Білім сапасын бақылаудың маңызы зор - С.Бахишева, БҚО

ОРАЛ. 10 сә  Ел Үкіметі 2011 жылы шілдеде ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аумақтық органдарын құру жөнінде қаулы қабылдағаны белгілі. Сөйтіп, барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларында ашылған департаменттер қатарында Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті де құрылды.Жаңа департаменттің басына облыстың білім беру саласында 30 жылдан аса уақыт еңбек еткен, қаладағы қазақ мектептерінің негізін қалаған тәжірибелі педагог, педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишева келді. Светлана Меңдіғалиқызы жаңа департаменттің жұмысы туралы былайша әңгімелеп берді.

- Светлана Меңдіғалиқызы, жаңа департаменттің міндеті мен атқаратын қызметі қандай?

- Департамент облыс аумағында бі­лім саласы туралы заңнамалардың, нор­­ма­тивтік-құқықтық актілердің және жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Меншік түрі мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта білім, жалпы орта білім, техникалық және кә­сіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, сонымен қатар рухани білім беретін оқу орындары мен мектепке дейінгі мекемелер тексеріледі.

Біздің негізгі қызметіміз - білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестациялау және мемлекеттік бақылау жүргізу, білім беру мониторингін жасау, лицензиялау, ұлттық бірыңғай тестілеу барысын және оқу жетістіктерін сырттай бағалау рәсімдерінің жүргізілуін қадағалау. Сонымен қатар департамент ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарайды.

Шетелдік білім беру ұйымдарынан берілген білім туралы құжаттарды облыс аумағында жинау және оларды Ұлттық аккредиттеу орталығына тану және нострификациялау рәсімдеуінен өткізуге жіберу де - біздің жұмысымыздың бірі.

- Байқауымызша, жаңа департа­мент­тің құзыреті өте үлкен екен. Білім саласын бақылау және рұқсат беру мәселесі туралы нақтырақ тоқтала кетсеңіз?

- Иә, ҚР «Білім туралы» заңында көр­сетілгендей, сәуір айының аяғынан бастап бақылау және рұқсат ету қызметімен тікелей біз айналысамыз.

Айталық, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау меншік нысандарына қарамастан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беруді іске асыратын заңды тұлғалар қызметтерінің мемлекеттік талаптарға сәйкестігін бақылау үшін бес жылда бір жүргізіледі. Бұл қызмет ҚР Үкіметінің қаулысы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі құжаттарымен рәсімделген және міндеттелген. Аттестация жалпы білім беру мекемесі бойынша және техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, сонымен қатар әрбір мамандық бойынша жүргізіледі.

Келесі өте бір жауапты тексеру - мемлекеттік бақылау. «ҚР мемлекеттік ба­қылау және қадағалау туралы» заңы және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексі негізінде меншік нысанына және қызмет түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізіледі.

Тексеру білім беру ұйымдарының тәуекел дәрежесін бағалау (степень оценки риска) критерийі бойынша анықталады. Тексерілетін нысандар анықталған кемшіліктеріне қарай жоғары, орташа, болмашы тәуекел топтарына бөлінеді. Жоғары тәуекел дәрежесі болса - жылына бір рет, орташа тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір рет, болмашы тәуекел дәрежесі кезінде бес жылда бір рет тексеру жүргізіледі.

Білім саласына мониторинг қызметі бақылаудың ерекше түріне жатады. Мониторинг - жергілікті білім беру органдарынан берілген мәліметтер мен шынайы жағдайларды салыстырмалы түрде бақылау. Оның қорытындысы бойынша кемшіліктер мен ұсыныстар анықтама ретінде жазылады.

Ал лицензиялау қызметіне келсек, ҚР «Лицензиялау туралы» заңы және үкімет қаулысымен бекітілген «Білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне» сай бастауыш, негізгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің, оның ішінде кәсіптер мен мамандықтар бойынша кәсіптік бағдарламаларды іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия және оның қосымшаларын беруді жүзеге асыратын боламыз.

Қазіргі таңда біздің қызметкерлер электрондық лицензиялауға даярлық, берілген лицензиялар туралы жинақ мәлімет­тер жасақтау және лицензиясыз жұмыс істейтін білім беру ұйымдарын анықтаумен айналысуда.

Министрлік өкілі ретінде білім са­ла­сындағы бақылау департаменттері қызметкерлері биылғы ҰБТ-ның тәр­тіпке сай өткізілуін қадағалауға тікелей қатысады. Тестілеу кезінде аудитория­ларға министрлік өкілі ғана, сонымен қатар мемлекеттік комиссия төрағасы министрлік өкілімен бірге ғана кіре алады.

Мектеп бітіруші ҰБТ ережесін (33-тармағын) бұзған жағдайда министрлік өкілі оны аудиториядан шығару туралы акт жасайды және тест нәтижелерін жою жөнінде шешім қабылдайды.

Оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОСЖБ) - бағалаудың жаңа түрі. Оны жалпы орта білім беру ұйымдарында оқыту пәндерінің көлемін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында биылдан бастап енгізіп отыр. ОСЖБ арқылы 9-сынып оқушыларының білім жетістіктерін мониторингілеу, оқу үрдісін ұйымдастыру тиімділігін бағалау және білім беру қызметіне салыстырмалы талдау жасау іске асырылмақ. Оған оқушылардың бәрі емес, жалпы санының 10%-ы ғана қатысады. Алдағы 10-12 сәуір аралығында еліміздің барлық облысында төрт пәннен оқу жетістіктерін сырттай бағалау өтеді. Қазақ тілі пәні міндетті пән, ал қалған пәндер өткізу қарсаңында белгілі болады.

Ақпан-наурыз айларында біздің департамент қызметкерлері Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тапсырмасымен барлық ауданда болып, ҰБТ мен ОСЖБ-ны ұйымдастыру және өткізу тәртібі, ондағы ерекшеліктер туралы мектеп басшыларының, ата-аналардың қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп шықты.

- Халықаралық тәжірибеде осыған ұқсас білім саласын бақылау құры­лымдары бар ма? Мысалы, қасымыз­дағы Ресейде қалай?

- Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде білімнің сапалы болуына жа­уап беретін білім беру ұйымдары да, оның қаншалықты сапалы екенін қадағалайтын бақылау ұйымдары да бар. Жапония, Франция, Ұлыбритания, Швеция және Финляндия елдерінде қалыптасқан тәжі­рибе сырттай бағалау жүйесін құрудың тиімділігін көрсетіп отыр.

Көршілес Ресейде де осындай қа­дағалау қызметі федералдық деңгейде де (Рособрнадзор), аймақтар деңгейінде де бар, олардың бізден айырмашылығы - бірыңғай вертикаль түрінде емес, жергілікті губернаторларға қарайтын аймақтық орган ретінде құрылған.

Қазақстанда білім сапасын сырттан бағалайтын құрылым бұған дейін болмады. Жергілікті білім беру органдары өз қызметін, оның сапасын өзі бағалап отырды. Бұл, әрине, білім сапасына әсерін тигізбей қойған жоқ.

- Департамент құрылғанына аз ғана уақыт өтті. Бірақ қол қусырып отыр­маған шығарсыздар?

- Әрине. Білім және ғылым министрінің тапсырмасымен білім беру ұйымдарының ақпараттық технологиямен қамтамасыз етілуіне, соның ішінде, интернетке, кең жолақты интернет жүйесіне қосылу, оны сабақта пайдалану жағдайына мониторинг жүргіздік. Әр мектепті аралап, көзбен көріп, қағаздағы көрсеткіштің қаншалықты шынайы екендігін тексердік. Өкінішке орай, бұл жағдай жергілікті билік пен білім беру органдары басшыларының назарын аударуды қажет ететін деңгейде екен.

Облыстағы апатты жағдайда деп есептелетін 12 мектептің барлығында болдық, жаңа мектеп салына бастаған елді мекендер, мүлдем басталмаған және қашан жаңа мектеп салынатыны белгісіз қиын жағдайдағы мектептер бар екені анықталды. Сонымен қатар соңғы бес жылда салынған 17 жаңа мектепте болып, ондағы жаңа құралдар мен кабинеттердің қаншалықты тиімді пайдаланылып отыр­ғаны, қандай сападағы құралдармен қамтамасыз етілгендігіне талдау жасалды. Әрине, айтылған мәліметтер жергілікті басшылар назарына берілді, тиісті шешім қабылданады деп сенеміз.

Осы қаңтар-наурыз айларында департамент қызметкерлері министрлік тапсырмасымен меншік түріне қарамастан барлық мектепті аралап шықты. Облыстың ең шалғайда орналасқан бастауыш мектептерінен бастап, қала мен облыстық дарынды балаларға арналған мектептерді қосқанда 96-97% қамтылды деуге болады. Ауа райының қолайсыздығынан жете алмаған ауыл мектептеріне осы сәуір-мамыр айларында бару жоспарланды.

Мониторинг барысында әрбір білім беру ұйымы туралы толық мәлімет жи­нақ­талды: оның заңды тұлға ретіндегі дұрыс рәсімделуі, лицензиялануы мен аттестациялануы, материалдық-техни­калық жағдайы, педагогикалық кадрлар жағдайы, оқу-тәрбие жұмысының ұйым­дастырылу деңгейі, оқыту үрдісінің ақ­параттандырылуы, оқушылардың оқу же­тістіктері, балаларды тамақтандыру мен дәрігерлік қамтамасыз етілу жағдайына талдау жасалды.

Бұл мониторингтің біз үшін үлкен ма­ңызы бар. Өйткені білім сапасы жағ­дайына талдау жасау үшін, оны қамтамасыз етуге қажетті жағдайдың қандай дәрежеде екенін анықтап алған жөн. Осыдан кейін әрбір мектептің мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандартында берілген талаптарды орындауын талдауға болады.

- Жұмысында кемшілік кездескен ұжымдарға қандай шара қолда­ны­лады?

- Тексеру қорытындысы бойынша кемшіліктер мен ұсыныстар анықтама ретінде жазылады. Сөйтіп, білім беру сапасын басқару механизмдеріндегі олқылықтар анықталады және жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындалады. Мониторинг есепке алу орталығына тіркелмейді, әкімшілік іс қозғалмай, қорытынды құжат жасалады.

Осы талдау негізінде білім беру ұйым­дары анықталған кемшіліктеріне қарай жоғары, орташа, болмашы тәуекел топтарына жатқызылып, жоспарлы тексеру кестесіне қойылады.

Мониторинг қорытындысы бойынша әр ауданда барлық мектеп басшылары қатысқан аудандық білім бөлімінің кеңейтілген кеңесі өткізілді. Онда анық­талған кемшіліктер мен сәйкес­сіздіктер талданып, әдістемелік нұсқаулар берілді, қажетті нормативтік құжаттар таныстырылды.

Біздің ойымызша, мониторинг нәтижесі екі жақты пайдалы. Мысалы, тексерілген білім беру ұйымдары өз қызметіндегі олқылықтарды көрді. Енді оны түзету, заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету өз қолдарында. Бұлардың барлығы, шынтуайтқа келгенде, әр мектеп басшысына ертеңгі ел болашағы - оқушылардың білім сапасына жауапкершілікті сезінуді қажет етеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе