Орта ғасырларда қазақ даласынан шыққан ғұламалардың саны 260-қа жетіп отыр - Ә. Дербісәлі

Күні бүгінге дейін ғылыми зерттеулер нәтижесінде Орта ғасырларда қазақ даласынан шыққан 260 ғұламаның есімі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМҚ-ның «Жас ғалымдар» клубы аясында жас ғалымдармен болған кездесуде Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі мәлімдеді.

«Қазақ даласының оңтүстік аймақтарында көне замандарда көптеген қалалар болған. Мысалы, ежелгі Испиджаб, (бүгінгі Сайрам) өлкесінен 34 ғұламаның шыққаны анықталып отыр. Ал Түркістанға бара жатқан жолда, Арыс өзенінің бойында, Темірлан деген ауылдан 1 шақырымдай жерде қираған қаланың орны жатыр. Оны арабтар Арысбаникас деп атаған. Сол көне шаhардан 9 ғұлама шыққан. Ал Түркістанға келетін болсақ, Түркістанның көне атауларының бірі - Шауғар. Ол Соғды тілінен аударғанда «Қаратау» деген мағынаны білдіреді екен. Сол шаhардан 4 Шауғаридің шыққаны анықталды. Ал Яссы болып тұрған тұста Қожа Ахмет Яссауи бабамызға дейін мұнда Абдолла әл Яссауи деген ғұлама өткен. Ал Қожа Ахмет Яссауи бабамыздан кейін бұл қаладан алты Яссауидің шыққаны белгілі болды. Бертін келе, көне Түркістан қаласының өзінен 31 ғұлама шыққан» - деді өз сөзінде Әбсаттар Дербісәлі.

Ғалымның айтуынша қазақ даласынан шыққан ғалымдар өз шығармаларын негізінен араб және шағатай тілінде жазған. Бірен-сараны ғана парсы тілін қолданған. Олар білім алу үшін, ғылыммен айналысу үшін Дамаск, Бағдад, Басра секілді қалаларға барып тұрған. Өйткені, бұл көне шаhарлар Орта ғасырларда ғылым мен өнердің ордасына айналған.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе