Қазақстанда футболдан Студенттер Ұлттық лигасы құрылды

Қазақстанда футболдан Студенттер Ұлттық лигасы құрылды. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Аллен Шайжүнісов аталмыш лиганы құру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды.«Студенттер лигасы жастар арасында бұқаралық футболдың қарқын алуына, үлкен футболдың дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын. Дамыған елдерде студенттік спорт маңызды индустрияға айналған. Біздің жоғары оқу орындарымыз жалпы үдерістен қалмауын қамтамасыз етуіміз шарт», - дейді А. Сәрінжіпов.

Тараптардың айтуынша, аталмыш құжат бірінші кезекте оқушылар мен студенттерді тарту арқылы бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.«Ынтымақтастық меморандумының аясында білім ошақтары арасында аймақтық және республикалық турнирлер ұйымдастырылып тұратын болады. Сондай-ақ еліміздің барлық жоғары оқу орындарын біріктіретін футболдан Студенттер Ұлттық лигасы құрылады», - деп атап өтті А.Шайжүнісов.

Лиганың ашылу рәсімі 14 мамырда Астанадағы «Автомобилист» стадионында өтеді. Студенттер ұлттық лигасының бірінші кезеңіне 8 команда қатысады: Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан-Ресей университеті, Қаржы полициясы университеті, Медициналық университет, Қазақ мемлекеттік заң университеті мен Қаржы академиясы. «Автомобилист» стадионынан бөлек, лига ойындары ЕҰУ мен Назарбаев Университетінің стадиондарында өтеді.

Қыркүйек айынан бастап Студенттер Ұлттық лигасына еліміздің барлық жоғары оқу орындары қатысатын болады деп жоспарлануда.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе