Профессор Нұргүл Нұрманбетқызы: Тарихи білімді жүйелеу - заман талабы

АЛМАТЫ. 31 «Елдің саяси дамуындағы әрбір жаңа бетбұрыс тарихи білім жүйесіне реформа жасаумен қатар жүргізілгендіктен әлеуметтік-саяси дағдарыстар тарихи білімнің де дағдарысына әкелді», - дейді Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Нұргүл Нұрманбетқызы.Ғалымның пайымдауынша, қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер - бiлiм беру жүйесiнде, соның iшiнде мектепте және жоғары оқу орнында Қазақстан тарихынан бiлiм беруде, жастарды азаматтық пен елжандылыққа, өз Отанына сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу, жаңа адамды қалыптастыру, дамыту және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу қажеттiлiгiн жүзеге асыруды талап етедi. Отан тарихын оқытуда оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, олардың бiлiктерi мен шеберлiктерiн қалыптастыру, өздiгiнше бiлiм алуға деген ынтасын арттыру, оны өз тәжiрибесiнде жаңа жағдайларға байланысты қолдана алу, ой-пiкiрiнiң дербестiгi мен еркiндiгiн кеңейту - өте маңызды мәселелер болып табылады.

«Кеңес дәуіріндегі тарихи білім адамға, мемлекетке және қоғамға қатынасты бейнелейтін әлеуметтік идея түрінде дамыды. Тарихи білімнің дамуына идеология мен мемлекеттік саясаттың үлкен ықпалы болды. Кеңес жылдарындағы тарихи білім, мемлекеттің түрлі саяси мүдделерін іске асырудың құралы ретінде көрінсе, тарихты оқытудың мақсаты анық таптық сипат әлпетінде болып, қоғамдық қатынас өзгерістеріне бейімделді. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық өміріндегі түбірлі өзгерістер, ең алдымен тарихи білім жүйесін жаңартуды өткір қойып отырғанда, тарих қойнауында жинақталған бағалы тәжірибелерге назар аударудың маңызы зор. Тарихи білімді дамыту барысындағы өткен тарихтағы оң тәжірибелерді меңгеруде, оны сын тұрғысындағы терең ғылыми ой-елегінен өткізу арқылы талдап-бағалай отырып, жіберілген кемшіліктерді анықтауқазіргі білім жүйесіндегі Қазақстан тарихын оқып-үйренуді жетілдірудің қуатты факторының бірі болып табылады», - дейді Нұргүл Нұрманбетқызы. Оның сөзіне қарағанда, кез келген мемлекеттің прогрессивті даму өрісі тарихи білімнің шынайылылығымен өлшенсе, ол әр елдің ғасырлар бойғы ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға бейімделген саясат белгілей білуіне байланысты. Сондықтан тарихи білім беруді жаңа сатыға көтеру үшін бірқатар іс-шаралар жүргізілуі қажет есептейміз. Ол үшін бірінші, өткенімізді тану контексіндегі зерттеу әдістеріне сүйеніп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде ел тарихының дамуына енген тың деректерді білім және ғылым жүйесіне енгізуді тездету қажет. Екінші, Қазақстанның ежелгі тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі оқиғаларды, ірі мемлекет қайраткерлерінің өмір сүрген жылдарын, тарихи ұғымдарды, терминдерді бірізділікке түсіру керек. Үшінші, студенттердің тарих пәні бойынша білімін тексеруді тестік жүйеден ауызша емтихан жүйесіне көшіруіміз қажет. Төртінші, тарихшы және әдіскер ғалымдардың соңғы жылдардағы өзгерістерді сараптап, «Қазақстан тарихы» курсына қосымша оқушыларға және мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік құралдарын шығару мәселесі қолға алынуы қажет. Бесінші, мектеп және жоғары оқу орнында да оқулықтың басты қызметі олар өзінің оқырманын тәрбиелеулері керек. Қазақ халқының тамаша ерлік істері, халық өз ортасынан шығарған тарихи тұлғалар оқулықтарда әсерлі де, тартымды баяндалуы керек. Сондай-ақ, тарихымыздың саяси-әлеуметтік келеңсіз және қаралы беттері де оқырманның жан дүниесіне әсер ететіндей әсерлі тілмен берілуі тиіс. Сонда ғана оқулық өзінің тәрбие беру ықпалын сақтай алады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе