«Оңтүстік» индустриялық аймағында арнайы мамандар даярлайтын «Білікті маман» орталығы ашылды

Бүгін  ҚР өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында алғашқы арнайы мамандарды даярлайтын «Білікті маман»  орталығының тұсауы кесілді.Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Орталықтың басты ерекшелігі, онда дәріс алатын және қайта даярлаудан өтетін студенттер индустриялық аймақтағы мекемелерде іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.

Іс-шара ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған. 

Аталған орталықта әрсалалы жоғарғы санатты оқытушылар дәріс беріп, оқыту кезінде соңғы үздік технологиялар қолданылуда. Арнайы интерактивтік тақта арқылы дәріс алушылар барлық құрал-жабдықтарды теория жүзінде оқып, кейін кедергісіз индустриялық аймақтағы мекемелерде тәжірибе жүзінде меңгере алады.   

 «ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мамандарының облыстағы индустриялық аймақтар мен Арнайы экономикалық аймақта жүргізген сараптамасынан кейін, өңірдегі басым мекемелерге арнаулы кәсіби білімі бар мамандардың жетіспеуі осындай орталықтың ашылуына негіз болды, - дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Асқар Абубәкір. - Соңғы жылдары Индустриялық аймақта ондаған мекемелер ашылып, оларда заманауи жабдықтар мен техника орнатылған. Бірақ, бұл жабдықтардың тілін білетін мамандар тапшы. Осыған орай, біз мамандарды даярлайтын орталықты индустриялық аймақта ашуды жөн көрдік».     

«Мемлекетімізде жыл сайын «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында тұрғындарды арнайы кәсіптік оқытуға қыруар қаржы бөлінеді, - дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов. - Дегенмен, бүгінгі таңда жұмыс нарығында күнделікті жаңашылдықтар мен өзгертулер пайда болуда. Осы сәйкессіздікті жою - бүгінгі ашылып жатқан орталықтың басты мақсаты болып табылады.  Дәріс алушылардың білім сапасын жетілдіру үшін, бұл жобаны біз «Білікті маман» оқу орталығымен бірге жүргізуді шештік. Оқу түрі - 20-дан астам техникалық мамандықтар бойынша жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда оқуға талапкерлердің саны 538  адам болып отыр».

Оқу мерзімі арнайы мамандыққа қарай 1 айдан 3 айға дейін созылады. Маман дайындалып жатқан мекеме басшылары бітіруші студенттердің білімін тексеру мақсатында сынақ комиссиясына мүше болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе