Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі көмегімен азаматтар білім беру шығыстарын 40 пайызға төмендете алады - «Қаржы орталығы» АҚ президенті Р.Әлімқұлов

Осыдан екі жыл бұрын елімізде Мемле­кеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылып, сәйкесінше заңға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 14 қаңтарында қол қойған болатын. Осы қа сұхбат берген «Қаржы орталығы» АҚ-ның президенті Рамазан Әлімқұлов аталған жүйені енгізу процесі қалай жүргізілді, қарапайым банк салымдарымен салыстырғанда білім беру депозитінің басымдығы неде, бұл жүйеге халық арасында сұраныс қандай деген сауалдар төңірегінде толымды жауап берді.- Рамазан Сихымұлы, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін әзірлеудегі негізгі мақсат қандай?

- Басты мақсаты - халықтың тегін білім алуына қолдау көрсету. Бұл жаңашылдыққа еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей бастамашы болған еді. Есте болса, 2011 жылғы Жолдауында Елбасы: «Қазақстандықтарда мемлекеттен пай­ыз­дық бонустар ала отырып бала­ларын оқытуға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс», - деп атап өткен болатын.

Осыдан кейін Білім  және ғылым министрлігі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін әзірлеу ісін қолға алды. Халықаралық тәжірибе зерделенді, шет елдердегі халықтың пікірлері сараланды. Нәтижесінде 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды. Ал сол жылдың маусым айында «Темірбанк» АҚ-ында бірінші депозит тіркелді.

- Білім беру салымының басымдығы неде?

- Өздеріңіз де білетіндей, банктің 8-ден 10 пайызға дейінгі сыйақысынан бөлек 5-тен 7 пайызға дейінгі мөлшерде мемлекеттік сыйақы да аударылып отырады. Бұл депозиттердің басқа түрінен ең басты айырмашылық. Басымдықты санатқа, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары, көп балалы отбасыдан шыққан балалалар салымшылары 7 пайыздық мемлекеттік сыйақы алады. Ал қалған салымшыларға 5 пайыз сыйақы аударылады.

Бүгінгі күні білім беру депозитін «Fortebank» АҚ, «БТА банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Цесна банк» АҚ-ында ашуға болады. Таяу аралықта қатысушы банктердің қатары еселене түсетін болады. Мәселен, «Нұрбанк» АҚ-ымен алдын ала уағдаластық бар. Мұнан бөлек, «Ресей жинақ банкі» еншілес банкімен, «ВТБ банк» АҚ еншілес ұйымымен (Қазақстан) келіссөздер жүргізілуде. Біздің есептеулерімізге сәйкес, МББЖЖ (Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі) көмегімен азаматтар білім беру шығыстарын кемінде 40 пайызға төмендете алады. Егер бала грантқа оқуға түсетін болса, онда мемлекеттің және банктің сыйақыларын қоса алғандағы барлық жинақталған қаржы салымшының толық қарамағына өтеді. Яғни, ол қаржыны толығымен банк шотынан шешіп алады немесе салымды одан ары жалғастырып, үшінші тұлғаның атына аударуға да мүмкіндігі бар. Осылайша, мемлекет оқушыны үздік оқып, мемлекеттік білім беру грантын иеленуге ынталандырып отыр.

- Қазіргі уақытта МББЖЖ салымшыларының саны қанша?

- Бүгінде 10 мыңнан астам адам балаларының болашақта білім алуы үшін мемлекеттен қосымша бонус үстемелей отырып, қаржы жинай бастады.  Біздің көзқарасымызша, бұл Білім министрлігінің, жүйе операторы ретіндегі Қаржы орталығының нақты жұмысының лайықты көрсеткіші.        

- Жүйені енгізу барысында қандай қиындықтар туындады әрі оны қалай шештіңіздер?

- Ең қиыны барлық процестің техникалық жұмыстары болды. Өйткені, біздің алдымызда бірнеше банктің және бірнеше мемлекеттік органның мәліметтер базасын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіру міндеті тұрған еді.

Бұған қоса, негізгі Заң қабылданғаннан кейін жүйеге қатысушылар арасында үлгілік келісімшартты бекіту бойынша нормативтік жұмыстар алдымыздан шықты. Ол да біраз уақыт алды.  

МББЖЖ-ны жүзеге асырудың негізі қаланғаннан кейін білім беру депозитінің шарттары мен басымдықтарын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта дәл осы бағыт, яғни азаматтарға жүйенің жаңа мүмкіндіктерін түсіндіру Қаржы орталығы үшін ең басты басымдық болып отыр.

- Халықпен кері байланыс бар ма? Болса, ол жүйені одан ары дамытуға өз септігін тигізе ме?

- Халықты ақпараттандыру барысында көптеген пікір алдық. Жалпы, мемлекеттің бұл бастамасын біздің азаматтарымыз жақсы қабылдап отыр. Телеарналар мен радиолардан, баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарына жарнамалық іс-шаралар көрсетіліп, Қаржы орталығының қызметкерлері өңірлерге сапарлары барысында халықпен тікелей кездесулер ұйымдастырды. Астана мен Алматы қалаларында, сонымен бірге облыс орталықтарында 300-ге жуық таныстырылым өткізілді.

Тұрғындар тарапынан сауалдардың басым бөлігі өз салымдарының сақталу кепілдігі мен депозиттерді бір банктен екінші банкке ауыстыру мүмкіншілігі төңірегінде болды.

Жеке тұлғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де Депозиттерді кепілдендіру қорымен 5 млн. теңге мөлшеріне дейін сақтандырылған. МББЖЖ қатысушылары банктері арасында салымдарды ауыстыру мүмкіншілігі де қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен бір шарты бар. Яғни, білім беру депозиті бастапқы ашылған банкінде кемінде 1 жыл болу тиіс.

Толықтай алғанда, өңірлерде жүргізілген жұмыстар халықтың қаржылық сауаттылығы мен қаржы жинау мәдениетінің жоғары еместігін көрсетті. Біздің азаматтардың басым бөлігі болашаққа жоспар құрып, мемлекетпен бірге білім беру жинағын жинақтағаннан гөрі несие алып, банкке пайыздарын артығымен төлеуге бейім. Адамдарды стратегиялық жоспар құрып, ұзақмерзімді мақсатқа қаржы жинауға үйрету бір күндік жұмыс емес.

Әрине, білім беру депозиттерін пайдаланатын азаматтардан келіп түсетін сауалдар мен пікірлер білім беру салымы жүйесін одан ары жетілдіруге септігін тигізері сөзсіз.

- Білім беру депозиттері жеке тұлғалардан бөлек, тағы да кімдер үшін қызықты?

- Қайырымдылық қорларына, өз қызметкерлерінің білімін жетілдіруге мүдделі ұйымдар мен компанияларға тиімді.

Мұның жарқын дәлелі Сара Алпысқызы Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының акциясы жарқын дәлел бола алады. Қор балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан шамамен 7 мың балаға білім беру депозитін ашты. Ал бұл Қазақстандағы жетім балалардың шамамен 90 пайызы мемлекеттік грантқа іліге алмаса да болашақта жоғары оқу орнында немесе колледждерде   білім алуына мүмкіндігі бар деген сөз.

Сары Алпысқызының мұндай қайырымдылық шарасы ата-анасының сүйіспеншілігі мен қамқорлығына ада қалған балалардың өз болашағын табысты өрістетуіне жол ашады.

Мұнан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзіңнен баста» қайырымдылық акциясы қолға алынды. Оның мақсаты - тек қарапайым азаматтарды ғана емес, сонымен бірге бизнес-қоғамдастық өкілдерін, Қазақстанның көрнекті қайраткерлерін мұқтаж балаларға білім беру жинағын ашуға тарту. Аталған акцияға қазірдің өзінде көптеген азаматтар қатысып, балаларға білім беру депозиттерін ашты.

Қайырымдылық қорлары үшін мұндай депозиттер ашықтығы үшін тартымды болуда. Демеушілермен жұмыс істейтін қайырымдылық қорлары жиі есептілік мәселесімен бетпе-бет келеді. Яғни, олар түскен қаржыны кімге, қандай мақсатқа жұмсағаны жайында есеп берулері қажет. Ал, білім беру депозитін ашқаннан кейін кез келген уақытта кімнің атына және қандай сомаға есепшот ашылғандығы жайында шынайы әрі толық есепті бере алады.

Өз қызметкерлерін оқытатын жұмыс берушілер аталған депозиттің көмегімен шығыстарын қысқарта алады. Толықтай алғанда, әрбір басшының білім беру жинағын қызметкеріне немесе оның баласының атына ашып, оны ынталандырушы шара ретінде қолдануға мүмкіндігі бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе