Орал қаласында «Профессор Н.Ф.Катанов және түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өткізілді

ОРАЛ. 30 Орал қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ұйымдастыруымен, БҚО әкімдігінің қолдауымен «Профессор Н.Ф.Катанов және түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өткізілді.Конференция түркі тілдерін, этнографиясын зерттеген ірі шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры және соның жанында құрылған Археология, тарих және этнография қоғамының белсенді мүшесі болған ғалым Николай Катановтың өмір жолы мен еңбегіне арналған.

- Біздің ұйымның негізгі мақсаты - түркі тілінде сөйлейтін халықтар мен елдердің арасында достық қатынас орнатып, ағайын халықтарды бір-біріне, сондай-ақ ұлы түркі мәдениетін әлемге таныстыру. ТҮРКСОЙ ұйымы биылғы жылды «Катанов жылы» деп жариялады. Мынау халықаралық жиынның Орал қаласында өтуі тегін емес, өйткені Николай Катановтың қазақ тіліне қатысты зерттеулері осы өңірде жүргізілген болатын, - дейді Орал қаласына арнайы келген ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Асқар Тұрғанбай.

Халықаралық конференция аясында түбі бір түркі елдерінен Орал қаласына бас қосқан ғалымдардың бір тобы сейсенбі күні Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының конференц-залында «Бұратананың тағдыры» атты деректі фильмді тамашалады. Николай Катановтың қиын да күрделі тағдырына арналған фильмді Н.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің (РФ, Абақан қаласы) гуманитарлық зерттеулер және саян-алтай түркологиясы институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Андрей Каксин әкелген.

Сәрсенбі күні облыстық қазақ драма театрында халықаралыөқ конференция ресми ашылып, пленарлық мәжіліс өтті. Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр қазақ, орыс, түрік тілдерінде сөйлеп, алыс-жақыннан келген меймандарға «қош келдің» айтса, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та аталған үш тілде мүдірмей сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

-Қазақстан Республикасы түркітілдес мемлекеттердің ынтымағын өркендетуді өз саясатының басты бағыты санап отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен Астанада Түркі академиясы құрылды. Бұл ғылыми ұйым түркі әлемін зерттеудегі ғылыми істердің барлығын зерделеп, жүйелі жүргізеді. Президентіміз «Тарих толқыны» кітабында: «Егер біз өз мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзей отырып құруды көздесек, онда біз халықтың рухани бастауларының негізін білуіміз жөн» деген болатын. Халықтың рухани бастаулары - оның дәстүрінде, тілінде, ділінде және бүгінге дейін жүріп өткен тарихында. Бүгінгі конференция түркі әлемінде үлкен ізі бар ғалымның мұрасын зерттеу-зерделеу, болашақта пайдалану үшін ұйымдастырылып отыр. Қойнауы тарихқа толы, талай арыстардың кіндік қаны тамған Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер! Конференция жұмысы жемісті болсын, осы жиында талқыланған мәселелер түркі халықтарының одан әрі жақындасуына үлес қоссын! - деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА жанындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Жамал Манкеева (Алматы, ҚР), тарих ғылымдарының докторы, Н.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Бутанаев (Абақан, РФ), Мәрмәр университеті Түркологиялық ғылыми-зерттеу институтының докторы Гөксәл Өзтүрік (Стамбұл, Түркия), филология ғылымдарының докторы, Манас атындағы қырғыз-түрік университеті, түркология бөлімінің профессоры Қадыралы Конкобаев (Бішкек, Қырғызстан), филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА жанындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Көбей Хұсайын (Алматы, Қазақстан), филология ғылымдарының докторы, Н.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің гуманитарлық зерттеулер және саян-алтай түркологиясы институтының жетекші ғылыми қызметкері Андрей Каксин (Абақан, РФ), филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі академиясының өкілі Гүлғайша Сағидолла (Астана, Қазақстан), тарих ғылымдарының докторы, профессор, Татарстан ҒА татар энциклопедиясы институтының директоры Рамиль Валеев (Қазан, РФ), филология ғылымдарының кандидаты, М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті башқұрт филологиясы факультетінің деканы Луиза Самситова (Үпі, РФ) түрлі тақырыпта баяндама жасады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе