Алматы қаласының Наурызбай ауданында 1,5 млрд. теңгеге жаңа мектеп салынады - Б. Байбек

Алматы қаласының Наурызбай ауданында таяу уақытта 1,5 млрд. теңгеге жаңа орта мектеп салынады. Оған бюджет ақшасы жұмсалмайды. Мектеп құрылысын әлеуметтік жауапкершілік аясында бизнес құрылымдар өз мойнына алды. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен Іскерлік кеңес барысында қала басшысы Бауыржан Байбек мәлім етті.«Наурызбай ауданына жаңа орта мектеп ауадай қажет. Сондықтан, қала кәсіпкерлері бұл жұмысты өз мойындарына алып отыр. Оған бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Бюджет көлемі шексіз емес. Біз қазір кәсіпкерлермен Наурызбай ауданында енді жаңа емхана салу мәселесін талқылап жатырмыз. Мемлекет бизнеске қолдан келген көмектің барлығын жатыр. Бизнес те өз кезегінде әлеуметтік нысандарды салуға көмектесуі тиіс. Біз мысалы, «Қазкоммерцбанкпен» ынтымақтастық жөнінде 2018 жылға дейінгі аралықты қамтитын Меморандумға қол қойдық. Банк қала аумағында 300 млрд. теңгеге әлеуеттік жобаларды жүзеге асыратын болады», - деді Б. Байбек.

Сонымен қатар, әкім Алматының келешегі ғылымды қажет ететін, шикізаттық емес экономикаға бағытталатындығын, сондықтан қызмет көрсету, өңдеуші өнеркәсіп, қызмет көрсету, туризм секілді салаларды дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігін айтты.

«Бұл жерде кәсіпкерлердің рөлі үлкен. Бүгінде шағын және орта бизнесті  Алматы экономикасының жүйкесі деуге болады. 2014 жылы қаланың өңірлік жалпы өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі 30 пайызды, ал салықтық түсімде 70 пайызды құрады. Яғни, шағын және орта бизнес нарық өзгерістеріне ең алдымен ден қоятын сала. Мысалы, қазір қымбат тұрғын үйлер, пәтерлер сатылмай жатыр. Демек, арзан құрылысқа бет бұру қажет. Заманауи технологиялардың күшімен тұрғын үйлердің шаршы метрінің бағасын 600-700 долларға дейін түсіруге болады Тағы бір айта кететін жәйт, қалада пайдаланылмай жатқан жерлер жетерлік. Оларды да тезірек нарық айналымына енгізген жөн», - деді Б. Байбек.

Сөз соңында Алматы қаласының әкімі Универсидаға салынып жатқан атлетикалық ауылдың болашақта студенттік қалашыққа айналуы мүмкін екендігін айтты. Дегенмен, бұл мәселе қазір әлі де талқылану үстінде.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе