділіктер бойынша жүзеге асқан. «Осындай критерийлер негізінде біз бірінші кезекте жойылуы тиіс салықтық жеңілдіктерді айқындадық, бұлар - уақытша, жекелеген және ДСҰ ену барысында Ұйым талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктер», - деп атап өтті вице-министр Құсайынов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе