Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың туған ауылында жаңа мектеп салынып, бұлақ көзі ашылды

Жуалы ауданындағы Боралдай ауылдық округінің Ертай ауылында, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, ҚР Қарулы Күштерінің бұрынғы Бас штаб бастығы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевтың ауылында жаңа мектеп ашылды.Кең сынып бөлмелері, заманауи акт және спорт залдары бар 120 орындық білім мекемесінің құрылысын «Самғау» ЖШС жүргізді.

Жаңа мектептің ашылу салтанатында компания басшысы Советхан Мықтыбеков мектеп директоры Алтын Әбдуәлиеваға символдық кілтті тапсырды.

Жуалылық журналист Гүлмира Дембаеваның айтуынша, осы ауылдың түлегі Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ауылдастары үшін көптеген игілікті шараларға мұрындық болып жүр. «Ол өзінің туған жері Жуалыға келген сайын жаңа бір істі ала келеді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Ертай ауылында біздің жерлесіміз мешіт пен бақ, ардагерлер аллеясын салуға көмектесті, ауылдан шығар жерде арка құрылысын қаржыландырды. Оның көмегімен және белсенді қолдауымен көпірлер мен жолдар жөнделді, мына мектеп салынды», - деп түсіндірді Г.Дембаева.

Сонымен бірге соңғы келген жолы Б.Ертаев ауылдастарымен бірге бұлақтарды тазартып,  көзін ашты. «Қамыс басып кеткен арналардың тынысы кеңіп, мөлдір бұлақтардан сылдырап су ақты», - деді жуалылық журналист.

 «Мұндай ізгі бастамалар өскелең ұрпақ үшін жақсы үлгі, - деп атап көрсетті Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев. - Ал таза бұлақ суы ауданымыздың игілігіне айналды».

«Су қайда болса, өмір - сонда, - деді Б.Ертаев. - Мұны біздің ата-бабларымыз жақсы білген. Мөлдір бұлақ суы шөл қандырумен бірге, оның құрамында көптеген пайдалы қасиет бар. Бүгінде тұщы судың зарын тартып отырған елдер бар, сондықтан да бұл қазір әлемдік проблемаға айналды. Мемлекет басшысының «Ақ бұлақ» бағдарламасына бастамашы болуы кездейсоқ емес. Біздің ауылдастармен бірге атқарған ісіміз жастарымызға да жұғысты болса деген тілек бар».

Облыстық білім басқармасының мәліметтері бойынша, Жуалы ауданында 42 мектепте 10 829 бала білім алуда.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе