Профессор: Діннің саясилануы мемлекеттік саясаттың белсенділігін қажет етеді

– Біздің елімізге геосаяси ықпал мен діни болмыстың динамизмін ескеретін Рухани қауіпсіздік стратегиясы қажет. «Қазақстан дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов осылай деді, деп тілшісі.

«Руханият, дүниетаным, идеология саласындағы жұмыстар өте күрделі, нәзік, былайша айтқанда мылтықсыз майдан. Мен осы рухани қауіпсіздік аясында мемлекет пен діннің, жалпы діндер арақатынасын қалай жетілдіруге болады деген мәселенің төңірегінде сөз өрбітпекпін», - деп бастады сөзін Бақытжан Сатершинов Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында. Профессор руханият саласында діннің рөлі ерекше зор екенін айтады. Сөзіне құлақ ассақ, әлеуметтану тұрғысындағы әртүрлі зерттеулерге қарағанда Қазақстан халқының 60-тан 90 пайызға дейінгі бөлігі дінге сенеді. «Әрине, олардың басым бөлігі діни ғұрыптары атқармағанымен, Жаратушының барын мойындайды. Сондай-ақ, халықтың дінге сенбейтін бір бөлігін атеистер құрайды. Елдің конфессиялық картасы барынша құбылмалы болып отыр. Сондықтан, діни болмысқа үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстау қажеттігі туындайды. Дін саласындағы мемлекеттің преметивті қадамдарына үлкен көңіл бөлуі керектігі аңғарылады», - деді ол. Бақытжан Сатершинов діни фактордың Қазақстан қоғамына әсері әрқилы екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, ол айқын формасында көріне бермейді. Сондықтан, қоғамдық сана оны қарама-қайшылықты тұрғыда қабылдайды. «Бір жағынан Қазақстандағы конфессияаралық бейбітшілік пен келісім біздің игілікті жетістігіміз әрі біздің дінаралық қарым-қатынасымыз халықаралық аренада табысты деп мойындалады. Екінші жағынан бізде діни ахуалды алдын ала болжауға келмейді. Отандастардың бір бөлігі бүркемеленген діни әрекеттерге барады. Дәстүрлі емес діндердің, пульттердің, қозғалыстардың дінге тарту үдерістері сан түрлі амал-айлаға көшкен. Діндарлардың немесе діншілдердің келесі бір бөлігі діни радикализм дертіне шалдыққан. Діннің әртүрлі қызметтерінің, оның ішінде дүниетанымдық, танымдық сипаттарының алмасуы барысында діни санасы мен практикасында дүниетанымдық мәдениет беки қоймаған азаматтардың бойында тұлғалық жартыкештік, әлеуметтік мәдени тұрғыда тайғанақтық үрдістері байқалады», - деді қоғамдық бірлестік төрағасы. Бақытжан Сатершинов сондай-ақ, діннің саясилануы салдарынан дәстүрлі діндарлардың рухани сабақтастығына сызат түсіріп, қазақстандық жамағаттың діни бірлігіне нұқсан келуі мүмкін екенін сөз етті. Бұл үрдістер дін саласындағы мемлекеттік саясаттың белсенділігін қажет етеді. «Жат жерлік діни ағымдардың шиеленісті, кейде тіпті агрессивті ықпалының өсе түскен жағдайынан Қазақстанның діни және мәдени келбетін өзгертуге деген ұмтылысты аңғаруға болады. Сондықтан, діни қауіпсіздіктен тікелей туындайтын елдің рухани қауіпсіздігі бүгін өзекті күймен көзге түсіп отыр. Әлемдегі өркениетті елдердің басым көпшілігінің діни және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзіндік ерекшеліктері мен тетіктері бар. Біздің елімізге де геосаяси ықпал мен діни болмыстың динамизмін ескеретін Рухани қауіпсіздік стратегиясы қажет. Діни саясат бұрынғы инертті декларацялық сипатынан арылып, мемлекеттің зайырлы негіздерін проактивті насихаттайтын реформаторлық арнаға түсуі құпталады», - деді ол. Профессор өз сөзінде атап өткендей, Қазақстанда осы уақытқа дейін дінаралық келісім насихатталып келген. Ол бағыт жемісін де берді. Ал қазір мемлекет пен діндер арасындағы қатынаста зайырлылықты осы келісімнің кепілі ретінде насихаттаған жөн. «Діни саясатты демократияландыру – плюрализмнің орнығуына септігін тигізеді. Мемлекет дін саласына араласпаса, зайырлылықтың егемендігін жоғалтуға да болады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет. Онда мемлекет пен діни бірлестіктер бір-бірінің ісіне қол сұқпайтыны бекітілген. Алайда өмір шындығы алуан түрлі әрі көп өлшемді. Кей жағдайда мемлекет те, діни бірлестіктер де өз позициясын лайықты түрде ұстамайтын жағдайлар болады. Өзінің радикалды нұсқаларындағы діни ағымдар қоғамның тұтастығы мен мемлекеттің қауіпсіздігіне белгілі бір деңгейде қатер төндіреді. Оның қазіргі әлемнің көптеген елінен көруге болады. Таразының ең басын тең ұстайтын стратегия қажет», - дейді ол.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе