Балалар жаз мезгілінде қайда демалады?!

АСТАНА. 25 Бірер күндерден кейін мектептерде оқу жылы аяқталады. Ата-аналар енді демалыс уақыттарында балаларын қай жерлерге орналастыратындықтарын таппай сарсаңға түсетіні рас.Осыған орай ҚР Білім және ғылым  министрлігі 2012 жылы оқушылардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру, сауықтыру және олардың бос уақыттарын қамту бойынша арнайы жоспар жасақтады.

Балалар үшін толыққанды демалыс қала сыртындағы, табиғат аясындағы лагерлермен байланыстырылатындығы жасырын емес. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, биыл ел бойынша оқушыларды сауықтыруға арналған 8649 жазғы демалыс лагері жұмыс істейтін болады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1027 лагерьге көп.

Сауықтыру нысандарының желісінде 214 лагерь қала маңында орналасқан. 5265 лагерь мектеп жанынан құрылған. Санаторлық негізде 74 орталық, бейіндік, дебаттық, спорттық негізде 3087 шатыржай жұмыс жасауда. Қалған 9-ы - жыл бойы істейтіндер. Онда балалардың  уақыттарын қызықты өткізу ғана емес, сонымен қатар денсаулықтарын жақсартуға үлкен мән берілмек. Өкінішке орай аз қимылдайтындықтан бүгінгі жеткіншектер гиподинамия ауруына шалдыққан. Компьютер алдында күні бойы отыратын балалардың денсаулығы бара-бара нашарлай береді. Сондықтан таза ауа аясында футбол, волейбол, пионербол сынды спорттық жарыстар мен ойындар жиі өткізіліп отырмақ.

Бүгінгі таңда, сонымен бірге, скауттық лагерлерлердің танымалдығы артуда. Қалалық оқушылар үшін лагерлердің бұл түрі өте пайдалы болмақ. Балалар онда табиғат аясында тігілген шатырларда тұрады, тау бөктеріне шығады, спартандық жағдайларда тұруға машықтанады. Сонымен қатар от жағуға, ас пісіруге үйренеді. Бұл қаланың барлық игіліктеріне үйреніп қалған оқушылардың өрісін кеңейтеді. Скауттық лагерлерге 14 пен 17 жас аралығындағы бозбалалар мен бойжеткендер қабылданады. Себебі оқушылардың бұл санаты балаларға арналған лагерлерге бара қоймайды. Олардың жас шамасы не жеткіншектерге, не ересектерге жатпайды. Осы жаста олар арам пиғылды әр түрлi ықпалдарға көнгіш келеді. Сондықтан егер 14 пен 17 жастағы оқушылар тәжiрибелi нұсқаушылардың қамқорлығында болса, ата-аналар да өз балалары үшін уайымдамайды, балалардың өздері де ол жерден үлкен өмірлік тәжірибе алып, көптеген қиындықтарға қарсы шыныға алады.

ҚР Премьер-Министрдің тапсырмасы аясында мектеп оқушыларының зияткерлік әлеуетін дамыту және қолдау мақсатында үздік оқушыларды тегін демалыспен қамту қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда республикалық бюджеттен осы мақсаттарға миллиондаған теңге қаржы бөлінуде. Министрлік жетім балаларды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан жеткіншектерді 100 пайыз демалыспен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Бір Алматы қаласының өзінде осы санаттағы оқушылар үшін 1 млн. АҚШ долларына жуық ақша бөлінбек.

Республикалық бюджет есебінен 5921 бала «Бөбек» және «Балдәурен» орталықтарында сауықтырудан өтеді. Сонымен қатар Түзету педагогика ұлттық орталығында 1419 мүгедек баланы оңалту көзделуде. Сондай-ақ «Балдәурен» орталықтарында бюджет қаражатына Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 150, су тасқынынан жапа шеккен Батыс Қазақстан облысының 288 оқушысы демалады.

Әрине барлық бала жазғы лагерлерге бара алмайтыны анық, дегенмен олар бос уақыттарында жанына жақын қызықты жұмыстармен шұғылдана алады. Оларға биыл мектеп жанынан құрылған 6 мыңға жуық алаң мен аула клубтарының есігі ашық. Өлкетану бағыты бойынша шамамен 7 мыңға тарта туристік сапар мен экскурсия өткізіледі. Мектепішілік лагерлерде де түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.

Соңғы жылдары балалар арасында жазғы еңбек лагерлері үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Білім басқарамасының мәліметтері бойынша, онда 12 мыңнан астам мектеп бригадаларын жіберу жоспарлануда. Оның ішінде 6372 бригада абаттандыру және жасыл-желек отырғызу, 3011 бригада жөндеу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ олардың ішінде 500-ге жуық оқу-өндірістік, 270 - мектеп орман шаруашылықтары бригадасы бар.

Осылайша, жаз айларында Қазақстандағы оқушылардың 85 пайызын қамту көзделіп отыр. Былтыр 1-10 сынып оқушыларының 83,9 пайызы қамтылған болатын. Жазғы демалыс мерзiмінде балалармен жұмыс жасауға 40 мыңнан астам педагог және дәрiгер қызметкерлері, педагогикалық колледждер мен ЖОО-лардың студенттерi, отряд жетекшілері тартылмақ.

Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, ел Үкіметі қала, аймақ және облыс әкімдерінің рейтингісіне балаларды жазғы лагерлермен қамту көрсеткіштерін енгізіп отыр. Сондықтан енді бұдан былай аталмыш жұмыстың тиянақтылығы әкімдердің беделіне тікелей әсер ететін болады.

Ж. Жонтаеваның атап өткеніндей, «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде сауықтыру ұйымдарының желісін құру арқылы балалар демалысын ұйымдастырудың толыққанды жүйесін жасап шығару керек.

Республиканың курорттық аймақтарында жыл бойы жұмыс жасайтын балаларды сауықтыру нысандарын салу қажет. Қазіргі уақытта мұндай негізде Оңтүстік Қазақстан облысында «Тау самалы», Павлодар облысында «Жас дәурен» атты нысандар жұмыс жасауда. Олардың үлгісінде республиканың барлық аймақтарында осындай лагерлер құру қажет. Бұл бiр уақытта мектеп оқушыларына сапалы демалыс сыйлап, жыл бойы білім беруді қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

Оқушылардың жазғы мерзiмдегі бос уақытын дұрыс ұйымдастыру алдағы оқу жылының жетiстiгiне ғана емес, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оқушылардың денсаулықтарын нығайтуға септігін тигізіп, қабiлеттiлiктерi мен мүдделерінің дамуына да үлес қосатындығын атап өткен жөн.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе