Қазақстан ЕАЭО пен ЕО арасындағы іс-қимылды жолға қоюға мүдделі - Апталық шолу

2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, кейін интеграцияға Армения мен Қырғыз Республикасы кірген болатын. Содан бергі екі жыл ішінде біршама шаралар атқарылды, дегенмен экономикалық интеграциялық одақтың нәтижесіне баға беруге әлі де ертерек. Оның үстіне таза экономикалық мүдделілік шеңберінде құрылған одақтың қызметке кірісуі жаһандық дағдарыспен тұспа-тұс келгені белгілі. Бұған алпауыт елдер арасындағы қайшы санкцияларды қосыңыз. Дегенмен, экономикалық бірлестік қалыптасты, интеграциялық үдеріс тоқтаусыз жүргізілуде. Алда бекітілген жоспарларға сай атқарылатын шаралар да баршылық. Ең бастысы дағдарыс салдарынан туындайтын экономикалық қиындықтар мүше мемлекеттерді ыдыратпай, керісінше, бірлесе әрекеттесуге көбірек итермелейтіні байқалады. Осы аптада Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғыз мемлекеттері басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, онда Еуразиялық эко­номикалық одақты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланған болатын.Жоғары кеңестің отырысына жетекшілік еткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемде экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ның халықаралық байланыстары барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, былтыр Вьет­наммен еркін сауда ай­мағын құру туралы ЕАЭО-ның ал­ғашқы келісіміне қол қойылды. Ал қазіргі таңда Қытаймен, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ын­ты­мақ­тасу мәселелері жөнінде жұ­мыстар атқарылып жатыр. «Еуразиялық экономикалық одақ нарығы Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оң­түс­тік арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс. Одақ аясында тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы Қытай басшылығы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтың елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жоспарланып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы дүниедегі жағымсыз жайттардың барлығы сынақ екенін, оның ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі әрі тың­ғылықты жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды. «Өзара сауданың күрт тө­мен­деуін сезініп отырған қазір­гі кезде бізге осы қиын жағ­дайда өзара іс-қимылдың өзге жол­дарын табу мүмкіндігін іздес­тір­ген жөн. Бірлестік аясында ынтымақтасу бізге ресурстарды шоғыр­­ландырып, экономикалық тұрғы­дан бірлесе даму үшін қолай­лы жағ­дайлар жасауға мүмк­ін­дік бе­реді», - деді Қазақстан Пре­зиденті.

Айта кетерлігі, Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық ынтымақтастыққа да мейлінше мән беретін болады. Сондықтан да, ел басшылары шағын құрамдағы кездесуде ЕАЭО мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және Қытаймен келіссөз үдерісін бастау мәселесін талқылаған. Кеңес барысында мемлекеттер басшылары экономикалық одақтың болашағына қатысты жоспарланған шараларға тоқталып, өзара пікір алмасты. Мәселен, Ресей Президенті В.Путин ин­теграциялық бірлестіктің тиім­ді жұмыс істеуі үшін сыртқы серік­тестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты. «Одақтың өзге елдер­мен және интеграциялық бірлес­тіктермен экономикалық бай­ланыстарын одан әрі тереңдету туралы Қазақстанның ұсынысын қолдаймыз. Ең алдымен, бұл - Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдің өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны Қытайдың «Жібек жолы» бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ, қазақстандық серіктестердің Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз», - деді В.Путин.

Жиын барысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, онда Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы Еркін сауда келісімін күшіне ендіру, ЕАЭО-ға мүше мемле­кет­­тердің 2016-2017 жылдарға арнал­ған макроэкономикалық сая­са­тының негізгі бағдарлары, Сербия Республикасымен сау­да режімін унификациялау туралы келіс­сөздерді бастау секілді маңызды мәселелер қамтылды. Сонымен қатар, тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын, ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес, одақтас елдердің энергетикалық компаниялары серіктестерінің мұнай инфрақұрылымына тең жағдайда қол жеткізеді. Мұнай және мұнай өнімдерін экспорт салығынсыз, нарықтық бағамен шектеусіз көлемде сатып ала алады.

Айта кетерлігі, тұжы­рымдамаға сәйкес, 2025 жылы ЕАЭО елдерінде бірыңғай энергетикалық нарық құрылатыны көзделген.

 

Заманауи қару-жарақ пен әскери мүліктер көрмесі ашылды

Осы аптада Астанада «KADEX-2016» IV халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесі ашылды. Маусымның 5-іне дейін жалғасатын көрменің биылғы ерекшелігі - сек­цияларының саны 7-ге дейін кеңейтілген екен. Ондағы жаңалықтар ретінде ұшқыш­сыз ұшу аппараттары және ға­рыштық технологиялар, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету мүлкі, әскери саладағы IT-технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары, әскери саладағы роботты техника, әскери салада қолданылуы ықтимал баламалы қуат көздері бағытын қамтып отыр. 90 мың шаршы метрден астам ау­мақты алған көрмеге 350-дей қазақстандық және шетелдік компания, 40-тан астам ел, 3,5 мың адам қатысты.

Биылғы көрменің басты жаңалығы ретінде атап өтерлік және бір жайт, көрмеде алғаш рет Қазақ­станда құрастырылған «Ар­лан» атты бронды машина мен «Барыс» бронды транспортері көрерменге ұсынылды. Аталған ұрыс машиналары Қазақстан Қарулы Күштерінің қажеттілігін өтеу үшін отандық кәсіпорында шығарылған болатын. Айта кетерлігі, қазіргі күні Қазақстанның Қарулы Күштерінде мұндай техни­каға  балама жоқтың қасы.

Шетелдік қатысушыларға келсек, Ита­лияның «Beretta» компаниясы өз өнімін - ARX160A3, ARX300 ша­буылдау винтовкаларын, APX тапаншасы мен өзге де атыс қару-жарағы және жеке қорғаныс құралдарын көрмеге әкелген екен. Сондай-ақ, Sako (Tikka TRG 22/42 TRG -M10) мерген винтовкалары мен оған қоса берілетін өзге де керек-жарақтар ұсынылыпты. Көрмеге, сондай-ақ, шетелдік серіктестер мен еншілес ұйым­дардың шығарған әскери өнімдері: әртүрлі модификациядағы МИ-17 тік­ұшағы, Т-72A, T-72Б танктері қойылған.

Айта кетерлігі, дәстүрлі қару-жарақ көрмесін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аралап, отан­дық және шетелдік өндіруші­лердің әскери техникалары мен қару-жарағы ұсынылған павильондарды аралады. «Жалпы Қазақстан елімізде бар және кеңестік әскери-өнеркәсіптік кешенмен байланысты әскери техниканы қолданады. Сонымен бірге, өзге елдермен ықпалдастықтың, атап айтқанда, ҰҚШҰ аясындағы техникалық ынтымақтастықтың кешенді шаралары жүзеге асырылып жатыр. Ресеймен қару-жарақ шығару және кейбір кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру үшін бірлесіп жұмыс жүргізу жөнінде келісім бар. Еуропаның көптеген елдерімен де уағдаластыққа қол жеткізілген. Қазақстанда ең тәуір құрал-жабдықтарды қолдана отырып, өзіміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімізді дамытудамыз. Бір жағынан, бұл айтарлықтай шы­ғын әкеледі. Екінші жағынан, әскери өнеркәсіп елді индустрия­лан­дырудың ішкі жалпы өнім өсіміне үлес қосатын бір саласы болып саналады. Жалпы, бұл көр­ме бізге әлемнің ең заманауи қару-жарақтарын көруге мүмкіндік тудырады», - деді Президенті.

Көрменің алғашқы күні іскерлік бағдарлама бойынша «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Украина және Беларусь елдерімен 3 маңызды келісімшарт жасасты. Сонымен бірге, Қазақстанның «Қазтехнологиялар» компаниясы патрон зауы­тының алдағы уақытта шығаратын өнімін жеткізу туралы Біріккен Араб Әмір­лік­тері, Ұлыбритания және Болга­риямен 3 меморандумға қол қойды.

  

ҰБТ: Түлектер үшін толқыныс тудырған шешуші сәт басталды

Осы аптада елімізде мектеп түлектерінің басым бөлігі үшін толқыныс тудыратын шешуші сәт - Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тарыдай болып кіріп, таудай білім алып шыққандар, өткен жылдардағы білімін саралап, ұстаз еңбегін, ата-ана үмітін дәлелдейтін де кез бұл. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 маусымға дейін созылатыны белгілі.

Білім және ғылым мин­ис­тр­лігінің мәліметіне қарағанда, республика бойынша  биыл 121 092 оқушы: 83 330-ы - қазақ тілін­де, қалған 37 762-сі орыс тілінде мектеп бітіреді. Осылардың ішінде бақтарын сынап, тест тапсыруға 86 991 түлек тілек білдіріпті. Яғни, мектеп бірітушілердің 72 пайызы бақ таластырады деген сөз.

Ұлттық бірыңғай тестілеу барлығы 166 пунктте өтеді. Оның 116-сы аудан, 50-і облыстық орталықтарда, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының ғимарат­тарын­да орналасқан. Бұл орындарда сынақ тапсыратындардың саны бір күнде 600 түлек болады. Түлектерге қатысты талап та өзгеріске ұшырамаған: 5 пән бойынша тест тапсырады. Бас-аяғы 3,5 сағат ішінде 125 сұрақтың жауабын белгілеуі тиіс. Жоғары оқу орнына түсемін деген түлектер кемінде 50 балл жинауы қажет. Ал ұлттық университеттерде білім алғысы келетіндердің көрсеткіші 70 балдан төмен болмауы керек.

Тоқтала кететін жайт, биылғы өзгерістің бірі - сынақтан сүрінгендер үшін қайтадан, екінші рет тест тапсыруға мүмкіндік беру. Бұл түлектердің жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру үшін жасалып отыр. Айта кетерлігі, сынақтан екінші мәрте өткендер білім грантына ие бола алмайды, тек ақылы бөлімге ғана қабылданады.

Министрліктің деректеріне келсек, ҰБТ-ның алғашқы күні 2277 қазақстандық түлек 50 баллдық көрсеткішке жете алмаған. «Бірнеше рет тәртіп бұзу себебінен 4 түлек тестілеуге қатыстырылмады. Олардың нәтижелері жойылды. 8522 рұқсат етілмеген зат қолданыстан алынды (2015 ж. - 7 712). 2277 түлек (12,6%) 50 балл көрсеткішіне жете алмады (2015 ж.- 3 478 - 18,4%), - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Еске сала кетейік, ҰБТ 44 пунктте өткізілді. Тестілеуге өтініш берген 18 599 түлектің 17 934-і қатысты (96,4%). 3834 түлек тестілеуде 100-ден жоғары балл жинады. Алматының 3 оқушысы рекордтық 125 балл жинаған.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе