Ислам банктері Қазақстандағы мектеп асханаларын қаржыландыруы мүмкін

Ислам банктері мектеп асханаларын қаржыландыруы мүмкін. Бұл жөнінде Исламдық қаржыландыру қауымдастығының президенті Ерлан Байдаулет Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандағы Исламдық қаржыландыруды дамыту тетіктері» жайында айта келе, осылай мәлімдеді.- Біз осы күндері «Астана» арнайы-кәсіпкерлік корпорациясымен келіссөздер жүргізу үстіндеміз. Нәтижесінде, Астана мектептеріндегі балаларымызды бір мезгіл тамақтандыру жүйесіне осы Ислам банктерін енгізіп көрсек пе деген ниетіміз бар. Бір ерекшелігі бұл жоба ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі болып табылмайды. Есесіне, өте пайдалы болады деп ойлаймын. Егер жүргізіп жатқан келіссөздеріміз сәтті аяқталар бола, жоба келер жылы жүзеге асуы мүмкін, - деді Ерлан Әлімжанұлы.

Сондай-ақ, брифинг барысында белгілі болғандай, елімізде келесі жылы Қазақстандағы Исламдық қаржыландыру жүйесін жан-жақты талқылайтын V халықаралық конференция өтетін болады. Ерлан Байдәулеттің айтуынша, жыл сайын өткізіліп тұратын мұндай жиын араға жыл салып барып, Алматы мен Астана қалаларында алма-кезек ұйымдастырылып тұрады екен.

- Жуырда ғана Ислам әлеміндегі аса ықпалды тұлғаларға берілетін дәрежесі жоғары марапаттың біздің ел басшысына берілуі Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бұған дейін мұндай сыйлық бар-жоғы үш қана тұлғаға берілгені және оның бұл жолғысы біздің елге бұйыруы осы кезге дейінгі біздің елде жүзеге асырылған жұмыстарға берілген лайықты баға әрі азды-көпті жауапкершілік жүктейді деп қабылдаған жөн. Мемлекет басшысы бұл салаға көп көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде, Қазақстанның Исламдық қаржы жүйесінде ілгерілеушіліктер көрініс беріп келеді, - деді сөз барысында Ерлан Әлімжанұлы.

Сонымен қатар, қауымдастық президенті Исламдық қаржы жүйесін түсіндіру жұмыстарын тереңдету керектігін де айтып отыр.

- Қоғам арасында Исламдық қаржыландыру жүйесін ел ішінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жандандыруымыз керек. Бізде Ислам қаржыландыру жүйесі туралы жалпылама түрде ғана айтылады. Ал жеме-жемге келгенде тереңнен талқыланған әрі сараптаудан өткен шынайы әрі ұғынықты етіп әзірленген материалдар топтамасы қалың бұқараға кеңінен таратылып жатқан жоқ. Бұл ретте біз еліміздің Ұлттық банкімен тізеқоса жұмыс істеуге мүдделіміз. Өйткені, заңдық нормаларымызды тездетіп, біріздендіруде бірқатар шаруаларды қолға алудамыз, - деді Ерлан Әлімжанұлы.

Оның айтуына қарағанда, уақыт өткен сайын ел арасында Ислам қаржыландыру жүйесі жайындағы ақпараттандыру жұмыстары енді-енді шындап қолға алына бастаған. Оның себебін, инвестицияланған жобалардың аса көлемді болуымен тікелей байланыстырған жөн екен.

- Алдағы уақытта еліміздегі Ислам банктері шағын және орта кәсіп иелерін қаржыландыруға көңіл бөлетін болады, - деді ол өз сөзінде.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе