ТҚШ-ны жаңғыртуға бөлінген бюджет қаржысын игере алмаған әкім қызметінен қуылады - апталық шолу

Алдағы уақытта елімізде өндірушілерді кейбір тұрмыстық қатты қалдық түрлерін қайта өңдеуге міндеттейтін заңнама қабылданбақ. Осылайша жыл сайын қайта өңдеуге жататын 1,5 миллион тонна қалдық кәдеге жарап, сәл де болса ел экологиясының тазара түсуіне өз септігін тигізбек.Бұл туралы осы аптада Үкіметте тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасының басты тетіктерін таныстырған ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі  Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда Қазақстанда ТҚҚ саласындағы қалдықтар алдын ала сұрыптаусыз әрі залалсыздандырылмай полигондарға орналастырылады. Сол полигондардың басым бөлігінің бүгінгі жұмыс істеу мерзімі түгесілген әрі санитарлық талаптарға да сай емес. Ал елімізде жинақталатын тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамындағы қайталап өңдеуге жататын материалдық ресурстардың көлемі де орасан зор. Мәселен, жылына республика бойынша шамамен 500 мың  тонна қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл және 500 мың тонна пластмасса қоқысқа айналады екен. Демек, осыншама кәдеге жарар қалдықтың көзін жою кәсіпорындарды заңмен тұқырту арқылы жолға қойылатындығы түсінікті. Бұл орайда министр: «Тауарлар мен қаптамалардың өндірушілері немесе импорттаушыларына заттар пайдаланылғаннан кейін оларды жинау мен қал­дық­тарды қайта өңдеуді заңнамалық түрде бекіту керек», - дейді.

Жалпы министр атап өткен бағдарламаның негізгі нысаналы индикаторлары мыналар: Біріншіден, бағдарламада халықтың ТҚҚ-ның шығарылу қызметімен қамтылуы 2020 жылға қарай 90 пайызға, ал 2035 жылға қарай 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Екіншіден,  биологиялық шіритін қалдықтардың бөлек жиналу үлесін 10 пайыздық көрсеткіштен бастап, 2050 жылға қарай 80 пайызға жеткізу мақсаты қойылады. Үшіншіден, бағдарлама қаптама қалдықтарын бөлек жинау үлесін 2020 жылы 10 пайыздан бастап, 2050 жылға қарай 80 пайызға жеткізу мақсатын қояды. Төртіншіден, бағдарлама қауіпті тұрмыстық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату жүйесін енгізу, сондай-ақ, оларды бөлек жинау үлесін 2020 жылы 35 пайызға, ал 2050 жылға қарай - 80 пайызға жеткізу мақсатын қояды. Бесіншіден, Бағдарлама 2050 жылға қарай санитарлық полигондар үлесін 100 пайызға дейін жеткізуді, оның ішінде 2020 жылға қарай олардың санын 50 пайызға жеткізу мақсатын алға жүктейді. Алтыншыдан, қалдықтардан «жасыл» энергия өндіру үлесін арттыру маңызды көрсеткіш болып табылады. Бұл жағдайда, жылу және электр энергиясын өндіру үшін биологиялық шіритін фракцияны қайта өңдеу кезінде газ алу туралы айтылады.

Ал осыншама қыруар жұмыстарды атқаруға бюджеттен де едәуір қаржы қажет екендігі түсінікті. Оны Н.Қаппаров та ашық айтып берді. «Бағдарламаның ілкі кезеңі үшін 52 млрд. теңге көлеміндегі бюджет шығыстары жоспарлануда. Бұл сома қазірдің өзінде республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ 2020 жылға дейін шамамен 75 млрд. теңге сомасында жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл жалпы шығыстардың 60 пайызын құрайды», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, жалпы көлемі 127 млрд. теңгені құрайтын бұл қаржы шығыстардың 4 санаты бойынша пайдаланылады. Аталған санаттар мыналар: биологиялық ыдырайтын қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды дер уақытында шығаруды қамтамасыз ету үшін контейнерлер мен қоқыс шығаратын көліктер паркін жаңғырту, жаңа полигондар салу, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу. «Сондай-ақ нақты сома полигондарды қалпына келтіру және оңалту жобаларын қоса алғанда бюджет өтінімдері бойынша жобаларды әзірлеу шараларымен анықталатындығын атап өткен орынды», - деді Н.Қаппаров.

Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов толықтай алғанда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасы амалдарын мақұлдайтындығын жеткізді. «Бүгін біз бұл бағдарламаны қабылдауға да келіп жеттік. Толықтай алғанда айтылған амалдарды мақұлдауды ұсынамын. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, Кеңсеге (ҚР Премьер-Министрі Кеңсесіне) тиісті қаулының жобасын енгізуді тапсырамын», - деді С.Ахметов.

Министрліктер өткен жылғы жұмыстарын қорытындылауда

Осы аптада еліміздің бірқатар министрліктері өткен жылғы жұмыс қорытындыларын шығарып, ағымдағы жылы атқарар міндеттерін де айқындап алды. Кейбір алқалы жиынға Үкімет басшысы Серік Ахметовтің өзі қатысса, кейбіріне орынбасарларын жіберді. Мәселен, дүйсенбі күні Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің жиынына ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысып, ведомство алдына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, оның атап өтуінше, алдағы уақытта «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасын жүзеге асыру барысында анықталған қателіктерді ескере отырып, топтық су құбырларын жаңғырту және салу жұмыстарын үйлестіру Қоршаған орта және Өңірлік даму министрліктерінің мойнына артылуы тиіс. Бұл ретте аталған бағдарлама аясында іске қосылатын барлық бағдарламалар Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссиямен бекітіледі. «Бізде былай қалыптасқан: топтық су таратқышты бір министрлік, бөлуді келесісі басқарады. Соның нәтижесінде жұмыстар қабыспай жатады. Халық сусыз қалып, ақша «ізім-қайым» жоғалады. Мұндай мәселелер болмауы үшін қазіргі уақытта біздер екі министрлік аясындағы іс-қиылдарды түйістіреміз. Үйлестіру өңірлік саясат комиссиясында бекітілетін болады, бұған әкімдерді де тартамыз. Олар бұл жобалардың не үшін қажет екендігін дәлелдеуі тиісті», - деген Б.Сағынтаев гидротехникалық құрылыстарды жобалау, салу және пайдалануға бақылауды күшейтуді қатаң тапсырды.

Ал осы күні Мұнай және газ министрлігіне ат басын бұрған Үкімет басшысы Серік Ахметов ведомствоның өткен жылғы атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы уақытта мұнай және газ бойынша стратегия әзірлеуді ерекше қаперге ұстауды, сондай-ақ еңбек жанжалының алдын алу компания басшыларының үнемі назарында тұруы керектігін баса айтты. «Бұл тұста ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау, олардың тұрмыстық қажеттілігін және сапалы тамағын ұйымдастыру мәселелеріне барынша назар аударған жөн. Бұл мәселелер компания басшылары үшін басымдықты жай болуы тиіс. Үкімет тарапынан да қатаң мониторинг болады», - деді С.Ахметов.

Ал Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің атап өтуінше, жедел мәліметтерге сәйкес, 2013 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 81,8 млн. тоннаны құрады. Бұл Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатын өндірудегі жаңа меже болып саналады. Сондай-ақ есепті кезеңде газ өндіру 42,3 млрд. текше метрге жетті. Бұл жоспардан 4,4 пайызға, ал өткен жылғы межеден 5,4 пайызға артық. Еліміздің үш мұнай зауыты өткен жылы 14,3 млн. тонна мұнай өңдеді. Яғни, отандық зауыттар 2,7 млн. тонна бензин, 409 мың тонна авиакеросин және 4,1 млн. тонна дизель отынын нарыққа жөнелтті. 72 млн. тонна мұнай экспортталып, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға асып түсті. Бұл ретте Каспий құбыр консорциумы арқылы 28,7, млн., Атырау-Самара арқылы 15,4 млн., Атасу-Алашаңқай арқылы - 11,8 млн. тонна мұнай тасымалданды. Ақтау порты арқылы 6,3 млн. тонна мұнай жөнелтілді. Теміржол арқылы да 9 млн. тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік болды. Өткен жылы тауарлық газды өндіру көлемі 22,6 млрд. текше метрді немесе 2012 жылдың деңгейімен салыстырғанда 104 пайызды құрады. Қазақстан өңірлерінің газды тұтыну көлемі 11 млрд. текше метрге жетті, жылдық өсімі - 4 пайыз. Газ экспортының көлемі 8,6 млрд. текше метрге жетті. Бұл өткен жылғы деңгеймен бірдей. Республика аумағы арқылы 99 млрд. текше метр газ транзиті жүзеге асырылды.

Сейсенбі күні өткен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісіне де өзі қатысқан Премьер-Министр бұл саладағы жұмыстарда ілгерілеушілік бар екендігін атап өткенімен, кемшіліктерді те тізбектеп берді. «Мемлекет басшысының  2012 жылдың басындағы Астанада заманауи онкологиялық орталық салу тапсырмасын орындау созылып кетті. Денсаулық сақтау министріне сәйкесінше ақпарат пен аталған тапсырманың орындалуы бойынша ұсыныс дайындауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы Салидат Қайырбековаға қарата.

Сондай-ақ Премьер-Министр кейбір ауруханаларда тегін медициналық қызмет түрлерінің өзі ақылы болып отырғандығы турасында деректердің кездесетіндігін айтып, бұл кемшіліктерді жоюды ведомство алдына қатаң жүктеді. Иә, бұл саладағы кемшіліктердің Үкімет басшысының шамына тиер жөні де бар. Мәселен, ведомство басшысы С.Қайырбекованың сөзіне қарағанда, бірқатар өңірлердегі онкологиялық орталықтарда салаға «үш қайнаса сорпасы» қосылмайтын  адамдар басшылық етуде. Барлық жағдай жасалған медициналық мекемелердегі бірінші басшылардың менеджменті сын көтермейді. Білімді де білікті мейірбике дайындауы тиісті колледждердің кемшіліктері жетерлік. Бұған қоса, кейбір стационарларда дәрігерден бастық көп. Елімізде туберкулез де ушығып тұр. Еуропалық өңірдегі туберкулездің таралу деңгейі жоғары 18 елдің ішінде Қазақстан 7-ші орында, ал Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан әлемнің 144 елінің арасында 107-ші орында. Тіпті масқара болғанда, елордадағы балабақшалардың біріндегі тәрбиешіден туберкулездің ашық формасы анықталып отыр. Сондықтан да алқа мәжілісін қорытындылаған С.Ахметов министрлікке барлық облыстарда кардиохирургия орталықтарын құру, туберкулезбен күресте жұмыстарды жандандыру бағытында нақты тапсырмалар берді.

Сәрсенбінің сәтінде Төтенше жағдайлар министрлігіне келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ведомство басшысы Владимир Божконың өткен жылғы атқарған жұмысына оң шырай танытты. Сондай-ақ ведомство алдына нақты міндеттер де жүктеді. Мәселен, Б.Сағынтаев қыс басталмай тұрып, мол қаржы жұмсалып, күрделі әрі ағымдық жөндеу жұмыстарынан өткен қазандықтардың аязға шыдас бермей апатты жағдайда тоқтап қалуына алаңдаушылық танытты «Біріншіден, азаматтарды төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз ету қажет. Ағымдағы жылу маусымы басталғаннан бері ғана Қарағанды мен Павлодар облыстарында қазандықтар 40 мәрте апатты жағдайда тоқтады. Қазіргі уақытта қатты аяз болып тұрғанын ескерсек, жөндеу жұмыстарын жүргізу сапасына баса назар аударып, сондай-ақ қазандықтардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі әзірлеуге кірісу қажет», - деді ол. Бірінші вице-премьерді алаңдатқан келесі мәселе 6 миллионнан астам халық тұратын Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аудандардағы су тасқыны қаупі болды. «Еліміз су тасқыны қаупі жағынан ТМД бойынша алғашқы орындарда тұр. Бізде 5 мыңнан астам су тасқыны ошағы бар. Оның 1200-і 150 елді мекенге тікелей қауіп төндіреді», - деді Б.Сағынтаев.

Жалпы, түйгеніміз, бұл министрлік те өткен жылы аз жұмыс атқарған жоқ. Төтенше жағдайлар мамандары 6748 адамды құтқарып, қауіпті аймақтардан 6651 адамды қауіпсіз жерге көшірді, зардап шеккен 3667 адамға көмек көрсетті. Өрт қауіпсіздігі саласындағы рұқсат беру құжаттарының санын 8 есеге азайтып, тексерулерді 46 пайызға төмендетті. Қолайсыз ауа райы, жолдардың жабылуы, мектептерде сабақтың болмайтыны туралы 35,5 млн. абонентті дер уақытында құлақтандырды.

Есте болса, таяуда ғана Үкімет отырысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспаналардың шаршы метрі 10 мың теңгеге қымбаттайтындығы белгілі болған еді. Ал ендігі уақытта бұл бағдарлама аясында салынатын тұрғын үйлер құнының шарықтауына жол берілмейді. Кеше Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан Үкімет басшысы Серік Ахметов мұны қатаң ескертті. Алқа отырысында сөз алған  Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталовтың айтуынша, өңірдегі ірі құрылыс компаниялары мемлекеттік бағдарлама аясындағы тұрғын үй құрылысына қатысудан бас тартуда. Өйткені, қазіргі таңда облыста баспананың 1 шаршы метрі 80-90 мың теңге төңірегінде бағалануда. Ал құрылысшылар өздерінің барлық шығындарын жабу үшін 1 шаршы метр 122-127 мың теңгеден төмен болмауы тиіс деп есептеуде. Осы орайда С.Ахметов қазіргі қолданысқа енген лимиттің бұдан ары арттырылмайтын баса айтты. «Біз таяуда ғана қиын болғандығына қарамастан шешім қабылдап, 1 шаршы метрдің бағасын 10 мың теңгеге көтердік. Бірақ біз одан ары көтере алмаймыз. Адамдардың табысы бұлай жылдам өспейді»,-  деді ол. Сондай-ақ министрлік жұмысына оң бағасын берген Премьер-Министр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесіне салғырт қарайтын, бөлінген қаржыны игеруге қауқарсыз әкімдерге қатаң бақылау жүргізуді Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке тапсыра келе, облыс әкімдеріне ондай басшыларды қызметінен алып тасау қажеттігін де баса ескертті. «Қаржыны игермеген аудан, қала әкімдерін жұмысынан алып тастаңдар. Бұл облыс әкімдеріне берілген тапсырма. Егер әкім мұндай мәселелерді шеше алмаса, онда ол немен айналыспақ?», - деді Үкімет басшысы.

Ал бүгін Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, оған бұл жолы Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Ол министр Аслан Сәрінжіповтің өзі басқаратын ведомстводағы кемшіліктерді ашық айтқандығына ризашылық таныта келе нақты тапсырмалар да берді. «2007 жылы Мемлекет басшысы 2008 жылдың соңына дейін елордада Ұлттық биотехнологиялық орталықты салуды тапсырған еді. Тапсырманың орындалу мерзімі бірнеше мәрте ауыстырылды. Нысан құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ағымдағы жылы орталықта пайдалануға беру бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді Г.Әбдіқалықова Білім министріне қарата. Сондай-ақ ол электронды оқыту бағдарламасындағы негізгі кемшіліктерді атай келе оны әзірлеу жұмыстарын аяқтап, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін электронды оқытуды дамыту тұжырымдамасының жобасын Үкімет қарауына енгізуді қатаң тапсырды.

Өз кезегінде А.Сәрінжіпов орта және жоғары білім саласындағы жетістіктерді де, кемшіліктерді де жасырмай айтып, ғылым саласының алдында тұрған нақты міндеттерге де кеңінен тоқталды. Оның атап өтуінше, ғылым саласы нақты үш бағытта дамытылатын болады. Біріншіден, ғылыми-зерттеу институттарында алқалық органдар құрылады. Екіншіден 2014 жылдан бастап  ғылыми ұйымдарға гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында  PhD докторларын дайындау мүмкіндігі беріледі. Үшіншіден, бірқатар ЖОО-лар мен ғылыми зерттеу институттары, ұлттық және инженерлік зертханалар заманауи ғылыми құрал-жабдықтармен және материалдармен жабдықталады
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе