Министрлер алдағы жоспарларымен бөлісті - апталық шолу

Министрлер биылғы Жолдау аясында белгіленген міндеттерді ескеріп, алдағы жоспарын түзеуге кірісті. Ағымдағы аптада Үкіметтің кезекті отырысында 2017 жылдың жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын жасақтау мәселесі қаралды, деп тілшсі.Алдағы алты айдың ішінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жобасын толығымен әзірлеп қоюды жоспарлап отыр.  «Біз биылғы жылдың маусым айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз. Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты - қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде», - дейді министр Дәурен Абаев.

Дәл осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ел мектептеріндегі әрбір сыныпқа ішкі Wi-Fi желісін қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептерде әрбір оқушыны жеке шкафтармен қамтамасыз етпекші. «Оқулықтарды, аяқ киім мен спорттық жабдықтарды сақтау үшін мектеп оқушысын жеке шкафпен қамтамасыз ету - әлемдік тәжірибе. Бұл жобаны біз мектеп директорларымен, өрт сөндірушілермен, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының өкілдерімен ұзақ талқыладық. Бұл бағыттағы қадамдар өз кезегінде көптеген проблеманы шешеді, оның ішінде оқушы рюкзагының ауырлығын жеңілдетеді. Әрбір балада жеке шкафы болуы тиіс», - дейді ол. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, осы саладағы шаралар ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардың қаржысына бастауыш сыныптарда басталады. Ал мектепте демеушілік қаржыны пайдалану бойынша арнайы ереже әзірленеді. «Білім беру ұйымдарында демеушілік қаржы бойынша мәселені ретке келтірмекпіз. Осы орайда өз еркімен қаржы бөлген демеушілік пен алым-салықтың аралығын нақты айқындамақпыз. Бұл өте үлкен мәселе. Сондықтан демеушілік қаржыны пайдаланудың қағидасын әзірлеп жатырмыз. Мектепте қамқоршылық кеңесі қаржыны бақылайтын болады. Яғни, міндетті түрде жергілікті қоғамдастық пен ата-аналар әлеуметтің алдында мектеп басшылығының есебі де ескеріледі», - деп атап көрсетті Сағадиев.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болса, наурыз айында жаңа «Еларна» кинотелеарнасын іске қосамын дейді. Аталған арнада отандық көркем және деректі фильмдер, сондай-ақ сериалдар көрсетіледі. Сондай-ақ министр мырза халықты мәдениет пен өнермен барынша сусындату мақсатында ондай нысандарға кіруді тегін қылу қажет деп санайды. «Әр айдың үшінші жексенбісінде музейлерге және жылына төрт рет театрларға, олар: дүниежүзілік Театр күні, 27 наурызда, Балаларды қорғау күні, Білім күнінде, Тәуелсіздік күнінде тегін баруды қамтамасыз ету ұсынылады. Сондай-ақ мектеп демалыстары шеңберінде оқушылар үшін театрлар мен музейлерге тегін бару ұсынылады. Нәтижесінде жылдың аяғына дейін аталған мәдениет нысандарына бару көрсеткіші 45 пайызға дейін жететін болады», - деп атап өтті Мұхамедиұлы осы аптада өткен Үкімет отырысында.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те өз әріптестерінен қалғысы келмейді. Ағымдағы жылы мамыр айында министр Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясының тұжырымдамасын әзірлеп беруге мүдделі. Сонымен қатар Сүлейменов экспорт географиясын кеңейту мен оған қолжетімділікті жақсарту мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы барысында бірқатар елдермен еркін сауда жөнінде келіссөздер жалғасатынын жеткізді. Осы орайда ол Үндістан, Мысыр, Сингапур, Сербия, Израиль және басқа да елдер қамтылып отырғандығын атап өтті. Мұнымен қоса, ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бағытында да келіссөздер жүргізіледі.

Ал Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның «Киберқалқан» жүйесі қалай жасақталып жатқандығын айтып берді.

«Қазақстанның Киберқалқаны жүйесі» еліміздің ақпараттық және киберқауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық-құқықтық және ұйымдастырушылық-техникалық шаралардың кешенінен, аппараттық-бағдарламалық кешендер мен жобаларынан тұрады. Заңнамалық базаның басым бөлігі дайындалып бітті», - деді министр Үкімет отырысында. «Электронды шекара деп аталатын коммуникацияны басқарудың орталықтандырылған жүйесі бар, шифрді қолданатын заңсыз ақпаратқа шектеу қоятын қауіпсіздік сертификаты жасалды», - дейді ол.

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау саласында да біраз шараларды атқару жоспарланған. Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымовтың айтуынша, республика бойынша бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіштердің санын барынша арттыру жоспарланып отыр. Мәселен, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің бейнетіркеуіштерін осы айда тағы сатып алынбақ. «Ала таяқтан» бас тартуға байланысты жергілікті жерлердегі жол-патрульдік полиция қызметкерлері толығымен жарықшаммен жабдықталған қолғаптармен, жарық шағылыстыратын арнайы формамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ІІМ жергілікті әкімдіктердің қолдауымен ауылдық инспекторлардың көліктерін дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықтауды қолға алмақ. Жолдағы қауіпсіздікке бақылау негізінен патрульдік көлікпен жүргізілетіндіктен, аймақтарда автопатруль полицейлерінің санын ұлғайту жоспарланып отыр. Жергілікті жерлерде жолдағы қауіпсіздік пен тәртіпті фото және видеотіркеу құрылғылары арқылы қадағалау өз жемісін береді.  Олардың тиімділігі тайға таңба басқандай анық. Өткен жылдың өзінде аталмыш құрылғылар арқылы 900 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелді», - деп атап көрсетті Қасымов. Бейнебақылау камераларын орнату кезең-кезеңмен жүреді. Алдымен xалық көп жүретін жерлерде: базарларда, сауда орындарында орнатылады.

Үкімет отырысы аясында энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде бензин не себепті қымбаттағанын да түсіндірді. «Себептердің бірі - ол рубльге шаққандағы теңге бағамының өзгерісі, яғни екі апта бұрын орын алған жағдайға байланысты. Импортты бензин сатып алынған кезде, сәйкесінше ресейлік бензинге баға өскен болатын. Жалпы, өткен жылы теңге бағамы рубльге қарағанда 20 пайызға әлсіреді. Осы орайда рубльмен баға айтарлықтай көтерілмейді, алайда теңгеге ауыстырғанда, тұтынушыға қымбаттау түсетіні байқалады. Атап айтқанда, біздің мұнай өңдеуші зауыттар жұмысын істеп жатыр, бұл ретте жоспар бойынша жүріп жатыр. Қажетті көлемді өндіруде. Сондықтан жанар-жағармай тапшылығы жоқ және болмайды да», - деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Айтпақшы, осы аптадан бастап Үкімет жұмысында бір өзгеріс байқалып отыр. Ол жерде Жолдауды кеңінен түсіндіруге арналған брифиингтер сериясы басталды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе