Шыңжаңдағы қазақ мектебінің оқушылары Қазақстанға келуді армандайды (ФОТО)

Қазақстандық БАҚ делегациясы Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Құлжа қаласының мамандандырылған қазақ орта мектебіне барды. Мектепте экскурсияны оның директоры Жанар Иманалы өткізді.Оның айтуынша, бүгінде оқу мекемесінде 7-12 сыныптар аралығында 1200 оқушы білім алып жатыр. Мектептегі гуманитарлық пәндер қазақ тілінде, жаратылыстану пәндері - қытай тілінде өткізілуде. Сондай-ақ балаларға ағылшын тілі де үйретіледі. Таңертеңнен бері барлық балалар сабақта болса, түстен кейін олардың демалуға немесе мектеп жанында жұмыс істеп отырған 27 үйірменің біріне баруға мүмкіндігі бар.

Бұл мектепте киім үлгісі спорттық. Балалар спорттық шалбар, көгілдір түсті жеңіл жейделер мен күртешелер киеді. Кеуделеріне оқушы туралы мәліметтер жазылған бейдж тағады.

Мектеп ауласында 700 адам тұратын жатақхана, дәретханалар және монша орналасқан.

Күн сайын негізгі қоңырау кезінде мектеп алдындағы алаңда би түріндегі сергіту сәті өткізіледі. Балалар әуелі кунг-фу амалдарын көрсетіп, одан кейін қазақтың қара жорғасын, ұйғыр билерін билейді.

Асханада ұлдар мен қыздар бөлек тамақтанады. Мұнда қытай және ұйғыр тағамдары беріледі. Наурыз мерекесінде балалар үшін қазақтың ұлттық тағамдары - наурыз көже, бауырсақ, қазақша ет әзірленеді. Асханада бейнебақылау жазбасы көрсетілетін арнайы экран орналасқан. Осылайша, балалар ас дайындау бөлмесінде не пісіріліп жатқанын көре алады. 

7 сынып оқушысы Кәрима Бердіқызының айтуынша, оның мектептегі сүйікті пәні - қазақ әдебиеті. Қыз бала Абай, Мұхтар Әуезов, Фариза Оңғарсынова және Мұхтар Шахановтың шығармаларын сүйіп оқитынын айтты. Ол болашақта Қазақстанға барып, онда қазіргі заманғы ақын-жазушылармен танысуды армандайды.

Жанар Иманалының түсіндіруінше, облыста білім беру тегін, себебі мемлекет орта білімге жыл сайын әр балаға 2 мың юань (шамамен 100 мың теңге) бөліп отырады. Бұл сома барлық шығындарды өтейді. Төленуге тиесілі тек жатақхана мен тамақтану. Жатақханада тұру бағасы бір тоқсанда 200 юань (10 мың теңге), тамақтану - күніне 14 юань (700 теңге). Мектеп 1935 жылдан бері жұмыс істеп келеді, оның қабырғасында көптеген танымал қазақ қайраткерлері білім алды. Педагогикалық құрам ҚХР ШҰАӨ Ұлттық-саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы төрағасы Асхат Керімбай мен атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызының осы мектептің түлектері екендігін мақтаныш етеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе