Президент Оралда салынып жатқан «Назарбаев Зияткерлік мектебін» аралап көрді

ОРАЛ. 12 Батыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, Оралда салынып жатқан «Назарбаев Зияткерлік мектебін» аралап көрді.Аталмыш мектептердегі оқу барысы, енгізіліп жатқан жаңа пәндер туралы, үш тілді оқытудағы тың әдістер мен басқа да жаңалықтар жөнінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы» АҚ төрайымы Күләш Шәмшидинова әңгімелеп берді.

Физика-математикалық бағыттағы аталмыш мектепті 120 орындық интернатымен биылғы тамызда пайдалануға беру көзделіп отыр. Онда 54 сыныпта 600 оқушы білім ала алады. Мектепте сабақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Соңғы үлгідегі интерактивтік және инновациялық жабдықтармен, түрлі зертхана, кабинеттермен толық қамтамасыз етілген мектепте білімімен озық нәтиже көрсеткен ең таңдаулы шәкірттер ғана оқи алады. Олар әлемдік педагогиканың үздік тәжірибесі негізінде үш тілді, жаратылыстану-математика пәндерін терең меңгеріп шығады.

Бүгінде еліміздің бес аймағында, атап айтқанда, Астана (2 мектеп), Талдықорған, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жұмыс істейді. Оралдағы мектеп Елбасының тапсырмасымен салынған жетінші Зияткерлік мектеп болмақ.

Оралдағы «Назарбаев Зияткерлік мектебіне» құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу 2011 жылдың 12 қыркүйегі мен 27 қазаны аралығында өтті. Жаратылыстану-математика бағдарламасы бойынша оқуға қабілетті балаларды іріктеу оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтетін 7, 8, 9 сыныптарға арналды. Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындауға арналған конкурсқа қатысу үшін шектік ұпайды 336 бала, соның ішінде ауылдық жерлерден 108 бала иеленді. 2012 жылдың 26 қаңтарында ҚР Білім және ғылым министрлігінде білім беру грантын тағайындау бойынша республикалық комиссияның отырысы өтті. Іріктеу нәтижесі бойынша 336 оқушы Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» оқу үшін «Өркен» грантының иегері болып танылды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінде» қатаң іріктеуден өткен жоғары білікті мамандар ғана жұмыс істейді. Орал қаласындағы Зияткерлік мектепке  қазақстандық 58 педагог таңдап алынды, сонымен бірге шетелдік 16 мұғалімді тарту көзделуде.

Мектеп жобасын «Ракурс-S» ЖШС жобалау компаниясы әзірлесе, құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Металл бұйымдары» бірлескен кәсіпорны» ЖШС жүргізуде.

Қазіргі таңда елімізде 15 мектептің жобалау және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын келешекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе