Академик Арыстанұлы

Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов бірегейлігі мен ауқымы, мемлекет үшін жасаған қызметінің маңыздылығы, Отанға деген қалтқысыз қызметі, қарапайымдылығы және адамгершілігімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын ерекше тұлға еді. Айтулы ғалым 90-ға толады. Оның Қазақстандағы заманауи ғылым мен университеттік білімнің негізін қалаған көрнекті ғалымдар қатарында өз орны бар, деп жазады "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласында  Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев. - Ғалым-энциклопедист, ерекше жалынды әрі батыл ой-пікірдің адамы. Ол біздің елдегі ғылыми танымның беделі мен мәртебесін лайықты жоғары деңгейге көтерді, өз теориялық және тәжірибелік зерттеулерімен қазақстандық химия ғылымы мен өнеркәсібінің жетістікке жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, ғылыми мектеп құрды.

Евней Бөкетов жас кезінен бар өмірін ағартушылық іске сарп еткен, өз халқының ұлы болды деп батыл айтуға болады. Бұл жан-жақты және аса білімдар адам өмірінің басты жеңістері мен жаңалықтарын білім мен ғылым саласында ашты.

Евней Арыстанұлы өмірінің едәуір бөлігін Қарағандыға арнады. Мұнда ол өз таланттарын толық аша алды. Академиктің Қа­зақстанның кеншілер астанасында өткізген жылдарында ауқымы мен маңызы баға жетпес еңбегі жеңіске толы болды. Көрнекті оқымыстының ең басты өмірлік ісі біздің қалада өтті десем, қателес­песпін. Мұнда оның сүйікті өмір өзегіне айналған - Қарағанды мемлекеттік университеті құрыл­ды. Сол ҚарМУ-ге тұңғыш ректор ретінде академик Евней Бөке­товтің есімі берілді.

Қарағанды мемлекеттік уни­верситеті 1972 жылы құрылды. Оның ашылуы еліміздің тарихи және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпіліс берді. Бұл оқу орнына өте маңызды міндеттер жүктелді. Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінен кейінгі Қазақ КСР аумағындағы екінші университет болған, аймақтың ең басты жоғары оқу орны сол кездерде Үкімет жүктеген міндеттерді шешуге белсене араласты. Ол тек Қарағанды ғана емес, сонымен қатар, бұрынғы Целиноград, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының білім беру ұйымдарына жоғары білікті педагог кадрларын даяр­лаған Орталық Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны болды.

Қарағанды жерінде енді ғана бой көтерген университеттің ректоры Е.Бөкетовтің алдында тұрған міндеті оңай болмады. Ол өзіне тән қуат, құлшыныспен және өз күшіне, өз ісінің маңыздылығы мен қажеттілігіне деген сенім­мен жұмысқа кірісті. Білім орда­сындағы өткізген ауқымды қайта құрулар университеттік білім мен ғылымның жоғары стандарттарына жауап бере отырып, қарқынды дамып келе жатқан Қарағанды аймағының алуан түрлі қажеттіліктерін қана­ғаттандыра алатын салаларға бағытталды. Стратегиялық ойлауға қабі­лет­ті, көреген, тәжірибелі ұйым­дастырушы Евней Арыстанұлы пікірлестерінің қолдауы мен көмегіне иек артып, аз ғана уақытта оқу үрдісі мен оның материалдық-техникалық жабдықталуын қайта ұйымдастырып, университеттік оқу жоспарларына көшуді жү­зеге асырды, лайықты оқу-зерт­ханалық базаны құрды.

ҚарМУ-дің тұңғыш басшысы қызметінде Е.Бөкетов үлкен педагогикалық және сту­денттік ұжымның өсуі мен дамуына байланысты мәселелер мен міндеттерді шешуде таң­ғаларлық еңбексүйгіштікпен, парасаттылықпен және берік жүйелілікпен еңбек етті. Бүгінгі күні де жалпы Қазақстанның білім беру саласында басты рөл атқаратын, білім беру және жас­тар тәрбиесі саласындағы қуатты дәстүрлері бар ЖОО, оның басшылығымен ірі классикалық университет ретінде қалыптасты.

Академик Қарағанды айма­ғының дамуы үшін мақсатты бағытталған ғылыми-қолданбалы зерттеулердің айрықша маңы­зын жете түсінді. Ол ғылыми қы­зы­ғушылықтарын нақтылы қолданбалы міндеттермен ұштас­тырып өзінің қажымас қайраты мен терең ғылыми білімін эконо­миканың, өнеркәсіп пен әлеу­меттік дамудың толғағы жеткен мәселелерін шешуге бағыттады. Айтулы ғалымның көңілін тартқан ғылыми қызығушылықтардың ауқымын елестетудің өзі көп нәрсені аңғартады. Ол орга­ни­калық қосылыстардың электронды және реакциялық қабі­летін кванттық-химиялық талдау, саз балшық құрамды шикі­затты, оның ішінде домналық қалдықтарды өңдеу сияқты химия және металлургия ғылымының бағыттарын ұйымдастыру және дамытумен айналысты. Одан бөлек, Евней Арыстанұлы ғы­лыми жұмыстардың тамаша ұйымдастырушысы, іргелі ғы­лыми-техникалық мәселелерді шешетін зерттеу ұжымдарының ірге тасын қалаушы және дем берушісі ретінде де танымал. Ол ғылымды аса маңызды индустриял­ды күш деп білді. Оқымысты алдына ғылыми жетістіктерді мүмкіндігінше өндіріске ен­гізу бойынша да маңызды мін­деттерді қойды. Осылайша, ең­бектерінде мыс қосылыстары және оның күкірт, селен, теллур, мышьяк, сүрме, яғни, халь­когендердің химиялық қосы­лыстары сала­сындағы зерттеулер айрықша орын алды. Е.Бөкетов ғылымдағы жаңа бағыт - халькогендер мен халь­когенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салды. Ол мыс-электролиттік шлам­­дардан селен, теллур эле­менттерін бөліп алудың пиро және гидрохимиялық әдістерін ұсынды. Халькогендерге бай Орталық Қазақстанның табиғи рес­урстары, олардың құрамындағы бағалы компоненттердің үлес салмағының едәуір азаюына әкелген қарқынды қайта өңдеу академиктің тотықтырғыш және жоғары кремнийлі кендерді кешенді өңдеп, оларды өндіріс саласына енгізуге мүмкіндік берген ғылыми-зерттеулері өзектілігін күні бұрын анықтады. Кенеусіз кендер мен күлі көп көмірден марганецтік ферроқоспалар алу­мен айналысқан ғалым көмір­ді металлургиялық тотық­тан­дыр­ғыштармен сутектендіру мүм­кіндігін ғылыми түрде дәлелдеді.

«Мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидро­химиялық әдістері», «Балқаш тау-кен металлургия комбинатында молибден мен ренийді алу металлургиялық процестерін кү­шейту» еңбектерінде көрініс тапқан дәл осы зерттеулері үшін Е.Бөкетов КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Евней Арыстанұлының жемісті және өзекті ғылыми қызметі, бейорганикалық химия дамуына қосқан елеулі үлесі арқасында Қарағанды аталған ғылымның саласындағы зерттеулердің аса маңызды орталығына айнал­ды. Осы ретте химия және халькогендер мен халькогенидтер технологиясы бойынша Бүкіл­одақтық ғылыми конференциялар осы қалада өткізілгені заңды құбылыс болып табылады. Дүниежүзіне әйгілі ғалымдар, академиктер, Социалистік Ең­бек Ерлері В.И.Спицин мен А.В.Но­воселованың қатысуымен болған алғашқы конференция 1978 жылы Қарағандыда өткен еді.

Осыдан жарты ғасыр бұрын ғылыми-зерттеулерін «жасыл экономика» принциптеріне не­гіздеп құрған академиктің бұл көрегенділігі таңғаларлық. Өмі­рінің соңғы жылдары Е.Бөкетов бар күш-жігерін Қарағанды бассейні кен орындарындағы күлі көп сұр тас көмірлерден сұйық отын алуға бағыттады, сол үшін арнайы зертхана ашылды. Дүниеден озғаннан кейін жазу үстелінен табылған академиктің соңғы еңбегіне жуырда халық тәнті болды. Өзіндік көркем на­­қыш­пен жасалған бұл кітап жақын жүзжылдықта адамзатты энергоресурстармен қамтамасыз ету мәселесі туралы ғалымның көзқарастары мен ойларын ашып көрсетеді.

Ол жарқын шығармашылық келбетімен, сегіз қырлы қасие­ті­мен, ғалым-энциклопедист, на­ғыз зиялы тұлға ретінде үлгі бола білді.

Академик Е.Бөкетовтің есімін алған Қарағанды мемлекеттік уни­верситеті өзінің тұңғыш рек­торының жан-жақты бай мұ­расын зерттеп, көздің қара­шы­ғындай сақтап, дәстүрге сай жал­ғастырады.

Бүгінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситеті - өзінің барлық қыз­мет­тік көрсеткіштері бойынша ұлттық білім беру жүйесінде көшбасшылық ұстанымда тұрған Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі. ҚарМУ айтарлықтай мате­риал­дық-тех­­никалық базамен, дамыған инфрақұрылыммен жаб­дықталғанын айта кетсем деймін. Ғылыми-зерттеу институт­тары мен орталықтарда, ғы­лыми зертханаларда, соның ішінде «Зерт­теудің физика-химиялық әдістері» инженерлік бағыттағы зертханасында ғылыми-зерттеулер бел­сенді жүргізіледі.

Талантты жастарды студент кезінен қолдау университеттің ізгі дәстүріне айналған. Жақын және алыс шетелдердің беделді ғылыми орталықтары университеттің білім беру мен ғылыми қызметінің сапасын мойындауы дәлел бола алады. ҚарМУ халықаралық білім беру қауымдастығына то­лық құқықты қатысушы ретінде өзін тиімді көрсете алды. Бе­дел­ді халықаралық білім беру ұйымдарының мүшесі, акаде­миялық ұтқырлық бойын­ша жалпыеуропалық және жал­­­пыәлемдік үрдіске тиім­ді қаты­сады. Біздің серік­тес­те­ріміздің қатарында Ұлы­бри­тания, АҚШ, Германия, Фран­ция, Словакия, Қытай, Ресей мем­лекеттерінің университтері бар.

Бүгінде Е.Бөкетов негізін салған университеттік білім мен ғылым дәстүрлері, оның уақыт ағымымен үндесуі және келешекке жұмыс жасауы, ағарту мен гуманизм идеяларына адал­дығы ҚарМУ ұжымының пе­дагогикалық және ғылыми-зерттеушілік қызметін дамытуда лайықты жалғасын тапты.

Университет ұжымы оның туғанына 90 жыл толуына ар­налған мерейтойлық іс-шара­ларды өткізуді жоспарлап отыр. Жария­ланбаған тың материалдар негі­зінде ғалымның ізбасарлары мен қызметтестері «Е.А.Бөкетов әлемі» атты кітап дайындау үстінде.

Евней Арыстанұлы - қыз­меттес, пікірлес, ұстаз еді. Отан­ға қызмет етудің әдемі үлгісін көрсеткен жан болатын. Ұлы қайраткер, көрнекті тұлға ре­тінде де баршамызға қымбат. Сондықтан, оның өнегесі тек жадымызда ғана жаңғырып қоймайды, сонымен бірге, жеке және кәсіби жетілу жолында жігерлендіріп, жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп, әсіресе, жастар үшін адастырмас бағыт, бағдар деп білем. Қазақ ғылымының дара да дана білімпазының өткен жолы, бай мұрасы, асыл бейнесі уақыт өткен сайын әр қырынан танылып, шынайы талант иесі екенін көрсетіп келеді. Мен мұны академик Арыстанұлының екінші өмірінің өшпес белестері дер едім.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе