2017 жылы Қазақстан нарығы отандық жанармаймен толық қамтамасыз етіледі - Үкімет апталығы

Өткен аптада Үкіметте бірқатар маңызды мәселелер қарастырылып, шетелдермен тығыз қарым-қатынастар орнатылды. Парламентте Үкімет сағаттары мен басқа да маңызды жиналыстар өткізілді. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі оқырман қауымға апта ішіндегі Үкіметтің қатысуымен болған маңызды оқиғаларға шолуды ұсынады.***

Дүйсенбі, 20 қазанда ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасап, құқық қорғау органдары саласындағы мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі криминалдық ахуал тұрақты. Соңғы жылдары қылмыстарды тіркеуді қатаңдату нәтижесінде еліміздің қылмыстық жағдайының айқын статистикасы қалыптаса бастады. Ағымдағы жылы ішкі істер желісімен 249 мың қылмыс тіркелді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда алғаш рет қылмыстардың 4,6 пайызға төмендегені байқалады.

Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар көрсеткіші төмендеген, кісі өлтіру, тонау көрсеткіштері де азайған. Дегенмен, ұрлық қылмысы әлі де еліміздің криминогендік ахуалына әсер етіп отыр. Оның қылмыстылық құрылымындағы үлесі алпыс пайыздан асады. Сонымен қатар қылмыстардың барлық түрлері бойынша ашылу көрсеткіші жақсарған.

Сонымен қатар, министрдің мәліметінше, Қазақстан түрмелерінде 42 700 сотталушы отыр. Қылмыстық-атқару құрамында 75 түзеу колониясы бар, соның ішінде 18 қоныс колониясында 2 952 сотталушы ұсталуда.

 

Осы күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен орталық, жергілікті атқарушы органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтардың қатысуымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үш жақты комиссияның (РҮК) кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Үкіметі, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған бас келісімнің жобасын дайындау барысы қаралды.

Жаңа Келісім жобасы экономикалық саясатты, халықты тиімді жұмыспен қамтуды, еңбек өнімділігін, жағдайын және оны қорғау, өнеркәсіптік, экологиялық қауіпсіздік және т.б. мәселелерді қамтиды. Құжатқа ағымдағы жылғы желтоқсанда қол қойылады. Сондай-ақ отырыста Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген Қазақстандағы бизнестің корпоративтік әлеуметтік бизнес жауапкершілігі  Ұлттық тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Тұжырымдаманың негізгі міндеті ҚР-дағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті жылжытудағы бірыңғай тәсілді өңдеу болып табылады.

Отырыс нәтижесі бойынша Бақытжан Сағынтаев өңірлік комиссияларға кәсіпорындардағы, еңбек ұжымдарындағы ахуал мониторингі бойынша жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ еңбек заңнамасы мәселелері жөнінде халық, жұмыс берушілер, кәсіподақтар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

 

Сондай-ақ, дәл осы күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіхалықова Атырау облысына жұмыс сапармен барды. Онда ол техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өткен мәжілісте облыс басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.

Отырыста Г. Әбдіхалықова мұнай-газ саласы мамандарын даярлау жүйесі жаңартылатынын баса айтты. Теңіз, Қарашығанақ кен орындарын кеңейту және Қашағанды, сондай-ақ елдің үш мұнай-газ өңдеуші зауытын іске қосу жобаларын мамандармен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай тәсілдер өңдеу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл үшін мұнай шығарушы және мұнайды өңдеуші компаниялар, әкімдіктер мен ҚР білім, энергетика, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерімен үш жақты келіссөздер тобы құрылатынын айтты. Мәжіліске қатысушыларға заманауи білім беру технологиясы таныстырылды, түлектердің кәсіби қызметке әзірлік дәрежесі туралы деректер ұсынылды. Мұнай-газ саласы еңбек нарығының ағымдағы сұранысы талқыланды. Әңгіме  мемлекеттік органдар мен АРЕС Petrotechnic өңіраралық орталығының базасында мұнай-газ компанияларының қатысуымен Қамқоршылық Индустриалдық Кеңес құру қажеттігі жайында өрбіді.

 

***

Ал 21 қазан, сейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мұнай-газ саласындағы бірқатар мәселелерді баяндады.

Оның атап өтуінше, мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты еліміздің ішкі нарығын ашық түсті мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге қауқары жетпейді. Зауыттар жүз пайызға жұмыс істегеннің өзінде республикадағы жанармай тапшылығы 30-40 пайызды құрап отыр. Ал ішкі нарықта жанармаймен қамтамасыз ету үшін ең біріншіден көрші Ресейден және басқа да елдерден экспорттауға мәжбүрміз.

«Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары 2016 жылы аяқталуы тиіс. Ал 2017 жылдан бастап біз өзіндік өндіріс есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін боламыз», - деді Ұ.Қарабалин.

Сонымен қатар ол өз сөзінде ҚР Энергетика министрлігі өңірлер шегінде мұнай өнімдерінің жеткізілуіне күнделікті мониторинг жүргізіп отырғанын баса айтты.

«Ішкі нарық сұранысының бір бөлігін толлингтік бағдарлама аясында Қытайдан жанармай жеткізу арқылы жабылуда. Мәселен, 9 айда ашық түсті мұнай өнімі 285 мың тонна көлемінде жеткізілді»,  - деді Ұ.Қарабалин. Оның атап өтуінше, қазіргі таңда еліміздің жанармай нарығындағы ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Еліміздің бірқатар өңірінде жанармай құю бекеттеріндегі  шектеу алынды.

«Болашақта мұндай проблеманы шешу үшін мұнай өнімдері ішкі нарығын тұрақтандыру іс-шаралар жоспары әзірленді. Бірнеше күн бұрын энергетика саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды. Мұнай өнімдері географиясын кеңейту шаралары қабылдануда»,  - деді ол.

 

Сонымен қатар, осы күні «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник жақын аралықтағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын үдету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5 млрд. доллар жұмсайтынын айтты.  Сөз арасында министр «Жер қойнауы туралы» жаңа кодекстің әзірленіп жатқанын, аталмыш құжаттың геологиялық барлау жұмыстарына тың серпін беретінін атап өтті. «Аталмыш кодекс жобасы геологиялық барлау жұмыстарының, оның ішінде мұнай мен газдың жаңа кен орындарын барлаудың ауқымын кеңейту үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыта түседі. Жақын аралықтағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын үдету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5 млрд. доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл шараның өзі ұлттық компанияның расталған кен қорын 823 млн. тоннадан, 2022 жылға қарай 1,4 млрд. тоннаға дейін арттыруға септігін тигізбек», - деді В. Школьник. 

Сонымен қатар, ол Қазақстанның игеріліп жатқан кен орындарының 70 пайыз мұнайы жер қойнауында қалып жатқанын айтты. «Бұған қатысты объективті себептер баршылық: қазақстандық өнімдерді алу қиынырақ, күкірттілігі де басым. Сонымен қатар, дәл осындай Норвегия жағдайында көрсеткіш 50 пайыздан аспайды. Сарапшылардың есебінше, жаңа технологиялар енгізу Қазақстандағы мұнай алудың көлемін ең кемінде 15-20 пайызға арттыратын еді.  Сосын бұл жерде аталмыш көрсеткішке «энергетикалық каннибализммен» ауырмай-ақ  қол жеткізетін едік», - дейді В. Школьник.

Министрдің түсіндіруінше, «энергетикалық каннибализм» термині негізінен «энергия алу үшін энергияның өзін көбірек жұмсау» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, Владимир Школьник қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тиімді технологиялар да пайдаланыла бастағанын, алайда бұндай технологиялар тізбесі кеңейтуді қажет ететінін атап өтті. 

 

***

22 қазан, сәрсенбі күні ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушылардың жиналысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысып, бірқатар маңызды мәселелер көтерді. Оның айтуынша, Көрменің ерекшелігі тақырыбында жатыр, яғни бұл маңызды шара "Болашақ энергиясы" атауына ие болып отыр. Бүгінде бұл тақырып айрықша өзекті, себебі, дәстүрлі энергия көздерінің қайта қалпына келуіне қауқарсыз болуына және қордың таусылу қаупіне байланысты сенімсіздік пен алаңдаушылық тудыруда.

Сонымен қатар ол жаһандық экологиялық қатерлер әлемді таза технологияларды дамытуға және ұзақмерзімді энергиялық қамтамасыз етуді іздестіруге итермелеп отырғандығын атап өтті. "ЭКСПО-2017" қайта жаңаратын баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін көрсету үшін маңызды алаң болмақ, сондай-ақ энергиялық ресурстарды тиімді пайдаланудың өзекті проблемаларын шешуге негізделген. Осы орайда Қазақстан "жасыл" экономиканы енгізуде белсенділік танытуда", - деді Б.Сағынтаев.

 

Осы күні Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев және Египеттің индустрия, шағын және орта бизнес министрі Мунир Фахри Абдель Нур кездесіп, Қазақстан мен Египет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Ерболат Досаев еркін сауда аймағын құру елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа елеулі күш беретінін және алдағы уақытта сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзара тиімді дамуына оң жағдай туғызатынын атап өтті.

2014 жылғы 8 ай қорытындысы бойынша Қазақстан мен Египет арасындағы сауда айналымы $50 млн. дейін жетті.

2015 жылы Қазақстан мен Египет сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысын өткізуді жоспарлады, ол экономистердің болжамдары бойынша елдер арасындағы сауда айналымының артуына ықпал ететін болады.

 

***

Ал 23 қазан, бейсенбі күні Жапония мен Қазақстанның экономикалық әріптестік бойынша үкіметтік және жеке секторлардың бірлескен комиссиясының 5-ші отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жапония мен Қазақстан арасында инвестициялар туралы келісім жасалатынын мәлім етті.

«Бүгін 10 жыл бойы үздіксіз жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде екі ел үкіметтерінің арасында инвестициялар туралы келісімге қол қойылады. Осы айтулы оқиғамен сіздерді құттықтағым келеді, өйткені бұл екі ел үшін де өте маңызды жетістік», - деді К.Мәсімов.

Оның айтуынша, жапон инвестицияларын қолдау бойынша келісімдер осы елдің компанияларына Қазақстанға инвестициялар құюда қосымша кепілдіктер мен қауіпсіздік үшін мүмкіндіктер береді. «Тағы бір айта кетерлігі, өздеріңіз жақсы білесіздер, ҚР Президенті осы жазда бірқатар елдер мен Қазақстан арасындағы визалық қатынасты алып тастауға шешім қабылдаған болатын. Осы мемлекеттердің қатарында Жапония да бар. Менің ойымша, бұл жақсылықты сіздер бүгін біздің елімізге келгенде жақсы сезінген шығарсыздар, өйткені алдын ала виза алудың қажеті болмады. Жапонияның бизнесмені немесе туристі Қазақстанға ат басын тіреп жатса, құжат ресімдеу жұмысын тез арада аяқтай алады», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.

 

Осы күні Астанада «Бұқаралық спортты дамытудың заманауи тенденциялары: проблемалары мен шешімдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Шараның жалпы отырысын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. Конференция қонақтары мен қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде министр бұқаралық спорттың жоғары сатылы спортшыларды дайындаудағы ерекше маңызын атап өтті.

Айта кетейік, конференция жұмысына Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Украинадан келген жалпы саны 300-ге жуық дене шынықтыру және спорт, спорттық ұйымдар басшылары спорт түрлері бойынша федерациялардың өкілдері, ғалымдар , әдіскерлер мен спорттық жаттықтырушылар қатысты.

 

***

Ал, бүгін, яғни 24 қазан күні  ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Қытай астанасында 100 млрд. АҚШ доллары болжамдық жарғылық капиталымен Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін (АИИБ) құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.

«Бүгінде бұл банкті құруға 22 ел қосылды, біз тең құрылтайшылар клубы ашық болады деп уағдаластық (...). Қазақстанның лайықты орны бар, себебі акционерлер үлесі елдің ІЖӨ мөлшеріне байланысты болады. Аталмыш көрсеткіш бойынша біздің ел жаңа қаржылық халықаралық бірлестіктің 9-шы ірі қатысушысы болып табылады», - деді АИИБ тең құрылтайшы мемлекеттердің қаржы министрлерінің бірінші отырысынан кейін берген сұхбатында Е. Досаев.

Меморандумға Қазақстан және Қытаймен қатар, Бангладеш, Бруней-Даруссалам, Камбоджа, Үндістан, Кувейт, Лаос, Малайзия, Моңғолия, Мьянма, Непал, Оман, Пәкістан, Филиппин, Катар, Сингапур, Индонезия, Шри-Ланка, Таиланд, Өзбекстан және Вьетнам елдерінің өкілдері қол қойды.

Кездесуге қатысушылар АИИБ халықаралық уақытша хатшылығының бас хатшысы орынтағына қытай тарапы ұсынған ҚХР қаржы министрінің орынбасары Цзинь Личуннің кандидатурасын бірауыздан бекітті.

Жаңа қаржы институтының штаб-пәтері Бейжіңде орналасатын болады. АИИБ бастапқы капиталы 10 млрд. доллар көлемінде нақты толықтырыла отырып, 50 млрд. АҚШ долларын құрайды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе