Мектептердегі ер мұғалімдердің аз болуынан ұрпақ тәрбиесінде ұтылар тұстарымыз да көп - М. Бақтиярұлы

АСТАНА. 6 Мектептердегі ер-азамат мұғалімдердің аз болуынан ұрпақ тәрбиесінде ұтылар тұстарымыз  да көп. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Бақтиярұлы осылай мәлім етті.Депутаттың мәліметіне қарағанда, қазір еліміздегі жалпы орта білім беретін 7698 мектептерінде 292 000 мұғалім қызмет жасайды. Оның 234 445-і, яғни 80,5 пайызы қыз-келіншектер екен. Ал мамандардың пікірі бойынша, мектептердегі мұғалім болып жүрген  ер-азаматтардың  аздығы кей жағдайда ұрпақ тәрбиесіне де кері әсерін тигізуде.

«Көбінесе қыз-келіншектерден білім мен тәрбие алып жүрген ер балалардың мінез-құлықтары өзгереді, бос белбеу, бойкүйездікке ұрынатындықтары айтылып жүр. Бұл жағдай мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың көбеюіне де әсер етуде. Жалпы, мектептердегі ер-азамат мұғалімдердің аз болуынан ұрпақ тәрбиесінде ұтылар тұстарымыз да көп. Жасөспірім қыздарымыз ибалы, ұлдарымыз ер мінезді, намысшыл болып өсулері үшін мектептеріміздегі педагог ер-азаматтар көп болуы керек. Бұл үшін ер-азаматтарды мұғалімдік мамандықтарға баруға қызықтыратын арнайы тетіктер жасалуы керек, яғни педагогикалық мамандықтар бойынша кадрлар дайындаудың арнайы тұжырымдары мен талаптары түбірінен қайта қаралуы қажет», - дейді сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір мемлекеттер мектептердегі ер мұғалімнің қатарын көбейтіп, олардың жетіспеушілігін болдырмау мақсатында  бұл мәселені арнайы үстемақы төлеу арқылы шешіп отыр. «Зияткер ұлт қалыптастыру мен ұлт пен ұрпақ  болашағын ойласақ, ендігі арада білім ұясы мектептеріміздегі мұғалімдер кадрларын дайындаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлу қажет деп санаймыз», - деді ол.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе