Алматыда оқушыларға деструктивті діни ағымдар жайлы айтылды

– Алматыда №86 мектеп оқушыларына мамандар деструктивті діни ағымдардың ықпалына қалай қарсы тұру жолдарын түсіндірді, деп тілшісі. Оқушыларға дәрісті Қоғамдық даму басқармасының ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Джекебаева Мақпал оқыды. Дәрісті 9-сыныптың 115 оқушысы, 5 мұғалім тыңдады. Маманның айтуынша, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы саяси, әскери, діни, экономикалық, рухани қауіпсіздік негіздерінің мығым болуына тікелей байланысты. «Елімізде «дін» атын жамылған бірлестіктер, кері ағымдар, экстремизм мен терроризм мүшелері елдің діни санасына кері әсерін тигізуде, бұл елдің ынтымағы және ұлттың тұтастығын сақтау, қоғамдық келісімді қолдауға қауіпті болып тұр», - деді Мақпал Джекебаева. Сонымен қатар, сарапшы діни секталарға тарту жолдарын аса ден қойып айтты. «Сіздер сияқты жастар, жасөспірімдер түрлі діни деструктивті ағымдардың қақпанына оңай түсіп қалатын ұрымтал топтарға жатады. Өйткені, өмірін әлі болжап үлгермеген жастардың барлығы балалықтан есею кезеңіне өтеді. Сол сәтте жасөспірімдерге ата-анасы, болмаса жақындары емес, басқалар авторитет көріне бастауы мүмкін. Сондықтан, сіздер біліммен қарулануларыңыз керек. Айналаңыздағы адамдардан үрей мен қорқынышының жиілеуін, депрессияға ұшырағанын, үйде жиі болмауын, туыстарымен қатынасы суығанын, өз-өзінен тұйықтала бастағанын байқасаңыз міндетті түрде дабыл қағыңыздар. Кез келген сектаның мақсаты ел тыныштығын бұзу, өз пікірлерін өз жақтастарын көбейту, ел арасында кеңінен тарату», - деді Мақпал Джекебаева. Дәріс барысында оқушыларға деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы арнайы видеофильм мен слайдтар көрсетілді. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының мониторинг және талдау орталығы жыл аяғына дейін осы сияқты 600-ден астам іс-шара ұйымдастырмақ. Жалпы саны 100 мыңнан аса адам қамту жоспарда бар. Бұл іс-шаралар қаламыздың барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Жалпы білім беру мекемелері оқушыларына, орта арнайы, жоғары оқу орындары студенттеріне және де деструктивтік ағым өкілдері көп шоғырланған сауда кешендерінде басым көпшілік шаралар жүргізіледі.
1000
    Iздеу

    Күнтізбе