Ұлттық бірыңғай тестілеуді 1 164 ақтаулық оқушы тапсырады

АҚТАУ. 23   Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді 1 164 ақтаулық оқушы тапсырады.Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы Ырысгүл Имамбаева мәлімдеді.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу - ата-ана, оқушы, мұғалім үшін үлкен сын. Биыл Ақтау қаласында 1392 оқушы мектеп бітіреді. Олардың ішінде «Алтын белгіге» - 30, «Үздік аттестатқа» - 34 үміткер бар. 1164 мектеп бітіруші  ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Қалғандары әртүрлі себептермен мектептерде тапсырады. Оның ішінде кешкі мектептің де оқушылары бар. Бұған дейін бірнеше рет байқау сынақтары өткізілді. Үздік аттестатқа үміткер оқушылардың барлығы да арнайы тестілеуден өтіп, дайындық жұмыстары жүргізілді, жыл бойына консультациялық пунктер жұмыс жасады», - дейді Ы.Имамбаева.

Биыл Маңғыстаудағы ҰБТ Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ғимаратында өтеді.

«Биыл 12 аудитория бөлініп отыр. Әрқайсысында бала саны әртүрлі болады. Сонымен қатар, республикада білім саласында бақылаушылар кабинеті жұмыс жасайды. Соған орай облыста да білім саласындағы бақылау департаменті ашылды. ҰБТ-ны бақылау соларға жүктелген», - дейді Ы.Имамбаева.

ҰБТ-ға дайындық шараларының бірі  - аудиториялардың барлығында да ұялы телефонның дыбысын «тұншықтыратын» құрылғылар және бейнебақылау камералары орнатылған.

Жылда 1-10 маусым аралығында өтетін ҰБТ биыл республика бойынша 1-15 маусым аралығына жоспарланды. Ақтау қаласында тестілеу 1-8 маусым күндері өткізіледі.

Оқушылардың бірінші легі тестіні - 1 маусым, екінші легі - 4 маусым және үшінші легі 6 маусым күндері тапсырады. Бірінші және екінші кезеңде ҰБТ-ны қала мектептерінің, үшіншісінде аудандық мектептердің оқушылары тапсыратын болады.

«Халықаралық және ғылыми жарыстарға қатысқан оқушылар ҰБТ-дан босатылады. Ал келiсiлмеген мәселелердi шешу үшiн ҰБТ кезеңiнде алғаш рет республикалық аппеляциялық комиссия жұмыс iстейтiн болады. Оқушылар тестті тапсырып шығып, келесі күні аппеляцияға бере алады. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссия мүшелерінің саны 11-ден 5 адамға дейін қысқартылды. Талаптың жылдан-жылға күшейтiлуiнiң арқасында биылғы ҰБТ қорытындысы анағұрлым жоғары болады деп сенемін», - дейді Ы. Имамбаева.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе