Алматыда жастарға арналған қазақ тілді мәдени "Екпін" жобасы таныстырылды

АЛМАТЫ. 22   - Бүгін Алматыда Қазақстанның Yvision.kz ірі блог-тұғырнамасы жастарға арналған қазақ тілді мәдени "Екпін" жобасын көпшілікке таныстырып, тұсауын кесті. Шара барысында жаңа онлайн-журналдың командасы жобаның маңыздылығы мен журналда жарық көретін жазбалардың кейіпкерлері жөнінде, сонымен бірге, интернетте контенттік жобаларды монетизациялаудың әдістерімен сыр бөлісті.  

Сайт редакторы Әлия Сембайдың айтуынша, рунетте Look at me, The Village, Theory & Practice сияқты life style жобалары жастар арасында бұрыннан танымал. "Олар әдебиет, өнер жайында материал жариялап, шетелдің белгілі ЖОО-ларымен таныстырады, ал ең бастысы, жас толқынның өзін-өзі тәрбиелеуіне әсер етеді. Неліктен жастарды балет, театр қызықтырмайды, не себепті олар кітап оқудың орнына уақытын әлеуметтік желілерге арнайды? Осы аталған мәселелер бізді де толғандырды. Түрлі чаттар мен м-агенттерден оларды алып шығу үшін қызықты әрі пайдалы сұхбаттарды ұсынуды жөн көрдік. Бұл сұхбаттардың кейіпкерлері - аудиториямызбен құрдас өнерлі, талантты, шығармашылықпен айналысатын жастар. Қазірдің өзінде материалдарымызға жазылған пікірлерді қарап отырсақ, оқырман қауымның өзіне қажетті танымдық ақпаратты алатынын, біз ұсынған әдебиетті оқуға құлшынып, фото-шолуымыздағы кітапханаларға қызығушылық таныта бастағанын аңғаруға болады. Жоба 1 ай бұрын іске қосылса да, материалдарымыз оқырмандардың көпшілігін шабыттандырып, замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі мен жетістіктерін тануға ықпал еткенін зор сеніммен айта аламын. Осыған қарап, ұстанған бағытымыз дұрыс деп ойлаймын", - деді сайт редакторы. 

Осы айдан бастап "Екпін" журналистері фото-шолулардың топтамасын бастады, оның ішінде қалалық кітапханалардың ерекшеліктері, Алматыдағы ЖОО-лардың жатақханалары, көрмелер мен мәдени ошақтарды таныстыратын фоторепортаждар бар. "Екпін" жобасының журналисі Айжан Кәрібаева: "Біздің қандай да бір сұхбат, фоторепортажымыздың басты мақсаты - жастарға жаңа серпін беру, биік мұраттарға шабыттандыру. Оларды жақсылыққа баулып, одан да жоғары деңгейге жетелеу", - дейді. 

Yvision.kz блог-тұғырнамасының коммерциялық директоры Бекежан Кембаевтың айтуынша, жаңа жобаны әрі қарай дамыту үшін демеушілер қажет болып отыр. "Танымдық-мәдени жобаны демеп отыратын компания іздестірудеміз, себебі бұл ірі брендтердің беделін арттыратын тамаша мүмкіндік" - дейді ол.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе