Қазақ хандығының ұлы тойы мемлекеттілікті нығайтуға септігін тигізбек - Апталық шолу

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Ұлытау төріндегі ұлағатты әңгімесі негізінен ұлт тарихынан басталған болатын. Бұл сұхбатта Президент ата тарихтың асқан білгірі екенін тағы бір мәрте танытып қана қоймай: «Біз - өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек» деп қалың алаш баласына ой салатын зор мәселені алға тартқан еді. Шындығында, тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Ал қазіргі қазақ жастары ұлттың бай тарихын қаншалықты біледі?Елбасының Ұлытаудағы сол сұхбаты қалың қауымға ғана емес, билікке де біршама ой салса керек. Өйткені, осы аптадағы Үкімет отырысында алдағы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шаралары талқыланып, арнайы тұжырымдама бекітілген.  «2015 жылы еліміздегі елеулі оқиғалар ауқымды түрде өткізілетін ерекше жыл болмақ. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қамтылады. Ал алдағы жылдағы шаралардың ең қоры Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына байланысты болады», - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Айта кетерлігі, қоғам арасында Қазақ хандығының құрылу кезеңіне қатысты түрлі көзқарастар баршылық. Ал Үкімет «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өту туралы шешімге бірнеше жылға созылған зерттеулерден кейін тоқталған көрінеді.

«Қазақ мемлекеттілігіне қатысты әр түрлі деректерді дәйектейтін көзқарастар бар. Бірақ 550 жылдық туралы нақты ұстанымға келу үшін мемлекет 3-4 жыл ішінде көптеген зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізді. Өйткені пікірлер әрқилы. Дегенмен, 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар тұңғыш рет Қазақ хандығын құрғандығы осы мемлекеттік тұжырымға негіз болды», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.  Оның айтуынша, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегіне сүйене отырып, бүкіл ғалымдар бір тұжырымға келді. Яғни, осыған сәйкес, 1465 жылы Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі атап өтіледі.

Сонымен қатар, ведомство басшысы төл мемлекеттілігі бастау алар мерекені нақты білетін елдердің әлемде некен-саяқ екендігін айтады. Мәселен, алысқа бармай-ақ Ресейді алсақ, алдағы жылы теріскейдегі көршіміз өз мемлекеттілігінің 1150 жылдығын тойлағалы отыр. Соның өзінде де әртүрлі пікірталастар туындаған: кейбір тарихшылар мемлекеттілікті Киев Русінен бастауды ұсынады. «Тарих - математика секілді нақты ғылымдар тобына жатпайды. Бірақ ғалымдарымыздың көбісінің түйін-тұжырымдары негізінен осы күнге тоқайласқан соң, 2015 жылы 550 жылдықты кеңінен атап өту ұйғарылды» - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

550 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылатын шараларға келсек, онда Қазақ хандығына байланысты ғылыми конференциялар өтіп, деректі және көркем фильмдер экранға шығады. Оның ішінде Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы үлкен телехикая түсіріледі. Жалпы, атқарылатын шаралар негізінен үш бөлімнен тұрады. Біріншісі - патриоттық бағытта, екіншісі - ақпараттық, яғни ғылыми-көпшілік бағдарламаларды, танымдық деректі фильмдерді, қазақ халқының мәдениеті мен өнегелі қасиеттері туралы көркем фильмдер жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы тарату, үшіншісі - ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Сосын жылдың аяғына дейін өңірлерде мерейтой іс-шаралары жалғасады. Тұтастай алғанда,  келер жылы мерейтойға арналған 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарлануда, соның ішінде мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге байланысты да барлық шаралар Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтетін болады. Ал қорытынды шара Қазақ хандығының алғаш құрылған жері Шу мен Талас өзендерінің арасындағы алқапта 2015 жылғы қыркүйекте Елбасының және бірқатар шетелдік меймандардың қатысуымен өтеді деп жоспарлануда.

 

Білім мен денсаулық - адами капиталды дамытудың өзегі 

Үкімет отырысында талқыланған тағы бір мәселе - адам капиталы бойынша жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін арттыру, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту тақырыбында өрбіген еді. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексі жөнінен Қазақстан 50-ші орынға тұрақтады. Ал соның ішінде білім беру саласындағы 13 индикатордың жетеуінде еліміз былтырғы позициясын жоғарылатты. Атап айтқанда, ғалымдардың қолжетімділігі индикаторы - 15, ал білім беру жүйесі сапасының көрсеткіші 12 позицияға, бастауыш білім беру сапасы бойынша 5 позицияға көтерілген. Бұл еліміздегі білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі десек те болады.

«Дегенмен, алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз бұл көрсеткіштерді жақсарта түсуіміз керек. Қазір біз 6-7 жастағы балаларды қабылдаймыз, енді жаңа заң жобасында 6 жастан бастап мектепке қабылданады делінген. Сонда ЮНЕСКО статистикасына сәйкес келеді. Екінші мәселе - ол білім беру сапасы. Қолжетімділікті жақсарта отырып, сапасын төмендетпеуіміз керек», - деді вице-министр Тахир Балықбаев.

Тоқтала кететін жайт, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанның денсаулық сақтау саласы да жағымды көрсеткішті еңсере бастаған. Мәселен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Серікбол Мусиновтың айтуынша, жаһандық индексте Қазақстанның өмір сүру ұзақтығы, балалар арасындағы өлім-жітімін азайту және туберкулездің таралуына қарсы күрес жағдайы жақсара түскен. Сосын 2012 жылы Қазақстандағы өмір сүру деңгейі 69,6 жасты құраса, екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 74,5 жасқа жетіп отыр.

Сонымен қатар, министрлік алдағы уақытта да жаһандық индексті жақсарта түсуге бағытталған шаралар кешенін жалғастырмақ. Соның ішінде балалар өлім-жітімі және қан айналымы жүйесі аурулары, онкопатология мен жарақат алу көрсеткіштерін жақсарту бағытында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы шаралар жоспарланады. Мәселен, апаттан келетін өлімді азайту үшін еліміздегі тас жолдардың бойындағы медициналық-құтқару пункттерінің санын 40-қа жеткізу көзделген. Ал қан айналымы жүйесі аурулары бойынша көрсеткішті жақсарту үшін 40 инсульт орталығы ашылған болса, таяу жылдары осындай тағы 30 орталық ашу жоспарланған. Ал туберкулездің таралуына қарсы күреске келсек, бұл бағытта жағдай жыл сайын жақсара түскен. Дегенмен, министрлік осы бағытта проблема бар екенін айтып қалды. «Бізде бір проблема қалып отыр. Бұл - колонияларда жазасын өтеп жатқан науқастарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселесі. Ол жұмыстарды Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізудеміз. Сонымен қатар, 2015 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарамағындағы медициналық қызметті өзіміздің ведомствоға алуды жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр Серікбол Мусинов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе