Амантай Шәріп «Алаш» институтының директоры болып тағайындалды

АСТАНА. 16 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының бұйрығымен белгілі публицист,әдебиеттанушы ғалым Амантай Шәріп аталмыш оқу орны жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

А.Шәріп «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеді. Бұған дейін «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болды.

ЕҰУ Ғылыми кеңесі мен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің шешімі негізінде 2006 жылы қазан айында құрылған «Алаш» мәдениет және рухани даму институты осы уақытқа дейін профессор, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының жетекшілігімен 17 ғылыми жинақ, түсіндірме сөздік, оқу құралын жариялады. Бұлардың ішінде «Жәдитшілдік және Алаш», «Ескі әдеби тілдің түсіндірме сөздігі», «Еуразия мәдениетінің сөздігі» атты еңбектер мен француз, ағылшын аудиториясына арналған Алаш мұрасы негізіндегі «Қазақ тілі» оқу құралдары бар. Бес жылда «Алаш» институты 34 халықаралық, республикалық ғылыми конференция, дөңгелек үстел, семинар өткізіп, отандық және шетелдік басылымдарда көрнекті ұлт зиялыларына қатысты 200-ге тарта мақала басып шығарды.

«Алаш» институты Хайретдин Болғанбай, Садуақас Ғылмани мұрасын тұңғыш рет кітап етіп жариялады. Бұл ғылым ұжымы 2012 жылдың қаңтарынан танымал дінтанушы С.Ғылманидың 7 томдық «Қазақша-арабша сөздігі» мен неміс ғалымы М.Кучинскийдің 1924 жылғы «Дала және оның халқы» атты Алаш зиялыларының көмегімен әзірлеген еңбегін баспаға даярлау жұмысын бастап та кетті.

Институттың ғылыми жобаларына Серік Қирабаев, Сұлтанхан Аққұлыұлы, Серік Негимов, Бауыржан Омарұлы, Дархан Қыдырәлі, Серіккүл Сәтенова, Зиябек Қабылдинов, Самал Төлеубаева, Бекжан Әбдіуәлиұлы сынды ғалымдар тұрақты атсалысып келеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе