Шатасып Шамға аттанған қыз-келіншектер кімдер

Елімізде биыл «Жусан» операциясы басталып, Сириядағы ДАИШ ұйымының (Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті – ИШИМ немесе ИСИМ) аймағында болған жерлестерді Қазақстанның арнайы қызметі бірнеше кезеңмен елге жеткізгені белгілі. Барлығы 516 адам, олардың 357-і — балалар.

ДАИШ тобының қол астында әлем бойынша 86 елдің адамдары болса, сол елдер өз азаматтарынан бас тартып, тіпті кей мемлекеттер азаматтықтан шығарып тастап жатқанда, қазақ елінің «Отанын тәрк етушілерді» арнайы жобамен елге қайтарып, басынан сипап, бауырына басуын әркім әрқалай бағалауда. Өз отандастарымызды айтпағанда бүкіл араб елдері қазақстандық биліктің қайырымдылығына қайран қалып жатқанын да білеміз. Мен тілдескен бір топ әйелдің біреуі дүнген, қалғаны қазақ ұлтының өкілдері болды. Арасында жоғары білімділері, еліміздегі беделді университеттердің түлектері, сондай-ақ үй шаруасындағы әйелдер де бар. Еліміздегі ордалы университетте маманданған, бірақ кейінгі уақытта төрт баласының тәрбиесімен үйінде отырған орта жастағы келіншектің күйеуі құзырлы орындарда қызмет еткен. Ислам дініне 2002 жылдары күйеуі үйретіп, отбасында Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдап, Мухаммад Абдул-Уахабтың кітаптарын оқи бастаған. «Сіз көп балалы отбасында тәрбиеленіпсіз, он баланың ең кенжесі екенсіз. Сонда сол уақытқа дейін халқымыздың дәстүрлі ұстанымы, имам ағзам Әбу Ханифа, ханафи мәзһабы жайлы естігеніңіз бар шығар?» деген сауалға жауап берген ол ислам дінінен мүлдем бейхабар болғанын айтқан. Тек күйеуінің айтуымен намазға жығылып, 2014 жылы үйлерін сатып, ата-ана, ағайын-туысқа айтпай, Сирияға «Ислам халифатында» өмір сүруге аттанған. Алайда 5 жыл тұманның ішінде, соғыстың ортасында күйеуі мен жалғыз ұлынан айырылып, үш қызымен елге жеткізілді. «Сирияға сапарыңыз сізге не берді?» дегенде кемсеңдеп жылай берді, күйеуіне көзсіз сеніп, соңынан боталарын жетектеп кете барған шерлі ананың ішкі әлемі өкініштен алай-дүлей болып жатқанын аңғару да қиын емес еді... Бұл келіншек қақтығыс аймағында көп қиыншылық көрді. Оған психологиялық тұрғыдан көмек қажет. Қазір мамандар бұл кісімен жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Оған діндердің рухани және моральдық компоненттері, әйелдердің рөлі мен әлеуметтік мәртебесі, қазіргі қоғамдағы аналар, деструктивті діни бірлестіктерге қарсы тұру мәселелері түсіндірілді. Айша КЕҢЕСБАЙ дінтанушы-журналист
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе