Олимпиада жүлдегері Горичева Қарағандыда балаларға жолы болмаған жандарды тыңдаудың қажеті жоқ екенін айтты

Қарағандыда Серік Сәпиевтің бокс орталығында Рио олимпиадасының қатысушылары балалар үйінің тәрбиеленушілерін білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды өңірдегі «ҚазАқпарат» тілшісі.Қайырымдылық шарасын ҚР Ауыр атлетика федерациясы мен Қарағанды облыстық бокс федерациясы ұйымдастырды.

Шараға олимпиаданың қола жүлдегері зілтемірші Карина Горичева мен былғары қолғап шебері Абылайхан Жүсіпов қатысты.

«Алғаш рет мұндай қайырымдылық шарасына қатысып отырмын. Шынымды айтсам, толқып тұрмын. Бұлар әлі бала болғандықтан, оларға айтар сөзге абай болу керек қой», - деді кездесу алдында К. Горичева.

Балалармен кездескен сәтте зілтемірші қыз оларға күшті болып, алдына мақсат қоя білулері керектігін айтты.

«Мен сіздерді жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Барлық пәндерді еркін игеріп, жақсы баға алуларыңа тілектеспін. Спортпен айналысыңдар, себебі спорт деген өмір, денсаулық, қозғалыс. Күшті болыңдар, мақсат қоя біліңдер және соған жетіңдер. Болды!» - деді спортшы.

Сондай-ақ, Карина жолы болмаған адамдардан алыс жүру керектігін ескертті.

«Өмірде ойдағысы жүзеге аспаған адам сенің де ойлаған ісің жүзеге аспайды деп сендіреді. Ешқашан ондайды тыңдамаңдар! Ал, өз мақсаттарыңа қарай жүріңдер! Мықты болып, ешқашан кері шегінбеңдер!» - деді олимпиада жүлдегері.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға Қарағанды облысында орналасқан балалар үйлерінен 600-дей бала шақырылған екен.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе