Мәжілісмен Г. Исимбаева Алматының өндіріс орындары мен білім ордасында болды

АСТАНА. 9 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Гүлмира Исимбаева «Алматы вагон жөндеу зауыты» АҚ-ының ұжымымен кездесті.Бұл өндіріс орнының негізгі қызметі - жолаушылар вагондарының барлық түрін жөндеу, соның ішінде деполық, күрделі жөндеу, қалыпқа келтіру, жолаушылар вагондары үшін қосалқы бөлшектер жасау.

Зауыт ұжымының алда тұрған міндеттері - жолаушыларға жайлы және қауіпсіз болуы үшін вагондарды сапалы жөндеу, жаңа технологияны пайдаланудың арқасында өндіріс орнының өнімділігін үнемі арттыру. Қорытындысында зауыт жолаушыларға арналған және метро вагондарын  құрастыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Кездесуде зауыттың бүгінгі жетістіктері мен келешекке бағытталған жоспарлары жан-жақты сөз болды. Ұжым басшылығы мен мүшелері пікірлерін ортаға салды.

Мәжілістің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, осының алдында Мәжіліс депутаты Гүлмира Исимбаева Алматы локомотив пайдалану депосының еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Депутат «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы, қол жетімді тұрғын үй бағдарламасы жөнінде, сондай-ақ Парламенттің бесінші шақырылымының бірінші сессиясының қорытындысы туралы айтып өтті. Азаматтардың жеке сұрақтарына жауап берді.

Жуырда Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлектері дипломға ие болды. Осыған орай өткен салтанатты шараға қатысқан Мәжіліс депутаты Гүлмира Исимбаева жас мамандарға өз тілегін жеткізді.

Аталған білім ордасы медициналық білім беру саласын реформалауды жүзеге асыру және Қазақстанның Болон процесіне қосылуы шеңберінде бірінші рет бакалавр мамандығына ие болғандарға жолдама берді. Бұл түлектер жаңа үш сатылы білім беру тәсілі бойынша бес жыл бойы білім алды.

Депутат Гүлмира Исимбаева жас түлектерге арнаған сөзінде еліміздің Президенті жастардың болашағына ерекше көңіл бөлетінін айтты. «Әрбір екінші қазақстандық - 30 жасқа дейінгі азамат және келешекке үлкен серпіліс жасау солардың еншісінде. Сіздер жас мемлекетімізге, әрбір қазақстандыққа өте қажет мамандық иесі болып отырсыздар. Елімізде бес мыңдай медицина қызметкері жетіспейді. Сондықтан сіздерге деген сұраныс жоғары, өмірден өз орындарыңызды табатындарыңызға сенімдімін!»,- деді Г.Исимбаева.

Биыл түлектердің 747-сі бакалавр дипломына ие болды. Соның ішінде 120-дан астам түлек бакалавриатты қызыл дипломмен бітіріп отыр.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе