Жезқазған мен Арқалықтың дамуына жаңа серпін берілді - Апталық шолу

Осы аптаның басында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысында бірқатар нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ өңір жұртшылығымен және кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Атап айтқанда, жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімдігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Президент егіс алқаптарын тексеруді, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алуды, қант қызылшасының алқабын ұлғайтуды тапсырды.  

«Қант қызылшасы сіздерде, Алматы облысында ғана өседі, егіс алқабын неге кеңейтпейсіздер?» - деп сұрады Елбасы бұл өсімдік өсетін аудандардың әкімдерінен. -  Зауыттардың бәрі жеке меншікке өтті, әрқайсысы өз шартын қояды. Шетелдік шикізат - қант қамысын қайта өңдейді. Керек болса жаңадан зауыттар саламыз?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев  қант қызылшасының алқабын кеңейту мен оны қайта өңдеуге кедергі келтіретін мәселелерді жақын арада анықтауды және оны шешуді талап етті. Бұдан бөлек, «Ақ бұлақ», «Еңбекпен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламаларының жүзеге асуына ерекше мән беруді тапсырды.

«Тұрғындардың өмір сүру деңгейі осы бағдарламалардың сапалы жүзеге асуына байланысты. Сондықтан бұл жобаларға жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы, әсіресе, 100 пайыз орындалуы тиіс инновациялық жобаларға айрықша тоқталды.

Сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы облыстың кейбір аудандарында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көмек алған кәсіпкерлердің саны аз екендігіне назар аударды. Осыған байланысты ол халықты маңызды мемлекеттік бағдарламаларға тарту тұрғысынан жергілікті билік жұмысының тиімділігі жеткілікті деңгейде емес екенін айтты.

Қазақстан Президенті Ақсу, Балқаш және Қаратал аудандарында Индустрияландыру картасы аясында бірде-бір жоба іске аспағанын, мұндай жағдайдың себебі облыстық әкімдік жұмысының әлсіздігінен болып отырғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты айта келіп, аграршылардың қолда бар ресурстарды пайдаланбайтынын және жаңа технологияларды енгізумен айналыспайтынына тоқталды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы салалары бойынша сұранысқа талдау жүргізуді, басымдығы бар бағыттарды анықтауды және саланы дамыту жөніндегі шараларды әзірлеуді тапсырды.

Қазақстан Президенті бөлінген жер учаскелерінің қолданылуының мақсатқа сәйкестігіне тексеру жүргізу қажеттігін тағы да қадай айтты.

Сондай-ақ, Елбасы ауыл шаруашылығының жеткілікті дамымауы себепті  соңғы 4 жылда облысқа импортталатын тауарлар көлемі 432 миллион доллар болғанын, бұл экспорттан 3 есе көп екендігіне тоқтала келе, импорттың денін құрайтын тауар түрлерін анықтап, оны қысқарту үшін жұмыс жүргізуді тапсырды.

Қазақстан Президенті сумен қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударды. Атап айтқанда, бөлініп отырған қаражатқа қарамастан облыстың 212 ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.

Мемлекет басшысы өңірде туризмді дамыту жайына тоқталып, айналасында туристік инфрақұрылым қалыптастыру мүмкіндігі бар екі көлдің - Балқаш пен Алакөлдің елеулі әлеуетін  бизнесмендер пайдаланбай отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ  Нұрсұлтан Назарбаев өңірді дамыту үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек жасалып жатқанына тоқталды. «Өз кезегінде жергілікті билік органдары тұрғындарды жұмыспен қамту, баспана құрылысы, денсаулық сақтау мен білім беру саласын дамыту мәселелеріне баса ден қоюға тиіс».  

Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы айтылған ескертулердің бәрін қаперге алуды, ал Үкіметке әрбір бағыт бойынша алдағы қадамдарды анықтауды, Президент Әкімшілігіне барлық мәселелерді өз бақылауына алуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарының екінші күнінде облыс активімен кездесті. Кездесуді қорытындылай келіп, Мемлекет басшысы өңірдің жаңа әкімі  Амандық Баталовты таныстырды, оның кандидатурасы облыстық мәслихат депутаттарымен келісілді.

  «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» екі жаңа теміржол желісінде қозғалыс басталды

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» екі жаңа теміржол желісіндегі қозғалысты бастап берді. «Бүгін біз екі жаңа теміржол магистральдарын ашып отырмыз. Мұндай оқиға біздің тарихымызда болған жоқ. «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жолдарының жұмысы бірнеше өңірдің, бүкіл республиканың өміріне ұзақ жылдар бойы және алдағы ондаған жылдарға қызмет етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  Президент тәуелсіздіктің бүкіл кезеңінде теміржолдар мен автомобиль жолдарының  құрылысы ешқашанда тоқталмағандығын, «өйткені біздің еліміздің  орасан зор аумағында көлік коммуникациясын дамытпайынша даму мүмкін еместігін» атап көрсетті.

Құрылыстың бастапқы нүктелері: Маңғыстау облысындағы  Бейнеу стансасынан, Ақтөбе облысының Шалқар стансасынан, Қызылорда облысының Сексеуіл стансасынан және Жезқазған қаласынан тікелей телекөпір арқылы қосылу жаңа жолдармен жүк алып шыққан алғашқы пойыздардың аттануын көруге мүмкіндік берді.  Ауқымды көлік жобасының құрылысы 2012 жылғы маусымда басталған болатын. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, үлкен жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 1200 шақырымнан астам жол төселіп, түйістірілді, қызметкерлер мен қызмет көрсететін адамдарға тұрғын үй нысандары салынды, қажетті инфрақұрылым тұрғызылды.  Жаңа темір жолдардың орналасуы Қазақстанның батысынан шығысына және солтүстігінен оңтүстігіне жүктер тасымалдау қашықтығын қысқартады, еліміздің көлік мүмкіндіктерін кеңейтеді. «Бүгін пайдалануға берілетін 1000 шақырымнан асатын теміржолдар «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарындағы жүк тасқыны бағыттарын оңтайландырады. Теміржолдардың жұмысы Орталық және Батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беріп, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуеттері мен өндірістерінің дамуын жеделдете игеруге жағдай туғызып, экономикалық белсенділігін ынталандырады. 3,5 мың жұмыс орындары ашылады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.  ҚТЖ жаңа жолдарды іске қосу Қытайдан Ресей бағытына және одан әрі Еуропаға трансқазақстандық көлік дәліздерінің көліктік әлеуетін елеулі арттырады деп санайды.

Н.Назарбаев «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» желілері енді өңірдің келбетін танымастай өзгертетіндігін атап өтті. Бұдан былай Жезқазған көлік тұйығы болмайды. «Бұл қаланы дамыту үшін өте маңызды. Арқалық та теміржол тұйығы болмайды. Бұл өңір тұрғындары үшін үлкен бақыт және үлкен оқиға. Енді ол республикалық және халықаралық маңыздағы стратегиялық бағытта орналасқан», деп атап өтті»,  - Мемлекет басшысы

Сонымен қатар екі жаңа теміржол магистральдарын ашу кезінде Президент Үкіметке Жезқазған экономикалық өнеркәсіптік өңірін қайта қалпына келтіру және дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Статистика комитетінің штаты қысқарады

Өтіп бара жатқан бұл аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов ведомстводағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.  «Қазіргі уақытта бізде қайта құрылымдау жүргізілуде. Біздің агенттік Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті болып қайта құрылуда және біз штатымызды қысқартамыз. Қазіргі уақытта біз штатымызды 6 пайызға қысқарту туралы ұсыныс жасадық», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Сонымен қатар ол комитеттен қанша қызметкердің қысқартуға ұшырайтындығын да ашық айтты.

«Тек орталық аппараттан ғана шамамен 20 адам қысқарады. Дегенмен бұл соңғы сөзіміз емес. Қазір бұл жұмыстар Ұлттық экономика министрлігі аясында жүргізілуде. Меніңше, таяу күндері штат саны шегін нақты анықтайтын боламыз және сіздерге қосымша ақпарат береміз», - деді Ә.Смайылов.

Бұдан бөлек комитет басшысы қаңтар-маусымдағы ЖІӨ-ның шынайы мәндегі өсімі 3,9 пайызды құрағанын жеткізді. Ал 7 айдың қорытындысына келер болсақ, болжамды бағалауға сәйкес ЖІӨ өсімі 4 пайызды құрайды. Яғни, 0,1 пайызға жоғары болып отыр.

Мұнымен қоса ол биылғы қаңтар-маусымында Қазақстан халқы 124 мың адамға артқандығын атап өтті.«2014 жылдың 1 шілдесінде еліміздегі халық саны 17 284,9 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар - 9 523,1 мың (55,1%), ауылдықтар - 7 761,8 мың адамды (44,9%). 2014 жылғы қаңтар-маусымда жалпы елімізде халық саны 124,1 мың адамға немесе 0,7 пайызға  өсті, 2013 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 256,3 мың адамға немесе 1,5 пайызға артты», - деді ол.

  

Апатты мектептер мәселесі айрықша назарда

Бүгін білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленетіндігін айтты. «Үш ауысыммен сабақ беретін және апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Оларды жергілікті атқарушы органдармен және жеке сектормен бірлесіп  5 жылдық мерзім ішінде жоюдың кезең-кезеңдік жоспары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленетін болады», - деді Г.Әбдіқалықова.

Вице-премьердің атап өтуінше, картада өңірлердегі барлық апатты мектептер және олардың жыл сайын жойылу мүмкіндігі анық көрсетілуі тиіс. Жалпы, ағымдағы жылдың 1 тамызында елімізде 176 апатты мектеп қалып отыр. Ал жыл басында олардың саны 180 мектеп болатын. Бұдан бөлек, жыл басында үш ауысыммен сабақ беретін 104 мектеп болса, 1 тамызда олардың 103-і қалды.

«2014-2016  жылдары 258 мектеп салу жоспарланған. Олардың 192-сі 141,3 млрд. теңге республикалық бюджет қаржысы есебінен салынады», - деді ол.

Г.Әбдіқалықованың айтуынша,  Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарды оқу-әдістемелік материалдармен жабдықтау заңмен реттелетін болады. Ауылдық жерлерде білім беруді дамытуға, тірек ауылдарда интернаттарды қайта құру арқылы шағын жиынтықты мектептердің материалдық-техникалық базасын және кадрлық құрамын нығайтуға ерекше назар аудару қажет.

Сондай-ақ вице-премьер мектепке дейінгі білім берудің оқу бағдарламасы, педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі жаңартылу үстінде екендігін атап өтті. «Мектепке дейінгі ұйымдарды жергілікті деңгейде оқу-әдістемелік материалдармен жабдықтау мәселесін заңмен реттеу жоспарлануда. Заң жобасы 2014 жылдың қыркүйегінде Парламентке енгізіледі», - деді Г.Әбдіқалықова.

Айтпақшы, Қазақстанда бастауыш білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа жобасы әзірленді. 2009 және 2012 жылдары жүргізілген ЭЫДҰ PISA халықаралық зерттеулері негізіндегі тәжірибені тарату аясында Назарбаев зияткерлік мектептері бастауыш білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа жобасын әзірледі. Стандарт 2015-2016 оқу жылдарында 30 мектептің базасында қабылданатын болады.

Осы орайда вице-премьер жаңа жағдайда жұмыс істеу үшін педагогтер дайындығы сапалық деңгейге көтерілуі тиістігін баса айтты.

«Оқытушылар жаңа педагогикалық технологияларды игеруі және балаларға өмір дағдыларын үйретуі тиіс. 12 жылдық білім беру беру моделіне көшу аясында білім бағдарламаларының мазмұнын түбегейлі өзгерту қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе