Ғұмар Қараш атындағы мектепке 500 дәптер табыс етілді - БҚО

ОРАЛ. 16 15 тамыз күні Қазталов ауданындағы Ғ.Қараш атындағы мектепке сыртқы мұқабасына ақын Ғұмар Қараштың бейнесі салынған 500 дәптер табыс етілді.«Жайық Пресс» ЖШС өткен жылдан бері сыртқы мұқабасында ұлт тұлғалары бейнеленген оқушы дәптерлерін шығарып келеді. Осы игі бастама жалғасын тауып, енді ойшыл ақын Ғұмар Қарашты дәріптейтін дәптер басылды.

 Қазталов ауданындағы Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясы бұл дәптердің алғаш болып 500 данасына тапсырыс берген болатын. Сол дәптерлерді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин аталмыш білім ошағынан келген өкілге салтанатты түрде табыстады.

- Ғұмар Қараш - насихатталмай, зерттелмей қалған ұлы тұлға. Ел үшін еңбек еткен азаматтарымызды дәріптеудің әр түрлі жолдары болса, олардың суреті бейнеленген дәптер шығару да - соның бірі. Жалпы, бүлдіршінді елжанды, патриот етіп тәрбиелеу үшін оның оқу-құралдарынан-ақ ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің идеологиясы көрініс табуы керек. Сол себепті мұны өзіміз жасамасақ, бізге өзге ел келіп ұлттық дүниетаным, тарихымыз бен тұлғаларымызды ұлықтап бермейді. Бұл дәптердің сыртындағы ұлт тұлғаларының бейнесі баланың күн сайын көз алдында болғасын жадында сақталады. Ал соңғы бетінде тұлғалардың өмірбаяндары мен ел үшін атқарған істері жазылған. Оны да жас өрендер санасына сіңіріп, сол тұлғалардай болуға ұмтылады, - деді Ж.Сафуллин.

-1997 жылы мектебімізге Ғұмар бабаның есімі берілді. Мектеп ауласына ақынның шағын мүсінін қойдық. Тоғызыншы жыл қатарынан ақынның атына кір келтірмей, білім сапасы жөнінен аудан бойынша алдыңғы орындамыз. Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысын өткізу мектебіміздің дәстүріне айналды. Сынып сағаттарында да жерлес қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын жеткіншектердің санасына құйып келеміз. Бұл дәптерді оқушыларымыз ұқыпты ұстары анық,- деді Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Нұрия Ибатова.

Мұқабасы түрлі-түсті, бағасы 75 теңге тұратын 36 беттік бұл дәптердің басылу сапасы жоғары. Сыртқы бетіндегі ұлы тұлғаның суреті мен бір шумақ өлеңі, туған даланың табиғаты көзді еріксіз тартса, соңғы бетінен жағасын Ғұмардың атасы мекендеген Қараш көлін көруге болады.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж Жаһаншаның суреті бейнеленген дәптерге тапсырыс бергенін, келешекте Лондон олимпиадасынан алтын медаль алып қайтқан жеңімпаздарымыз бейнеленген дәптерлер шығару да жоспарда бар екенін айтты. «Жайық Пресс» баспаханасынан бұған дейін ұлы Абайдың, Махамбет, Исатай, Сырым, Райымбек батырлардың, Құрманғазы, Дина күйшілердің суреттері басылған дәптерлер шыққан болатын.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе