ҚАРАҒАНДЫ. 26 Бүгін Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет үйінде қоғамдық-гуманитарлық цикл бойынша республикалық олимпиаданың ашылу рәсімі өтті.Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, гуманитарлық пәндер бойынша олимпиаданың төртінші кезеңіне елдің барлық өңірінен 10-11 сыныптарда оқитын 600-ге жуық оқушы жиналды.
«Олимпиадаға 19 команда қатысуда. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» тәрбиеленушілерінің біріккен командасы құрылды. Өздерінің топтарын, сондай-ақ дарынды балаларға арналған республикалық мектептер де ұсынды. Олар - Абай атындағы мектеп-интернаты мен О.Жәутіков атындағы мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты», - деп мәлім етті Қарағанды облыстық білім беру басқармасынан.
Ашылу салтанаты барысында Қарағанды облысына республикалық олимпиаданың қатысушыларын қабылдау құрметі үшінші рет берілгендігі атап өтілді. «Қарағанды облысы мықты мамандандырылған мектептерімен ерекшеленетін көшбасшы өңірлердің бірі. Мұнда балаларды тәрбиелеумен жоғары білікті педагогтар айналысады. Қарағандының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларында білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп жүр», - деді «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева.
«Дарын» орталығының директоры атап көрсеткендей, биыл республикалық олимпиада алғаш рет жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық циклдары бойынша екі кезеңмен өтеді.
Бірінші кезең Ақтөбеде 12-18 наурыз аралығында өтті. Алты пән бойынша барлығы 650-ге жуық жоғары сынып оқушылары білімдерін таластырды. Қарағанды облысының командасы үш «алтын», алты «күміс» пен жеті «қола» медальдар жеңіп алып, бірінші орынды иеленді.
«Республикалық олимпиадаға қатысушылардың саны екі есеге артты. Іріктеу өте күшті. Бірінші кезең - мектепішілік олимпиадаларға 413 мың бала қатысты. Олардың 110 мыңы - аудандық, 9 мыңы - облыстық кезеңдерге өтті. Білім додасының шешуші кезеңіне жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар қатысуда», - деп атап өтті Ш.Қирабаева.
Қоғамдық-гуманитарлық цикл бойынша ұлттық жарыстар тоғыз пән бойынша өткізілуде. Олимпиада Қарағандының №38 және №93 гимназияларының базасында ұйымдастырылды. Нәтиже 30 наурыз күні шығарылады.
«Республикалық олимпиада қатысушыларына ауқымды мәдени- бағдарлама әзірленді. Қарағанды бойынша экскурсия жасалады. Оқушылар сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталған - Теміртау қаласында болады. Өңірлердің педагогтары, делегациялардың басшылары қарағандылық мектептердің тәжірибелерімен танысады», - деп хабарланды облыстық білім басқармасынан.
Қоғамдық-гуманитарлық цикл бойынша республикалық олимпиаданы Қарағанды облысы әкімдігінің қолғабыс етуімен ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» РҒТО ұйымдастырды. «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары елдің жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік гранттарды иелену конкурсында басымдықтарға ие болады.