Алматылық оқушылардың жұмысы Бельгиядағы Expo-Sciences International көрмесінде жоғары бағаға ие болды

Брюссельде (Бельгия) 19-25-ші шілде аралығында «Expo-Sciences International-2015» деп аталатын XV халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы көрмесі өткен болатын. Соған қатысып қайтқан Алматыдағы  М. Ганди атындағы нөмірі №92-ші мамандандырылған лицей оқушылары бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп, алған әсерлерімен бөлісті.   

Бұл көрмені жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығына қолдау көрсетуші MILSET халықаралық қозғалысы ұйымдастырған. Ол 90-нан астам елдің жастармен жұмыс атқаратын ғылыми орталықтарын, қауымдастықтарын біріктіреді. 

Нөмірі №92-ші мамандандырылған лицейдің директоры, қазақстандық делегацияның басшысы Ерұлан Жиенбайдың айтуынша, екі жылда бір рет өтіп тұратын бұл көрмеге 60-тан астам елден делегациялар қатысты. 12 жастан 25 жасқа дейінгілер өз жұмыстарын халықаралық деңгейде ұсынып, белгілі ғалымдардың бағасын алды.     

«Біз өз жұмысымызды басқалардан артық деп ойлаған жоқпыз. Бірінші кезекте бұл біз үшін үлкен тәжірибе. Әрине, Германиядан, Ресейден келген жастар көш басында жүрді. Олар  ғылыми теорияларды терең меңгергендіктерін көрсетті, - деді Самал Бөкеева.

Самал «Нашар көрушілерге арналған қалпақ» деп аталатын жұмыстың авторы. Бұл қалпақ ультра дыбыс арқылы кедергілерді анықтап, тербеліс арқылы нашар көретін адамға жол сілтеп отырады. Көрмеге жалпы бес қазақстандық жоба ұсынылыпты. Олардың авторларының барлығы медальдармен және сертификаттармен марапатталды.

«Экспо-2017» халықаралық көрмесін өткізуші елдің өкілдері ретінде біз оны барынша насихаттауға тырыстық. Көп адам қызығушылық танытты. Өйткені болашақтың энергиясы тақырыбы жас ғалымдарды қызықтыратыны сөзсіз», - деді лицей директоры.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе