С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев: Басты мақсатымыз - ғылым арқылы білімді дамытып, сапалы маман дайындау

АСТАНА. 13 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауында Қазақстанның таяу онжылдықтағы дамуының басты 10 ба­ғытын атап көрсетті.Президент Жолдауында оқыту мен жұ­мыс­қа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау, аграр­лық сек­торды түлету, жаңашылдарға мемлекеттік гранттар бөлу арқылы ауылдарға инновацияны кеңінен енгізу, экспорттық әлеуеттерді арттыру, оқыту үдерісінде қазіргі заманғы әдістемелер мен техноло­гияларды енгізу, оның тәр­биелік құрамдасын кү­шейту, педагогтар құ­рамы­ның сапасын арттыру сынды білім-ғылым және ауыл шаруашылығы салаларына  қатысты бірқатар мәселе көрініс тапты. Осыған орай, аталмыш екі салаға етене жақын салалық ЖОО - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл аруашылығы ғылымдарының докторы,  профессор Ақылбек Күрішбаевпен Жолдау жүктеген міндеттер және аталмыш саладағы басқа да өзекті мәселелер жөнінде сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Ақылбек Қажығұлұлы, Елбасының ауыл шаруашылығы саласына инновацияларды көптеп енгізуге, мамандарды сапалы даярлауға жіті назар аудару тапсырмасы байырғы аграрлық университеттердің бірі - Сіз басқарып отырған ЖОО-ның, оның профессор-оқытушылары мен жас ғалымдарының алдына қойылған міндет деп те қабылдауға болады. Осы тұрғыда, алдағы уақытта университетте ғылым мен білімді ұйымдастыруда өзгерістерді күтуге болады ма?         

- Әрине, сапалы білім тек қана ғылым арқылы келеді. Дамыған елдердің тәжірибесін мысалға алатын болсақ, АҚШ-тағы лэнд-гранд университеттерінің (аграрлық университеттері) құрамында бірнеше ірі ғылыми институт бар. Оқытушылар сабақ беріп ғана қоймай, ғылыми жұмыстармен де айналысады. Сондықтан, олардың білімі өте жоғары. Ашылған ғылыми жаңалықты лезде оқу үдерісіне қолданады. Ал студенттер алғашқы 2 жыл теориялық білім алса, 3-4-інші курстарда ғылыми жұмыспен айналысады. Яғни, бұл университеттерде ғылым мен білім жақсы ұштастырылған.

Сондықтан біз де, алдымызға зерттеу университеті мәртебесін алуға мақсат қойып отырмыз. Ол үшін университеттің жанынан ірі ғылыми орталықтар ашу қажет. Сонымен қатар, біздің аймақта жұмыс істеп жатқан аграрлық ғылыми институттармен жұмысты тығыз байланыстыру керек. Олардың ғалымдары бізде дәріс оқыса, біздің оқытушылар сол институттарда ғылыми жұмыспен айналысар еді. Ал студенттер ғылыми институттардың  зертханаларында, егіс алқаптарында тәжірибеден өтеді. Мұндай жұмысты біз Шортанды орман шаруашылығы, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы және Қазақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтымен жүргізетін боламыз. Ең басты мақсат - ғылым арқылы білімді дамытып, сапалы маман дайындау. Мұның барлығы өндірістің өркендеуінің негізі болатынын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында адам капиталын дамытуға бағытталған басымдықта нақты көрсетіп берді. Біз сол міндеттерді жүзеге асыруға кірісіп кеттік.    

- Сіз елдің ауыл шаруашылығындағы ахуалмен етене таныссыз. Бұл саланың қандай бағыттарында және қанша маманның тапшылығы бар? Мүмкін оларды университетте даярлау санын арттыруды алға қойып отырған боларсыз?

- Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың ешқайсысы ауыл шаруашылығы өндірістік құрылымдарындағы мамандар тапшылығына жүйелі сараптама жасамайды. Мен Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеп жүрген кезімде осы мәселені зерттеп, қанша маманның жетіспейтіндігіне мониторинг жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласында жоғары білімі бар 6,5 мың маманның тапшылығы барына көзіміз жетті. Оның ішінде мал дәрігерлерінің бос орыны 2 мыңнан асқан, агрономдар - 1 мыңнан астам. Мұның негізгі себебі - ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға бөлінетін білім беру гранттарының аздығы. Мысалы, жылда бөлінетін мемлекеттік гранттардың 5 жарым пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласына бөлінеді. Бұл халқының 47 пайызы ауылдық жерлерде тұратын республика үшін өте аз. Әсіресе, ауылдық жерлерге немесе ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына кәсіптік орта оқу орындарын бітірген мамандар жетіспейді.

Қазір нарықтық экономика заманы болғандықтан әрбір шаруашылық өзіне қажетті мамандарды дайындауға мүдделі болуы керек. Бірақ бұған мойын бұрып, түсіністікпен қарайтын шаруашылықтар жоқтың қасы. Көбісі мұның маңыздылығын түсінбейтін шығар, оған қаражаттары да жетпеуі мүмкін. Бірақ осы бағытта атқарылып жатқан істің өміршеңдігін барлық шаруашылық басшылары түсінуі тиіс.

Осы мәселені шешудің тетігі ретінде - ЖОО агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды даярлап беріп отырса, ал оларды жұмысқа орналастыруды шаруашылықтар өз міндеттемелеріне алса деген ұсынысымыз бар. Қазірдің өзінде осындай ортақ шешімге қолдау білдіріп, келісім жасап жатқан шаруашылықтар бар. Осы арқылы біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытамыз.

- Биылдан бастап «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының тізіміне ветеринарлық мамандықтар да енгізілді. ҚР АШМ-ның ұйғарымымен Астанадағы Аграрлық университеттің түлектері ауылдарға бірінші болып аттандырылады. Қазір шаруа қожалықтарының барлығы дерлік жекеменшік екендігін ескерсек, жастарды еңбекпен қамту мәселесі қаншалықты шешілген? Олардың еңбек құқықтарының қорғалуы қаншалықты қамтамасыз етілетін болады?

- Ауылға баратын денсаулық сақтау, білім беру сынды әлеуметтік сала мамандарына мемлекет тарапынан көмек көрсету үшін Елбасының тапсырмасы бойынша 2008 жылы арнайы заң қабылданды. Осы заңға сәйкес олардың көші-қон шығындары мемлекеттің тарапынан төленіп, баспана алу үшін пайызсыз несие беріледі. Осындай мемлекеттік саясаттың арқасында соңғы 3 жылда 16 мыңнан астам жас маман ауылдық жерлерге барып қоныстанып, қызметтеріне кірісті. Бұл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда 3 есеге көп. Біз кезінде сол тізімге ветеринарларды кіргізу керектігін айтып, оның өзектілігін дәлелдеп, заңға өзгеріс енгіздік. Соның арқасында ауылдық жерлерге барған ветеринарларға да «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша қолдау жасауға мүмкіндік алдық. Академик К.И.Скрябин: «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді», - деп айтқан. Мал дәрігерлерін бұл тізімге енгізудегі ең басты мақсат - ауылдық жерлердегі мал арасындағы аурулардың алдын алу. Ветеринар мамандар жеке шаруашылықтарда ғана қызмет етпейді, олардың көбісі дәрігерлер сияқты мемлекеттік мекеменің қызметкерлері болады. Арнайы заң қабылданып ветеринарларға мемлекеттік қызметкер мәртебесі беріліп отыр. Сондықтан жеке шаруашылықтарға қызмет ету деп емес, шаруашылық малына мемлекеттік қадағалау деп түсіну керек. Бұл малдан адамға жұғатын аурулардың жолын кесіп, адам денсаулығына қорғаныс жасау.

 - Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл ҚР БҒМ жастарды тәрбиелеудің 2013-2015 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеуді қолға алмақ. Өз тарапыңыздан бағдарламаға қандай ұсыныстар енгізер едіңіз, жастардың тәрбиесі мәселесінде ең басты назар неге аударылуы керек? Және сіз басқарып отырған оқу орнында студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда жан-жақты дамыған, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеуді міндеттеді. Өз халқының рухани мұраларынан нәр алмаған адамнан, толымды тұлға шықпайтыны анық. Сондықтан біз «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» пәндерін оқытумен қатар жастарға ұлттық тәрбие беру мақсатында ұлттық фольклор, мәдениет және өнер, салт-дәстүр, этнопедагогика, этнопсихология, қазақ халқының барлық рухани мұраларын зерттейтін тұтас бір пәндер жүйесін құратын, ұлттық ерекшеліктерге негізделген бағдарламаны қолға алуымыз қажет. Мұндай талап, Болон декларациясына қосылған мемлекеттердің білім беру жүйесіне енгізілген. Осы ретте, әрбір студентте өз халқының ұлттық құндылықтарына сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыруды білім ордасының негізгі міндеттерінің біріне жатқызылуын Білім және ғылым министрлігі қолдап отыр. Әр елдің білім беру жүйесі - өз халқының нағыз патриоттарын қалыптастыруға негізделгені дұрыс.

Біздің университеттегі тәрбиенің бастапқы интегралды мақсаты - студентті кәсіби, мәдени жағынан жан-жақты дамыту. Тәрбие жұмыстары бойынша жаңадан департамент құрылып, жеке проректорлық лауазым енгізілді. Мұның барлығы атқарылып жатқан кешенді жұмыстар үдерісін жетілдіріп, жоғары интеллектуалды мамандарды дайындауға бағытталған.

Түрлі шығармашылыққа баулу арқылы білім алушыларды тәрбиелеудің нақты тетігін жасақтап, жеке тұлғаны қалыптастыру мен дамыту жүзеге асырылады.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті - бұл талай тарланның түлеп ұшқан алтын ұясы. Бойында даналығы тұнған, дара тұлғалы оқытушылары бар аграрлық білімнің қара шаңырағы. Біздің университеттен ұлттық құндылықтардың қадірін жете түсінетін, тәрбиелі де, білімді талай маманның шығатынына сенімдімін.  

- Елбасы биылғы Жолдауында біртұтас астық холдингін құру қажеттігі туралы айтты. Осыған қатысты сіздің пікіріңізді білсек. Бірыңғай экспорттық компанияны құру мәселесі сіз министр болған кезіңізде көтерілгенін білеміз. Ол неге жүзеге аспай қалды? 

- Осы жерде айта кету керек. Егіс алқаптары құрылымын тек қана әртараптандыруды жетілдіру арқылы егін бітік шыққан жылдары астық өндіру мен оған сұраныс арасындағы тепе-теңдікті сақтау қиын. Біріншіден, ауыспалы егіс (дақыл түрлерін ауыстырып отыру, кезектестіру) топырақтың құрамы мен климаттық жағдайға байланысты екенін ескеру керек. Құрғақ топырақты аймақтарда (Торғай өңірі, Ақмола облысының оңтүстік аудандары, Қарағанды облысы) дәнді дақылдарының жалпы егіс алқабындағы үлесі 60-70 пайызға дейін қысқаруы мүмкін,  ал солтүстік аймақтарда 50 пайызға дейін азаяды. Себебі құрғақшылық жылдарға ең бейім келетін бидай, арпа және сұлы сияқты дақылдар егін шаруашылығындағы қауіпті (тәуекелді) азайта алады. Өкінішке қарай, бізде майлы және бұршақ дақылдарының құрғақшылыққа төзімді сұрыптары жетіспейді. Оған қоса, балама дақылдарға ауысу үшін жаңа инфрақұрылымдар құру қажет және ол белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан жылдан жылға жақсарып келе жатқан егіс дақылдарын өңдеу технологияларының арқасында көп мөлшерде астық жинау мүмкіндігі ұлғайып келеді.

Біздегі қалыптасқан астық экспорттау жүйесін жетілдірумен қатар инфрақұрылымды кеңейту, астықты қайта өңдеу және тасымалдауды дамыту қажет. Мұны біз ірі астық экспорттаушылардан, яғни бәсекелестерімізден үйренсек болады. Мысалы, Канада мемлекетін алатын болсақ, ол жердің климаты біздің солтүстіктегі астықты аймақтарымыздың климатына өте ұқсас. Бұл елдің астық экспорты Канадалық бидай кеңесінің қадағалауымен 50 жылдан бері монополиялық жүйеде жүзеге асырылып келеді.

Алысқа бармай-ақ, біздің көршіміз, Кеден одағы бойынша әріптесіміз - Ресейде енгізілген жаңа жүйені алайық. Осыдан екі жыл бұрын біріккен астық экспорттаушы компаниясын құрды. Әлемдік астық нарығындағы үнемі күшейіп отыратын бәсекелестік жағдайында ірі астық державалары өздерінің экспорттық саясатын бұрын да, қазір де қайта қарап, заман талабына сай әрекет етіп келеді. Ал, біз әлі ойланып жүрміз. Бір жыл бұрын Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша елімізде бірыңғай экспорттық компания құру туралы (ред. - министр кезінде) ұсыныс дайындадық. Ол әлі күнге дейін жүзеге асқан жоқ.

Нақты айтқанда егіс алқаптарын әртараптандыру бидайдың артық өнімділігі мәселесін шешпейді, онымен бірге экспорт саясатын дамыту қажет.

- Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенге бөлінетін қаржының мардымсыз екендігі жасырын емес және саланың даму жолындағы негізгі кедергі де осы. Сіздің пікіріңізше, АӨК-ге бөлінетін қаржыны қалай көбейтуге болады?

- Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып, шыққан шығындарының біраз бөлігі субсидия ретінде қайтарылып отыр. Бұл да қаржылық қолдау механизмінің бір тетігі. Бірақ жалғыз субсидиялау арқылы шаруашылықтардың қаржылық мәселесін шешу мүмкін емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірісіне бағытталған несие жүйесін жетілдіру керек. Мысалы, еліміздегі екінші деңгейлі банктер арқылы беріліп жатқан барлық несиенің 3-4 пайызы ғана ауыл шаруашылығына бөлінген. Мұның өзі көзқарасты өзгерту керек екендігін көрсетеді. Сондықтан біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатқан - «Агробанк» құру бастамасы өте маңызды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің тәуекеліне кепілдік беру қорының жұмысын жетілдіру арқылы да ықпал етуге мүмкіндік бар. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы бағытта жалғастырып жатқан жұмыстары дұрыс. Көрші Ресейде «Россельхозбанк» құрылғаны белгілі. Соның көмегімен шаруашылықтардың өнім өндіру көлемінің артқаны бірден көріне бастады. Мысалы, мамандар несие алып жұмыс істеп жатқан сүт өндіру саласының ерекше қарқынмен дамуына осы банктің тікелей әсері болғанын айтты. Екі жылда өндірілген сүттің көлемі 4 есеге артқан. Сондықтан бізде де арнайы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бағытталған банк құрылатын болса, ол өндірістің өнімділігіне ықпал ететініне күмән жоқ.  

- ҚР АШМ-ды басқарған кезіңізде шетелден 72 мың бас сиыр сатып әкелуге ішінара қарсы болдыңыз? Неге? Қазір бұл бағдарламаның жүзеге асырылуынан хабарыңыз бар ма?

- Мен селекциялық мақсатта шетелден асыл тұқымды мал сатып алуға қарсы емеспін. Бірақ 72 мың бас емес, соншама сиыр сатып алуға ғылыми негіз жоқ. Біздің елдің ауа райы, жем-шөбінің ерекшеліктері ескерілмегендіктен қарсы болғаным рас. Әлі күнге дейін сол пікірімнен айныған емеспін. Жалпы асыл тұқымды малдың санын көбейту үшін сырттан мал әкелу тәжірибеде бар. Сондықтан малдың да табиғи ортаға бейімделгені маңызды.

Сырттан әкелінетін малдың генетикасы біздің ортаға сәйкес келетін және жоғарғы элиталық асыл тұқым болуы керек. Сонымен қатар оларды тек қана асыл тұқымды шаруашылықтарға селекциялық жұмыстарға қолдануға, асыл тұқымды малдың санын көбейту мақсатында беру керек. Біздің есебіміз бойынша жалпы республика бойынша әрі кеткенде 20 мың бас жоғарғы элиталы мал әкелінсе жеткілікті. Оларды асыл тұқымды шаруашылықтардың базасында шағылыстыру арқылы өзіміздің табиғатымызға бейімделген тұқым алуымыз керек. Яғни, асыл тұқымды малдың жүйесі қалыптасуы керек. Алғашқыда жоғарғы сапалы асыл тұқымды малды сырттан сатып алып, оның тұқымын көбейтіп, шаруашылықтарда ғылыми негізде жүзеге асырған дұрыс. Егер осы жүйені қалыптастырып, асыл тұқымды малдың басын көбейтпейтін болсақ, сол шетелге жалтақтаған күйі оларға тәуелді болып қаламыз. Жылда шетелден сатып ала беретін боламыз. Бұл дұрыс емес.

Америкадағы малдың 50 пайызы асыл тұқымды дәрежесі бар болып саналады. Бірақ ол малдардың көбісі біздің талаптарға сәйкес келмейді. Кезінде Ресей мен Украина да  шетелден жаппай мал сатып алды. Олардың көбісі селекциялық жұмыстарға қолданылған жоқ. Соның кесірінен шетелден әкелінген малдардың сапасын да, басын да жоғалтып алды. Селекцияға мән берілмегендіктен және о баста мал сатып алған кездегі мақсат айқын болмағандықтан, осылай ұрынып қалды. Одан бөлек сатып алатын малды іріктеу кезінде де кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ аспаған. Сол қателікті біле отырып, біз де сол соқпақпен кетіп барамыз.

Жеке шаруашылықтардың шығындары өз қалталарынан кетті, оған өздері кінәлі дей салуға да болар еді. Бірақ біздің елімізге әкелініп жатқан сиырды кәсіпкерлер жеке қаражаттарына ғана сатып алған жоқ. Сатып әкелініп жатқан сиырлардың құнының 40 пайызын субсидия ретінде мемлекет көтеріп отыр. Жоспарланған 72 мың бас сиырға 24 миллиард теңгедей мемлекет қаржысы шығындалады.

Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанға 350 мың бас асыл тұқымды мал әкелінген. Олар да сол селекциялық жүйенің бұзылуынан жоғалып кетті. Сол қателіктерге енді жол бермеуіміз керек. Сондықтан тек қана бизнесмендердің қаржысына емес, мемлекеттің қыруар қаржысына сатып алынып жатқан малдың тұқымын аздырмай, басын құртып алмаудың жолдарын қарастырған жөн. Біздің басты мақсат еттің мол көлемін экспорттау емес, асыл тұқымды мал жүйесін құра отырып, мал шаруашылығын дамыту болу керек.

- Және тағы бір сұрақ. Шаруашылықтарды ірілендіру, яғни кооперативтерге біріктіру мәселесін жиі қозғағаныңызды білеміз. Мұның қазіргі уақытта қаншалықты қажеттілігі бар?

- Республика бойынша фермерлік-шаруа қожалықтарының саны 155 мыңнан асады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының көп шаруашылықтары не бары 1 гектардан 5 гектарға дейінгі көлемде егістік жер иемденген. Осындай жер қатынасы немесе аз жерге егін егу шаруаларға тиімсіз. Мұндай жолмен еңбек өнімділігін қалай дамытуға болады? Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытып, өнімділікті арттырамыз десек, шаруашылықтарды ірілендіру керек. Бұл кеңес үкіметі тұсындағыдай коллективизация емес. Әлемде дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек - кооперация.

Мысалы, ұсақ шаруашылықтар кооперативтерге біріксе, өздерінің мәселелерін бірігіп шешіп, өнімді сақтау қоймасы болсын, өнімдерін сату, қайта өңдеу сияқты шаруаларды бірлесіп атқарады. Кезінде осы тәжірибені зерделеп, өзімізге ыңғайлы тұстарын алып, заңға енгіздік. Бір сөзбен айтқанда, елімізде кооператив құруға қажетті заңдық негіз қалыптасқан. Кооперативке біріккен шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі кооперативтерге, біріккен шаруашылықтарға арнайы жеңілдетілген несие бөлу, субсидия беру механизмін өзгертті. Ынталандыру мақсатында кооперацияларға топтасқан қожалықтарға жоғарылатылған субсидия бөлінді. Үкімет басшысы бірде селекторлық мәжілісті осы кооперативтерді дамытуға арнап, әкімдермен бірлесіп талқылағаны есімізде. Алғашқы үлгі ретінде арнайы жобалар іске асырылып, насихатталды. Бірақ қазір бұл шаруаны одан әрі дамытып, шаруаларға насихаттап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірмей, яғни ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге топтастырмай ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болып отырған мәселелерден арылмаймыз. Яғни бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізу үшін әлемдік алпауыттарды жетістікке жеткізген кооперация жолымен жүруіміз керек. 

- Сұхбатыңызға рахмет!
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе