Тарихшы-ғалымдардың ұйғарымымен студенттер Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтиханды 1-ші емес, 3-ші курста тапсыратын болды

АСТАНА. 28 2012 жылдың 27 қыркүйегінде ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының қабырғасында Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларына, оқулықтар мен оқу құралдарына талдау мен сараптама жасау жөніндегі жұмыс тобының мәжілісі аяқталды.Бұл туралы аталмыш институттың ақпараттық қызметінен мәлім етті. 

Отандық тарихты оқытуда қазіргі заманның білім талаптарына сай туындайтын проблемалар, Қазақстан тарихы курсын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгертуді және кешендік шараларды әзірлеуді қажет ететін өзекті мәселеге айналып отыр.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмалардың 27-тармағындағы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдың 30 шілдесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген жұмыс тобы құрылды.

Қазақстанның белгілі ғалым-тарихшылары, жоғары және арнайы орта оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінен құрылған  жұмыс тобының жұмысын Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған басқарды.

Жұмыс тобына қысқа мерзім ішінде 2012 жылдың 1 қарашасына дейін оқу орындарында Қазақстан тарихы курсын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту бойынша нақты кешендік шараларды әзірлеу жүктелген болатын.

Жұмыс тобының отырысы 2012 жылдың  қыркүйек айының 24 мен 27  жұлдызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тікелей жетекшілігімен және оның белсенді өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жұмыс тобының алдына қойған міндетті шешу үшін, оның құрамына  кірген ғалымдар, атап айтқанда т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Қ.М. Атабаев, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, т.ғ.д. Н.А. Абдоллаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д. Г.М. Кәкенова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры Б.К. Сапарбаев, т.ғ.д., профессор З.О. Дүкенбаева, С.Торайғыров  атындағы ПМУ профессоры С.Н. Мамытова және т.б. Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар мен оқу құралдарына, оқулық жоспарларына тыңғылықты сараптама жасады. Сараптама қорытындысы бойынша, бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Сарапшылар Қазақстан тарихы бойынша мемлекеттік емтиханды  жоғары оқу орындарының үшінші курсында өткізу керек деп ұйғарды. Өйткені, бірінші курста тапсырылатын емтиханның тарихи білімнің мазмұны мен рөлін терең ұғынуға, отансүйгіштік қасиетке тәрбиелеу мен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға септігін тигізері аз. Кешегі мектеп қабырғасындағы оқушы, гуманитарлық пәндердің барлық жиынтығын қамтымайынша, Қазақстанның әлеуметтік - экономикалық, қоғамдық - саяси және мәдени дамуы бойынша мәселелерге терең де, мағыналы жауап бере алмайды.

Қазақстан тарихы бойынша тапсырылатын мемлекеттік емтихан студенттің алған білімінің жиынтығын ғана айқындамай, сонымен бірге өзінің көзқарасын, азаматтық ұстанымы мен сауатты сөйлеу мәдениетін де көрсете білуі керек. Бүгінгі күні кеңінен таралған емтиханды тестілеу әдісі бойынша өткізу, атауларды, деректерді, цифрларды, көптеген оқиғалардың мерзімін сақтауда тарихи білімнің құнсыздануына алып келеді. Бұл дегеніміз, бірінші кезекте студенттердің өз елінің тарихын оқып білуге  деген ықыласы мен Отан тарихына деген қызығушылығын төмендетеді.

Жұмыс тобының мәжілісі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловпен кездесумен аяқталды.

Кездесу барысында министр елімізде Қазақстан тарихын  реформалау мен нақты шаралар әзірлеуде жұмыс тобының атқарған ауқымды қызметін атап өтті. Оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың проблемаларын шешуде және отандық тарих ғылымын дамытуда қосқан үлестері мен нәтижелі жұмыстары үшін  сарапшыларға алғысын білдірді .

Мәжіліс соңында тарихшы ғалымдар Б.Т. Жұмағұловтың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі лауазымына қайта тағайындалуымен құттықтады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе