Батысқазақстандық түлектер ҰБТ-ға дайын

ОРАЛ. 1 Батыс Қазақстан облысында ҰБТ жылдағыдай Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталығында және М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да  орналасқан тестілеу орталықтарында өтеді.Облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Ерлан Төленовтің айтуынша, тестілеу облыс бойынша екі лекпен өтпек. 2 маусым күні - 3295, ал 4 маусым күні 1278 түлек қатысады. ҰБТ-ға қатысушылардың тамақтану және көлік шығындары үшін тиісті қаражаттар бөлінді және қазіргі таңда қонатын және тамақтанатын орындары дайын. ҰБТ-ға қатысатын 4573 оқушының 2351-і ұлттық бірыңғай тестілеу пункттеріне дейін тасымалданады, 1589 оқушы алдын-ала келіп қонады, 2726 оқушы тамақтанады.

ҰБТ өтетін аудиторияларда тестіленушілердің жас ерекшеліктеріне орай парталар қойылды және ауа баптағыштармен қамтамасыз ету шаралары алынды. ҰБТ өткізу пункттері аумағында ата-аналар үшін орындықтар және салқындатылған сусындар сату орындары әзірленуде.

Тестілеу ашық әрі жариялы түрде өту үшін барлық тестілеу пункттерінде металл іздегіштер мен ұялы байланыс желісін «тұншықтыратын» құралдар, барлық аудиторияларда бейнекамералар  орнатылды.

2004 жылдан бері облыс әкімдігі жанынан құрылған ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлену және өткізуге көмектесу жөніндегі комиссия жұмыс жасап келеді. Биылғы 22  мамыр күні аталған комиссия отырысы өткізіліп, бұл отырыста құзырлы мекеме басшыларына ҰБТ-ны ұйымдасқан түрде өткізу жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар ҰБТ-ның өткізілуін үйлестіру үшін білім басқармасы жанынан облыстық штаб құрылды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе