Интеграция және ғылым

Өткен айда «2018 жылы Қазақстандағы Курчатов қаласында алғашқы атом электр станциясы салынады» деген хабарды барлық БАҚ-тар жарыса таратты.29 мамырда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысының аясында ресейлік «Росатомпром» мен қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниялары энергетикалық нысанды бірлесіп салу туралы меморандумға қол қойды. Сөйтіп, «Қазақстанда атом электр станциясы салына ма, салынбай ма?» деген күмәнді сауалға нүкте қойылды. Мемлекет басшысы М. Ломоносов атындағы ММУ-індегі сөйлеген сөзінде атом электр станциясын ресейліктермен бірлесіп салатынымызды ашық айтқан. Енді міне, екі мемлекет өздерінің ниеттерін заңдық құжатпен бекітті. Ал, қазақстандықтар бұл бастаманы ықыласпен қабыл алып, бірауыздан қолдады. Өйткені, бұл - етене ынтымақтастықтың, игілікті интеграцияның жемісі. Сайып келгенде, интеграцияның әлеуеті қай салаларда көбірек байқалатынын ескергеніміз дұрыс. Әрине, бізге атом мен ғарыш, энергетика мен машина жасау, құрылыс пен ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлау қажет. Сондай мамандарымызды қазір азды-көпті даярлап та жатырмыз. Алайда, көпшілігіміз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы осы мәселені түпкілікті шешуге жол ашатынын бағамдай бермейміз. Ресей мен Беларустьте тарихи іргелі инженерлік біліммен мақтанатын техникалық жоғары оқу орындары көп. Мысалға, Мәскеудегі болат және қорытпа институты осы саладағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Қазақстандағы Рудный индустриалдық институтының студенттері мен Соколов-Сарыбай кен-байыту бірлестігінің мамандарын аталған институтқа біліктілігін арттыруға жіберуге болады. Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасы аясында Шымкенттегі университет студенттеріне Мәскеу болат және қорытпа институтына оқуға түсуге квота бөлуге жол ашылады. Және басқа да ресейлік жоғары оқу орындарына қазақстандық студенттерді оқытуға гранттар бөлуді сұрай аламыз. Бұл - үлкен мүмкіндік. Өйткені, 10-15 жылдан кейін серіктес-елдерде білім алған өзіміздің мамандарымыз атом электр станциясында жұмыс істемей ме?..Ғарыш саласын игеруде де Ресейдің әлеуеті зор. Ғарышқа әлемде тек үш ел: Ресей, АҚШ және Қытай адам ұшыра алады. Бұл жерде үшеуінің ішінен бізге жақыны - Ресей. Онымен қоса, екі ел ғарышты бірлесіп игеру жөніндегі келісімге қол қойды. Яғни, орыстардың ғарышты игерудегі ғылыми технологияларын біз де пайдалана аламыз. Бұл Қазақстанда интеграциялық үдерістер нәтижесінде ғылымды қажетсінетін жаңа салалар ашылады деген сөз. Бұл жерде ең әуелі технологиялар трансфертіне баса назар аударуымыз керек. Бірыңғай экономикалық кеңістікте қазақстандықтар үшін ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасуға үлкен мүмкіндіктердің пайда болатыны -  шындық. Мысалға, Ресей мен Беларусьте машина жасау, химия өнеркәсібі және т.б. салаларда ірі-ірі ғылыми әзірлемелер бар. Оларды бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында, соның ішінде Қазақстанда пайдалану үшін бұдан былай ешқандай кедергілер болмайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін жеке патенттер, сертификаттар және т.б. әзірлеудің қажеті жоқ. Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының арасындағы ғылыми және инновациялық байланыстар одан әрі нығая түсуде. Мысалы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті Ресейдегі 10 университетпен әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықта жұмыс істейді. Себебі, ШҚО Ресейдің аумағымен шекаралас жатыр. Мүмкіндік көп. Сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, алдағы уақытта отандық университеттерде атом энергетикасы, ғарыш, нанотехнология, ақпараттық қауіпсіздік, машина жасау, құрылыс және көлік инфрақұрылымы сияқты салаларда маман дайындайтын факультеттер ашуымыз керек. Сонда ғана біз дайын өнімдер шығарып, үлкен бәсекелестікке төтеп бере аламыз. Бәсеке дегенде осы мақаланы жазып отырып, ғаламтордағы бір ақпаратты көзім шалды. Биылғы жылдың соңында Ақмола облысында қымыздан балалар сүті мен құрғақ сүт өндіретін зауыт ашылмақ екен. Бұл өнімдер жаңа технология бойынша әзірленетіні белгілі. Бұдан шығатын қорытынды, интеграция өндірісті өркендетіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, қазақстандық ғылымды да алға сүйрейді. 

                                                                                                                                                                       Әмірлан Әлімжан
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе