Бостандық ауданында 27 жекеменшік балабақша ашылды

Бостандық ауданында 27 жекеменшік балабақша ашылды. Бұл туралы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов халықпен есепті кездесуінде айтты, деп тілшісі.

«Ауданда 29 мемлекеттік және 89 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Жалпы Алматыда балабақша жасындағы 10595 бүлдіршін бар. 3 жастан 6 жасқа дейінгі 2 936 бала кезек күтіп тұр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшаларға кезекті қысқарту үшін былтыр 27 жекеменшік балабақша ашылды», - деді Алтай Рахымбетов. Оның айтуынша, жалпы орта білім беру жүйесіне 56 ұйым кіреді. Бостандық ауданында 42 935 оқушы бар болса, мектептердің қуаты 25 873 шамасында болып тұр. Оқушылар орындарының тапшылығын қысқарту үшін мектептердің негізгі ғимараттарына қосымша құрылыс салу бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 1200 орындық №125 жалпы білім беретін мектепте сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды. 1100 орындық №40 мектепке және сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған №9 мамандандырылған (түзету) мектеп-интернатына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. № 21 гимназия аумағында №189 балабақшаның құрылысы аяқталып қалды. Сондай-ақ, «Асылтау Тау» тұрғын үй кешенінің аумағында әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 195 орындық №191 балабақшаның құрылысы аяқталды. «Оқушылар орнының тапшылығын азайту үшін былтыр №105 мектепке қосымша ғимарат салынды. Қазір осындай жапсарлас ғимараттың құрылысы № 140 мектепте де жүргізіліп жатыр. Кезекте №65 мектеп тұр. Бұл әр білім шаңырағына қосымша 300 оқушы орналастыруға мүмкіндік береді», - деді Алтай Рахымбетов. Сондай-ақ былтыр №38 және №60 гимназияға қосымша ғимарат құрылысына жобалық сметалық құжатта әзірленген.
4600
    Iздеу

    Күнтізбе