Математика саласында талантты оқушылар көп, көрсеткіштер де жақсы - академик А. Жұмаділдаев

АЛМАТЫ. Қаңтардың 14/Нәзира Елеухан/ - Алматыда дәстүрге айналған математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы VІ Халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайыстарында жоғары жетістіктермен көзге түсіп, ел атын әлемге танытуда. Өткен жылғы олимпиадада қазақстандық  оқушылар сарапқа салынған 86 медальдің 32-сін иеленіп, 5 алтын, 8 күміс, 17 қола медальдардың иегерлері атанған еді. Биыл бұл жарысқа 16 елдің атынан келген өрендер қатысуда.Осы орайда еліміздің танымал математигі, ҚР ҰҒА академигі, аталған   Халықаралық олимпиаданың әділқазылар алқасының тең  төрағасы Асқар Жұмаділдаевпен олимпиаданың барысы мен жас математиктердің болашағы жайында сұхбатымызды ұсынамыз.

  -Біздің қазақстанның жастары математика, физика пәндерінен өтетін халықаралық жарыстардан бірінші орын алып келіп жатыр. Шынымен, біздің қазақстандық балалар математикаға бейім бе, әлде бұл жетістіктер кездейсоқтық па?

-Әлемдік математикалық олимпиаданың біздің елде өтуін, ТМД елдері ішінде мәртебелі шараны Қазақстанға сеніп тапсырғандығы кездейсоқтық емес. Кездейсоқтық болатын болса, олимпиада 6-шы рет өткізілмейді, біздің елге мұнша математиктер келмейді. Бұл шараның бізде өтуі еліміздің білім деңгейі мен математикалық ғылымының көрсеткіші жоғары екендігін айғақтайды.  Бізде математика саласында талантты оқушылар көп, көрсеткіштер де жақсы.  ЮНЕСКО-ның зерттеу мәліметтері бойынша, тіпті біздің 4-5-ші сынып оқушылары жақсы нәтижелер көрсетуде. Өткен жылы Англияда үлкен форум болды. Біздің оқушылар сол жарыста 5-ші орынды жеңіп алған болатын. Шет елдің БАҚ-да біздің елді озып кетті, намысымызға тиіп кетті деп жазып жатты. 5-ші орын, ол үлкен жоғары деңгейлі орын. Ол да ғылымның,  балалардың, әсіресе қазақтың деңгейін көрсетеді. Кезінде әлем бойынша советтік білім ең үздік саналатын, оны жоққа шығаруға болмайды. Сол кезеңнен математика пәнінен  ең жақсы оқыту әдістері қалып, әлі күнге дейін жаңа өзгерістерге ұшырамай оқытылуда. Бұл әрине, біз үшін қуанышты. Математика пәні саясат пен идеологияны қозғамайды. Сол себептен өзгеріске ұшырамайтын сала.

  - Дәстүрге айналған олимпиаданың халықаралық әділ-қазылар алқасына қанша есеп ұсынылып, қаншасы таңдап алынды? Қатысушыларға берілетін тапсырмалар мен есептер халықаралық олимпиада талаптарына жауап береді ме?

 -Халықаралық әділ-қазылар алқасына математика пәні бойынша жалпы саны 30-дан аса есеп ұсынылды. Олардың ішінен жақсы да қызықты деген 6 есеп таңдап алынды. Есептер қиындығы жағынан  халықаралық олимпиада талаптарына жауап береді деп ойлаймын. Жалпы, менің пікірімше, ең  жақсы тапсырмалар әдемі, қызықты да қиын болуы керек. Егер олимпиада қатысушыларына мектеп есептерін берсең, әрине олар үшін ол тапсырмалар қызықсыз болады, сол себептен оларға құмарлықтарын арттыратындай қызық та қиын есептер ұсыну қажет. Бір жағынан ол есептерді балалар шығара алатындай болуы қажет. Тағы бір талабы - ол есепті бәрі бірдей шығара алмауы тиіс. Жыл сайынғы тәжірбие  барлық есептердің шығарылмайтындығын көрсетуде. Бірақ, бәрі пәнге байланысты. Мысалға, математика пәнінен қиын есептер берілсе, ал физика мен информатика пәндерінен есептерді шығару кейде сәттілікке байланысты болып жатады. Жалпы алғанда есептер әр түрлі деңгейде теңдестірілген болуы қажет. Әділ-қазылар алқасы бұл олимпиадаға бір жыл бойы тиянақты дайындалды.

-Оқушылар сайыста жүзден жүйрік, мыңнан мықты шығу үшін қандай қабілеттерін көрсете білулері қажет?

-Әрине, ол үшін біріншіден білімі, одан кейін тапқырлығы қажет. Әдетте, тапсырмалар логикалық ойлау қабілетіне қарай құрылады, стандартты түрде болмайды. Бірақ, жалпы алғанда есептер қиын. Ол есептерді тек тәжірбиелері, математикалық мәдениеті бар оқушылар шеше алады.  Егер білімі терең болмаса, көп жағдайда ол оқушы тапсырманы орындай алмайды.

-Жәутіков атындағы олимпиада туралы пікіріңіз...

-2005 жылдан бастау алып, биыл 6-шы рет өткізіліп отырған Жәутіков атындағы олимпиада  Қазақстанда өтіп отырған ғылыми сайыстардың бірегейі.  Оның халықаралық дейтін статусы бар және бұл олимпиаданың басқа олимпиадаларға қарағанда ерекшелігі - онда тек қана жеке қатысушылар есеп шығаруда ғана емес, сонымен қатар бүкіл командасымен, топ мүшелерімен жұмыс істей алатындығын, командалық есептерін көрсете білулері қажет.  Осы тұрғыдан алғанда, мұндай олимпиадалар елімізде өте сирек өтеді. 6-шы рет өткізіліп отырған олимпиаданың әлемде баламасы жоқ. Өткен жылы бұл жарысқа 305 бала қатысса, биыл 319 оқушы қатысып отыр. Оның өзі үлкен жетістік. Олимпиаданың қанаты кеңейіп, қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандығын көрсетеді.

-Биылғы олимпиада осы жылы Астана қаласында жазда өтетін 51-ші Әлемдік математикалық олимпиада қарсаңында  өтуде. Сіздің пікіріңізше, екі олимпиаданың арасында қандай да бір байланыс бар ма?

-Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 16 елдің оқушылары үш пәннен сайысқа түссе,  Әлемдік жарыста әлемнің 110 елінен қатысушылар математика пәнінен ғана жарысады.  Айырмашылық пәндер саны мен олимпиада дәрежесінде, дегенмен екі олимпиаданың арасында тығыз байланыс бар. Биылға 6-шы рет өтіп отырған олимпиаданы жазда болатын "Ірі әлемдік олимпиаданың алдындағы бас дайындық" деп айтуға болады.

-Соңғы жылдары мектептерде математика пәнінен дәріс беретін жас мұғалімдердің келмейтіндігі, жалпы жетіспейтіндігі айтылып, жазылуда. Талантты оқушыны талантты оқытушы тәрбиелеп шығарады емес пе?! Бұл мәселелер шешімі қазірден табуы үшін дабыл қағатын уақыт жеткен сияқты...

 -Иә, ондай проблемалар бар.  Бұл математиктердің кінәсі емес. Олар барлық салада қажетті, оларды  жұмыс берушілер жоғары бағалайды. Математиктер көптеген банк, қаржы құрылымдарында жұмыс істеуде. Жақсы экономистер - бұрынғы математиктер. Танымал болған кәсіпкерлердің арасында да математиктер бар.  Бірақ бізді бұдан басқа бір мәселе мазалауы қажет. Ол- халықаралық олимпиада жеңімпаздарының болашақтағы жолы. Мұндай балалардың ешқайсысы еліміздегі ЖОО-на, тіпті беделді деген университеттерге түспейді, көбі АҚШ-та білім алады. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізден,  математика пәні бойынша қаншама халықаралық жеңімпаздар шықты, бірақ әзірге, шет елге оқуға кеткен жастардың бірде-бірі ҚР ҰҒА қарасты математика институтына келген жоқ. Бұл нақты факт, ақиқат.

-Бірақ еліміздің ғалым-математиктері ғылым мен техника саласында ҚР Мемлекеттік сыйлықтарын алып, нақты ғылым мемлекеттік деңгейде танылуда емес пе?

-Мемлекет тарапынан ғылым саласы қолдау тауып, екінші рет беріліп отырған жоғары деңгейлі мемлекеттік сыйлық математиктердің беделін көтерді. Одан сыйлықтың өзі де, жалпы алғанда еліміз де ұтты.  Бұл жағдайдағы сыйлық ғылым саласының айналасында жұмыс жасап жүрген адамдарға емес,  таза ғылыммен айналысатын ғалымдарға берілді. Мысалға 30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагатоның мәселелерін шешкен профессор Уалбай Өмірбаевтің жетістігі әлемдік деңгейдегі жетістік болып саналады. Отандық ғылым осы талаптарға жауап беруі қажет. Осы сияқты ғылыми мәселелер шешілуі тиіс. Біз әлемде қорғалған жұмыстар саны бойынша бірінші орынды аламыз. Алайда, бізде  әлемдік есептерді шешу саны мен деңгейі төмен. Қазіргі уақытта мені мемлекеттің ғалым-математиктеріне назар аударғандығы қуантады.

-Халықаралық Жәутіков атындағы олимпиадасының ұйымдастырылуы мен өту барысына көңіліңіз толмайтын жерлер бар ма?

-Мен көңілім толмайтын жерлер бар деп айтқым келмейді. Өйткені жақсы ма, жаман ба, мен бұл шараны қолдаймын. Негізінен әлемдік деңгейде, қолдан келгенімізше тырысып өткізіп жатырмыз. Осы жағынан физика, математика мектебінің рөлін өте жоғары бағалау керек.  Әсіресе, осы мектептің директоры Қайрош Мақышевтің рөлін, қосқан үлесін бағалау қажет. Ол осы жобаның бастамашысы, ұйымдастырушысы. Жоғары деңгейде өткізу үшін әрине қаржылық, ұйымдастырушылық мәселелер туатындығы белгілі. Бірақ соған қарамастан, ол барлық мәселелерді шешіп отыр, сол үшін мен Қайрош Мақышевке алғыс айтам. Ол алдына осындай олимпиада өткізем деп мақсат қойды және сол мақсатын іске асыруға барын салып, міне халықаралық, жоғарғы дәрежеге дейін жеткізіп отыр. Осы олимпиаданың арқасында, біз биыл  әлемнің 110 елінен қатысатын ең үздік дарындар арасында өтетін Әлемдік математикалық олимпиаданы бірінші рет біздің елде өткізуге мүмкіндік алдық.  

-Биылғы жылы Қазақстан атынан қатысатын оқушылар қандай орынға лайықты болады деп ойлайсыз?

-Оны күні бұрын айту қиын. Өткен жылдарға келетін болсақ, біздің балалар алғашқы орындарды алып жүр. Әдетте, бірінші орындарды Мәскеудің физика математика мектептері алып келеді. Биыл қалай болатындығын балалардың білімі көрсетеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе