Биылғы ҰБТ-да өзгерістер бар - З.Ғұмарова, БҚО

ОРАЛ. 2 Биыл елімізде тоғызыншы рет оқушылардың білім мазмұнын меңгеру деңгейін тексеру мақсатында сыртқы тәуелсіз бақылау - ұлттық бірыңғай тестілеу өткелі отыр.Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, ҰБТ жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының шеңберінде мемлекеттік стандарттарға сәйкес әзірленген тест тапсырмалары негізінде өткізіледі. Биылғы жылы тестке математика пәні бойынша әр нұсқаға бір логикалық тапсырмалар енгізіледі. Тест сұрақтары Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңына сай мемлекеттік құпия болып табылады. Оны бұзғандар заң талабы бойынша жауапқа тартылады.

ҰБТ-ны өткізуге үш жарым астрономиялық сағат (210 минут) бөлінеді. Қайта тапсыруға рұқсат берілмейді. Мектеп бітірушілері  мемлекеттік грантты иелену үшін байқауға қатысу және ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу үшін 50 балдан төмен жинамау керек, ал медицина мамандықтарына - 55, ұлттық жоғары оқу орындарына түсушілер 70 балдан төмен жинамау керек, соның ішінде бейіндік пәннен 7 балдан төмен болмауы тиіс.

Биыл да ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан ҰБТ бойынша өткен жылдар тәжірибесі сарапталып, жетілдіру жолдары қолға алынуда.

Биыл бірыңғай тестілеуді өткізуді жетілдіру мақсатында төмендегідей өзгерістер енгізілді: тестілеу ҰБТӨП-терде 1-15 маусым аралығында өткізіледі; мемлекеттік комиссия мүшелерінің құрамы 5 адамға дейін қысқартылды; министрлік өкілдерінің саны арттырылып (1 аудиторияға 1 өкіл), олар ауылдық жерлердегі пункттегі кезекшілер міндетін атқарады; ҰБТӨП-терде аудиториялардың саны қысқарды; апелляцияға өтініштерді беру уақыты тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 14.00-ге дейін ұзартылды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің 2011 жылғы 29 шілдегі ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерін ұялы байланыс телефондарының сигналдарын тұншықтыру құралымен және бейнежазу камераларымен қамтамасыз ету   туралы тапсырмасына сай  облыс бойынша бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда. ҰБТ өткен жылдардағыдай облыс көлемінде 9 тестілеу пункттерінде өтеді.

Тестілеу кезінде тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін және түлектерді қорғау мақсатында тестілеуге кіргізу барысында барлығы металл іздегіштердің көмегімен тексеруден өтеді, тестілеу кезінде ұялы байланыс желісін сөндіру құралдары қолданылады. 

Бітіруші аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғанда және тыйым салынған заттарды қолданған жағдайда Министрлік өкілінің шешімімен қайта тапсыру құқығынсыз аудиториядан шығарылады, ал оның тест нәтижелері жойылады.

Барлық мектептерде оқушыларды тестілеу технологияларымен таныстыру және білім сапасын бағалау мақсатында оқу жылы бойында байқау сынақтары өткізіліп келеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе