Елбасы Жолдауында қойылған барлық міндеттердің жас буынға тікелей қатысы бар - Қ.Бозымов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры, БҚО

ОРАЛ. 23 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын батысқазақстандықтар да зор ыждағаттықпен қабыл алып, оны еліміздің үшінші он жылдықтағы даму жолдарын нақтылап берген тарихи құжат ретінде бағалауда.Осыған орай облыстық мәслихат депутаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Қазыбай Бозымов өз ой-толғамын білдірді.

Оның пайымдауынша, Қазақстан халқы Елбасының биылғы Жолдауын тағатсыздана күтті және көтеріңкі көңіл-күймен қабыл алды. Өйткені, жаһандық экономикалық кеңістікте күннен-күнге қанатын жайып келе жатқан қаржы дағдарысының кезекті толқыны жағдайында еліміз қандай бағыт ұстанады, әлеуметтің әлеуеті әлсіреп кетпей ме деген сұрақ талайдың көңілін күпті етіп келгені рас. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бұл күдікті бірден сейілтіп, алдағыны көрегендікпен болжай білетін сұңғыла саясаткер екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында әлемдік қаржы дағдарысын еңсерудің қазақстандық жолын айқындаған Мемлекет басшысы он басым бағытты тарата келе, ел экономикасын және әлеуметтік саланы дамыту арқылы халықтың бақуатты тұрмысын қамтамасыз етуді басты назарға алды. Осыған орай Қазақстан халқы Жолдаудың басым бағыттарын жылы қабылдап, Елбасының бастамаларына іс жүзінде қолдау көрсететіндігін білдіріп отыр.

Жолдауда адам жанын сүйсінтетін, екпінді еңбек етуге жігерлендіретін жайттар көп-ақ. Әсіресе, қамтылған мәселелер ішінен алабөтен толғандырғаны, ерекше ой салғаны -  дағдарысқа байланысты Еуропаның дамыған елдерінің өзі қаржылық шығындарын, әлеуметтік жобаларын қысқартып жатқанда, Қазақстанның батыл түрде әлеуметтік-экономикалық жаңғырту шараларын қолға алып отырғандығы. Бұл туған еліміздің экономикалық тұрғыдан қуаттылығының зор екендігін көрсетеді. Балқаш ЖЭС-ін іске қосу, Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық автомобиль жолын аяқтау, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысына кірісу, Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жолдарын салу, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі кешенін құру сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, бүкіл еліміздің бет-бейнесін тұтастай өзгертетініне сенім мол.

Еліміздің батыс аймағына аса қажетті аграрлық және техникалық мамандар даярлайтын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенттері, магистранттары және PhD докторанттары үшін бастау алатын жаңа ғаламат жобалардың мән-маңызы ерекше. Өңірдің қуаттылығын арттыруға бағытталған Қарашығанақтағы қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт пен Орал қаласында трансформаторлар өндіретін зауыт құрылысының қолға алынатыны студент-жастардың жігерін жанып, болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыруда. Қос жобаның іске асуы түлектер, яғни - болашақ құрылысшылар, инженерлер, энергетиктер, химиктер, технологтар үшін жүздеген жаңа жұмыс орны, сондай-ақ өндірістік тәжірибе алаңдары екені сөзсіз.

Президент Жолдауында қойылған барлық міндеттердің жас буынға тікелей қатысы бар. Әсіресе, сөз басын жұмыспен қамту мәселесімен өрбіткені көңілге қонымды болды. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер сараланған облыс активінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында кадрлық қажеттілік толық ескерілмей отырғандығын орынды атап өтті. Оқу бітірген жас маман жұмыссыз қалмас үшін облыстағы еңбек нарығы зерттелу керек. Бұл тұрғыда университет жанындағы кәсіптік практика және студенттік мансап департаменті жұмыс берушілермен жиі-жиі кездесудер өткізіп, олардың талап-тілектерін ескеріп, өндіріс орындарындағы кафедра филиалдарының жұмысын жандандырып отырады. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарындағы мемлекеттік мекемелермен, жеке шаруа қожалықтарымен, өнеркәсіп, кәсіпорындармен ұдайы келіссөздер жүргізіп, сұранысқа ие мамандықтардың тізімін алып, түлектерді практикаға және жұмысқа бағыттайды.  Өткен жылы білім ордасын тәмамдаған 1382 түлектің 80,4 %-ы жұмысқа орналасты. Ауылдық квота бойынша ветеринария және кәсіптік оқыту мамандықтарын меңгерген түлектерді 100 пайыз жұмыспен қамту басты назарда болмақ. Дәстүрлі «Жұмыс берушілер Форумы», «Бос орындар жәрмеңкесі», «Дипломмен ауылға» акциясы биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша жұмыстар жанданады.

Ендігі міндет Жолдауда айтылған білімнің қолжетімділігін арттыру, жұмыс жасайтын жастардың өндірістен қол үзбей мамандық алуына жағдай туғызу және ең бастысы, жастардың заман талабына сай әлеуметтік бейімделуі болып отыр. Бүгінде білімсіз, ғылымсыз экономиканы да, өндірісті де өркендету мүмкін емес. Жаһандану  дәуірінің талабы осындай. Елбасы өз Жолдауында отандық ғылымға зор көңіл бөліп, перспективалы ғылыми зерттеулерге инновациялық гранттар беру арқылы бюджет шығындары көлемін ұлғайту міндетін қойды. «Ғылым туралы» жаңа заң мемлекеттің ғылымға деген жаңаша көзқарасы мен жүйелі қолдауын қалыптастырары сөзсіз. Қазір отандық білім беру жүйесінде Назарбаев университетінің беделі де, шоқтығы да биік. Енді оның айналасында жаңа технологияларға бастайтын зияткерлік кластер ұйымдастыру міндеттері тұр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланған кездесуде ҚР Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Елбасы адам капиталын дамытуды басты назарда ұстап отыр. Ол ең алдымен жастардың білім деңгейін көтеріп, бәсекелестікке төтеп беретін сапалы мамандар дайындауға кең жол ашады. Сондықтан, оқыту үдерісіне заманауи технология мен әдістемелерді енгізу қажет. Сонымен қатар педагогтар құрамының сапасын арттырып, олардың біліктілігін анықтайтын тәуелсіз жүйе құрылады. Ол өз кезегінде отандық білім жүйесінің іс жүзінде дамуына ықпал етеді» деп атап өтті. Біз білім саласында кадрларды даярлаудың жаңа сатысына көшу, ғылыми-зерттеулерді әлемдік деңгейге шығару және ғылымды инновациялық процеске тікелей қосу бағытындағы жұмыстарды да жалғастыра беретін боламыз. Елімізде ғылымды қаржыландыру тұрақты түрде өсіп отыр. Мәселен, өткен жылы 29 млрд. теңгені құраса, биыл 42 млрд. теңге бөлінбек, яғни 46%-ға өспек. Осы орайда, біздің университет ғалымдарының ҚР БжҒМ Ғылым Комитеті жариялаған «2012-2014 жылдары ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды грантты қаржыландыру» байқауына 45 ғылыми жоба жолдағанын және соның отызы жалпы сомасы 123 млн. 450 мың теңге көлеміндегі қаржыландыруға ие болғанын айтқым келеді. 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев инновацияны дамытуға, «Алгоритм» технопаркінің рөлін арттыруға баса көңіл бөлінетінін айтты. Бұл жұмыстарға біздің университет ғалымдары да белсенді атсалысатын болады. Оған ғылыми әлеует те, материалдық-базалық мүмкіндік те бар. «Ізденіс» ЖШС жанынан құрылған университеттің оқу-ғылыми-өндірістік кешені ақжайық етті-жүнді қойларын өсіруде жоғары көрсеткіштерге ие. Қазіргі таңда 3500 бас биязы жүнді ақжайық етті-жүнді қойымыз, 5000 гектарға жуық жеріміз бар. Республика көлеміндегі ірі қара шаруашылығы бойынша ірі көлемді селекцияны енгізу негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға біздің ғалымдарымыз белсенді түрде атсалысуда. Облыста етті ірі қараның дамуын, қой шаруашылығы, жылқы және түйе шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарын да ғылыми жағынан қамтамасыз етеміз. ЖОО жанында ғылыми зерттеу институты мен инженерлік бағыттағы биотехнологиялық зертхана жұмыс жасайды. 

Жолдауда айқындалған тағы бір міндет - студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету болса, бұл мәселе бізде толығымен шешілген. Өткен жылы облыс әкімдігінің және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 9 қабатты заманауи үлгідегі студенттер үйі пайдалануға беріліп, студенттерді 100 пайыз жатақханамен қамтуға қол жеткіздік. Биылдан бастап «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жарты миллионнан астам жас отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі. Университет жанынан жас отбасыларға арналған 50 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оған қоса, облыста құрылыс қарқын алса, демек, жазғы еңбек маусымында студенттік құрылыс жасақтары үшін де жұмыс табылады деген сөз.    

Ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер қай-қайсымызды да ойлантатыны анық. Облыста құс етін өндіретін соңғы үлгідегі фабриканы, ешкі сүтін өңдейтін ферманы, шошқа бордақылау кешенін іске қосу көзделіп отырған тұста біз ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда аграрлық саланың заманауи даму тенденцияларын елеп-екшеп отырмыз. Диплом алған жас маманның мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, кәсіпкерлікті бастап кетуі үшін қажетті білімді ұсынамыз. Болашақ агроинженерлерді ішкі және сыртқы ұтқырлық аясында келісімшарт арқылы  Минск, Челябинск, Қостанай трактор зауыттарына өндірістік практикаға жолдап отырамыз. Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде аграрлық мамандықтарға бөлінетін квотаны көбейту мәселесін қозғады. Сондықтан, «Болашақ» ЖОО-дан кейінгі білімге бет бұрғандықтан, біз студенттеріміздің магистратураға дайындығын күшейтуге ден қоймақпыз.  

Университет оқу орнында студенттер мен магистранттарға сапалы білім беруге барлық жағдайды жасау мақсатында дәрісханаларды интерактивтік оқыту құралдарымен жабдықтап, оқытушылардың жаңа инновациялық әдістерді қолдануына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуіне ықпал етіп келеді. Оқытушылардың біліктігін арттыруға, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуына жан-жақты көңіл бөлінген. Тәрбие ісі өз мамандығын жетік білетін, еліне деген патриоттық сезімі жоғары, ата-баба дәстүрлерін қастерлейтін ұлтжанды, еркін ойлайтын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

«Жоғары оқу ордасының ұжымы басты міндеті - білім беру сапасын қамтамасыз ету деп түсіне отырып, Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды толық қолдайды және барлық күш-жігерін білім беру жүйесінің қазіргі инфрақұрылымын дамыту, мамандардың біліктілігін үздіксіз арттыру бағдарламасын жеделдете жүзеге асыру, жастар бойында қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру, Қазақстан халқының бірлігін нығайту сияқты маңызды мақсаттарға жұмылдырады», деп түйіндеді ойын Қ.Бозымов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе