ОҚО әкімі Ордабасы ауданындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, елдің әлеуметтік даму бағытымен танысты

АСТАНА. 29 Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Ордабасы ауданында болып, аудандағы өзекті мәселелермен, іске асып жатқан жобалармен танысты. Сондай-ақ облыс басшысы Ордабасы аудан әкімінің үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары және әлеуметтік-экономикалық картасы жөніндегі баяндамаларын тыңдады. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.Өңір басшысы алдымен Шұбарсу ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер М. Ысқақтың жекеменшік балабақша құрылысымен танысты. 300 орындық «Айару» балабақшасының жобалық құны 486 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылғы 30 қазанда пайдалануға берілмек. Бұл жерде облыс әкімі Сайрам ауданында 1000 орындық балабақшаның құны 500 млн. теңге екенін айта отырып, ауданда бүгінгі таңда 5 жекеменшік балабақша салынып жатқанын ескеріп, оның мердігерлерін сол нысанмен танысуды ұсынды. Жалпы, іске асқан ұтымды жобалардың базасында кәсіпкерлерге арналған шеберлік дәріс өткізу үрдісін енгізу керектігі айтылды.

Облыс әкімі аялдаған келесі нысан Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебі болды. Мұнда Асқар Исабекұлы аудандағы білім саласы бойынша өзекті мәселелерді тыңдады. Ауданда 5 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 2 апатты жағдайдағы мектептердің жаңа ғимараттары. Аймақта Достық бастауыш мектебі ыңғайластырылған ғимаратта орналастырылған. Ғимарат сыйымдылығы 227 оқушы болса, мұнда 871 бала 3 ауысымда білім алуда.

Одан соң облыс әкімі «Ордабасы құс» ЖШС жаңа күркетауық фабрикасының құрылысымен танысты. Күркетауық өсіріп, бордақылайтын, сойып, терең өңдейтін бұл кәсіпорында 370 адам қызмет атқарады. Өндірістің қуаттылығы жылына 4828 тонна күркетауық етін шығарып, ел аумағына, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына, Челябинск, Новосибирь облыстарына жеткізіледі. Бұл жобаның екінші кезеңі индустриаландыру картасына еніп, қуаттылығын 8110 тоннаға жеткізу көзделуде. Инвестжобаның құны 1 млрд. 728 млн. теңгені құрап, «Қазагроқаржы» АҚ-ы арқылы қаржыландырылды. Кәсіпорын тынысымен танысқан облыс әкімі мұнда қуаттылығы 100 тонна құрама жем шығаратын зауыт жұмыс істейтінін айтып, фабриканың өз қажеттілігі 65 тонна екендігін ескерді. Қалған құрама жемді мал шаруашылықтарына ұсыну керектігін ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырды.

Облыс әкімі осы сапары барысында Бөржар ауылдық округіндегі «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің бидай ору науқанын да аралап көрді. Оның барысында әкім жуырда ғана өңірдің селекционер-ғалымдары «Ордабасы» қой тұқымын шығарғанын ескере отырып, осы етті қой тұқымын шаруашылықтарға тарату мәселесін жолға қою керектігін айтты.

Ауданның кәсіпкерлік орталығында болған А. Мырзахметов мекеменің еншісіне тиген ғимаратқа көңілі толмайтынын жеткізді. Кәсіпкерлікті дамыту үшін оған ең алдымен жағдай жасау керектігін ескертті.

Жұмыс сапары аяғында аудан әкімдігінде аудан активімен кездесу өткізіп, әкімдіктің алты айда атқарған жұмыстары мен әлеуметтік-экономикалық карта жайлы есебін тыңдады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе