ҮКІМЕТ АПТАЛЫҒЫ: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қаңтарында басталады

20 қарашада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қаңтарында басталатынын жеткізді.«Қазіргі уақытта біз тұрғын үй салудың жаңа механизмдерін әзірлеудеміз. Бағдарламаға сәйкесінше өзгертулер желтоқсан айында енгізіледі.  Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан еліміздің барлық өңірінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша үйлердің құрылысы басталады», - деді ол.

Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарға инженерлік желілер тарту және құрылысты жобалауға 35 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үй құрылысы үшін «Бәйтерек» холдингіне 0,1 пайыздық ставкамен 30 жылға 145 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Жалдамалы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының операторы «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ болады. Қосымша 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан бөлінетін 145 млрд. теңгеден бөлек те қаржы қарастырылады. Атап айтқанда, 2013-2014 жылдарға арналған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына 29 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген болса, Қазақстанның ипотекалық компаниясы қор нарығында 2017-2019 жылдарға арналған 50 млрд. теңге сомасындағы облигацияларды орналастырады. Бұдан бөлек, басқа да қаржы көздерінен баспана құрылысына 25,8 млрд. теңге тартылады.

«Нәтижесінде тұрғын үй құрылысына салынатын қаржының жалпы көлемі 250 млрд. теңгені құрайды», - деді Б.Сағынтаев. 

Сондай-ақ, Б. Сағынтаевтың айтуынша, дайын үйлер жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы берілуі мүмкін. «Қазіргі уақытта барлығын да ең бірінші кезекте тұрғын үй құрылысы мәселесі алаңдатуда. Пәтерлер қалай бөлінеді, қандай мерзімге, сатып алсаң қанша, жалға алсаң қанша болады, қалалар бойынша қанша қаржы бөлінеді деген мәселелерді білгілері келеді. Қазірдің өзінде күн сайын әкімдер хабарласып, әрбір облыстың қанша қаржы алатындығын сұрауда», - деді отырыс барысында бірінші вице-премьер.

Оның атап өтуінше, бұл мәселелерге орай Үкімет Қазақстанның құрылысшылары қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеуде.

«Біз оларға дайын үйлері бар болса, онда осы бағдарлама бойынша сатуды ұсынамыз. Әрине, бағасы сәйкес келетін болса. Біз Алматы мен Астанаға шаршы метріне 185 мың теңге, ал облыстарға шамамен шаршы метріне 150 мың теңге болатын баға ұсынып отырмыз. Бұған қоса, біз инфрақұрылымын аяқтаймыз ғой. Егер, бұл ұсыныс олардың көңілінен шығатын болса, онда біз дайын үйлерді сатып алуға келісеміз. Мұндай жағдайда келер жылдың  соңына дейін күтпей, келесі жылдың басынан бұл пәтерлерді тарата бастаймыз», - деді Б.Сағынтаев.

 

Еуропа елдерінің нарығына қазақстандық бидайды шығару тиімсіз - А. Мамытбеков

Ал апта басында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ағымдағы жылы жалпы бидай көлемі тазартылғаннан кейін шамамен 17,6 млн. тонна болатынын айтты. Бұл бидайға экспорттық әлеуетті жеті миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. «Бастырылған бидай шамамен бункерлік салмақта 18,3 млн. тоннаны құрады, әр гектардан егін түсімі 12,6 центнерді құрап отыр. Ал майлы дақылдар егістік алқабының 64 пайызынан жиналды, жиналған бақша өнімдері мен картоп 99,6 пайызды құрады. Бұл ретте көкөніс дақылдары былтырғы деңгейден гектарына 12 центнерге артық, ал картоп гектарына 15,9 центнерге артық», - деді А. Мамытбеков.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Еуропа елдерінің нарығына қазақстандық бидайды шығару экономикалық жағынан тиімсіз. «Қазақстанның географиялық жағдайы да, оның тереңконтинентальды орналасу орны да астық тасымалының, оның бағасының бәсекесіне әсер етпей қоймайды. Мәселен, Қазақстаннан бір тонна бидайды Қара теңіз бен Балтық теңіз жағалауына дейін тасымалдаудағы көліктік шығын жүз доллардан асады. Сондықтан да, жоғары протеинді, органикалық астықты қоспағанда, Қара теңіз бен Балтық теңізі порттары арқылы Еуропалық елдердің нарығына, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс елдеріне қазақстандық астықты экспорттау экономикалық тұрғыдан еш тиімсіз», - деді Асылжан Мамытбеков.

Үкімет сағатында министрдің тағы бір көтерген мәселесі Ресей Қазақстанмен бірлескен астық холдингін құруға мүдделі екендігі.

«Ресей тарапынан түрлі ұсыныстар болды, соның ішінде бірлескен астық холдингін құру туралы ұсыныс та жасалды. Біз бұны мүмкін болатын қадам деп есептейміз. Тіпті, Ресейдің көптеген өңірлері астықты өздерінің солтүстік өңірлерінен Краснодар өлкесінен, Ставропольдан тасымалдап, зор шығынға батып жататынын ескерсек, онда бұл бағытта біз үшін белгілі бір пайдалы тұстар бар деп есептеуге болады», - деді Асылжан Мамытбеков. Бұл ретте министр Ресеймен келісе отырып, своп-операцияларды жолға қоюға болатынын да алға тартады. Соның ішінде, Мәскеу мен Санкт-Петербор нарықтарының өзі қазақстандық тұтыну нарығымен теңдей екенін еске салады министр.

 

12 жылдық мектептің алғашқы түлектері 2014-2015 оқу жылы бітіріп шығады - БҒМ

18 қараша, яғни сейсенбі күні өткен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев 12 жылдық білім беру бойынша мектептің алғашқы түлектері 2014-2015 оқу жылында бітіріп шығатынын жеткізді. «Тұтастай алғанда, елімізде 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі жан-жақты зерттеп, талданды. Халықаралық тәжірибелер көптеген елдерде білім беру он екі жылға жалғасатынын көрсетіп отыр. Ал 6 жастан бастап мектепке қабылдау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 21 елінде және әлем елдерінің 60 пайызында қолданылады», - деді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев. Оның айтуынша, бір жылға ұзартылған бастауыш мектептің жаңа моделі балалардың дамуындағы өтпелі дағдарыстық кезеңдер бойынша психология-физиологиялық ерекшеліктерді  ескереді. «2003 жылдан бері 12 жылдық білім беру үлгісі бойынша сынақ жұмыстары жүргізіліп келеді. Республиканың 104 мектебінде 1 мың 233 оқушы осы оқыту үлгісімен қамтылған. 6 жасынан бастап қабылданған 12 жылдық білім беру бойынша алғашқы түлектер 2014-2015 оқу жылында бітіріп шығады. Сынақ ретінде жүзеге асқан сыныптардың бітірушілері жоғары оқу орындарында білімін жалғастырғысы келсе, жалпылама негізде 2015 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады», - деді вице-министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы санаттағыларға арналған тестілеу сұрақтары сынақтық білім беру ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленуде. 

 

Қазақстан Үкіметі Экономикалық ынтымақтастық ұйымының елдерімен әріптестік үшін барлық жағдай жасайды - К. Мәсімов

19 қарашада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2017 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

Отырыста Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. «Ұлттық қорды басқару кеңесінің Қордың кепілдендірілген трансфертін он бес пайызға ұлғайту туралы қабылданған шешіміне сәйкес, оның мөлшері 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 1 трлн. 702  млрд. теңге сомасында айқындалды. Осы кезең ішінде жыл сайын бөлінетін кепілдендірілген трансферт кезінде Ұлттық қордағы төмендемейтін қалдық Ішкі жалпы өнімге отыз пайыздан төмен болмайтын шектеу сол қалпынша қалады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, болжамға сәйкес, Ұлттық қор қаражатының жалпы көлемі 2015 жылы 97 млрд. доллардан 2017 жылы 115 млрд. 600 млн. долларға дейін ұлғаяды.

«Заң жобасын қабылдау әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды қоса алғанда республикалық бюджет шығыстарын толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік береді», - деді Е. Досаев.

Сонымен қатар, жалпы отырыста депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстан Үкіметі құрылымдық реформаларды жүзеге асыру нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының елдерімен әріптестік үшін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, депутат Гүлмира Исімбаева елімізде қабылданып жатқан шараларға қарамастан Дүниежүзілік банктің жариялаған дәстүрлі мәліметтері бойынша Қазақстанның бизнесті жүргізу деңгейі төмендегенін атап өтті. «Мәліметтер бойынша біздің еліміз 189 мемлекеттің арасында 77-орын алып отыр. Былтыр елуінші орында тұрған едік. Бұл қалай?» - деп сұрады депутат Г. Исімбаева.

Өз кезегінде Премьер Кәрім Мәсімов Елбасы Үкімет алдына өте ауқымды міндеттер жүктегенін, бизнесті жүргізу бойынша Қазақстанда айтарлықтай шаралар атқарыла беретінін атап өтті. «Осыған байланысты біздің Үкімет ішінде арнайы комиссия құрылып, оны Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басқаратын болды. Біз ай сайын, кейде одан да жиірек Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлеес отырып, позициямызды жақсарту үшін не істеу керектігін ақылдасып отырамыз», - деді К. Мәсімов.

Сондай-ақ, К. Мәсімовтің айтуынша, Жекешелендіру құр әшейін жекешелендіру үшін емес, экономикалық қызметтің тиімділігін арттыру үшін жасалуы керек. «Үкімет алдына Елбасы жүктеген маңызды тапсырмалардың бірі осы - жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру. Бұл ретте бірқатар аса маңызды аспектілер бар. Жекешелендіру аясы тар мақсат емес, өйткені, мемлекеттік меншікте тұрып-ақ табысты қызмет дамып жатқан елдер де бар, сосын түгелдей жекеменшікке өткізген, бірақ дамуы соншалықты мақтанарлық емес мемлекеттер де бар. Сондықтан да жекешелендіру құр әшейін жекешелендіру үшін емес, экономикалық қызметтің тиімділігін арттыру үшін жасалуы керек», - деді К. Мәсімов.  

Сонымен қатар, Премьер жекешелендіру шарасына отандық инвесторлардың белсенді қатысқаны өзекті екенін айта келе, өздерінің жаңа технологияларымен, жаңа басқару тәсілімен шетелдік инвесторлардың келгені де маңызды екенін атап өтті. «Біз шетелдік инвесторлармен белсенді диалогқа барып, оларды қосымша инвестициясымен елімізге келуге шақырып жатырмыз», - деді Үкімет басшысы.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе